Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 18 желтоқсан күні таңғы сағат 10:24 кезінде «101» пультіне Медеу ауданы, Ахмедсафин көшесінде орналасқан № 8-үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түсті.
«Оқиға орнына 6 минутта жеткен өрт сөндірушілер, үйдің шатыры мен төбе жабындысының жанып жатқанын анықтады. Жалын 120 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт 23 минут ішінде оқшауланып, 11:15-те толығымен жойылды. Өртпен күрес мамандары көрші тұрғын үйді өрттен қорғап қалды. Өртті жоюға ТЖД құрамынан - 30 қызметкер, 6 бірлік техника және қаланың өзара іс-қимыл қызметі жұмылдырылды»,- деп хабарлады Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомство мәліметінше, «Буран-240» экипажының патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Бағдат Бақытжанұлы Әшеков пен ЖМК № 10 станциясының фельдшері Тахир Руземов өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін, өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, жанып жатқан үйден аяғының жарақатына байланысты (отадан кейінгі жағдайы) үй-жайдан өз бетінше шыға алмай отырған 31 жастағы әйелді құтқарды.