«Болашақ» бағдарламасы керек пе? Керек емес дейтіндер оны «ғылыми туризм» деп мысқылдап, бүгінде елімізде өткір тұрған кадр тапшылығын шешуде дәрменсізді-гін сынайды. Депутаттардың дені қыруар ақша далаға кетуде деп санайды, сондықтан да оны жауып, балама жоба ойлап табу қажет. Ал министрлік оның кемшілігін мо-йындап, бағдарламаны оңтайландыруға, жетілдіре түсуге шақырады. «Болашақтың» баспалдағы «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылдың 5 қарашасында іске қосылды. Халықаралық стипендияның алғашқы қарлығаштары 187 адам 1994 жылы сапарға аттаныпты. Содан бергі уақытта түрлі ұйымдық өзгерістерге ұшырағанымен, бағдарламаның түлектер қатары тек артумен келеді. Араға жылдар салып, 2005 жылы стипендиат саны 3000-ға дейін ұлғайтылған. 2008 жылы тағылымдама бағдарламалары енгізілген болса, 2011 жылы бакалавриат бағдарламасының күші жойылған. 2014-2016 жылдар арасында «6+6» нысаны бойынша тілдік дайындық енгізіліп, IELTS бойынша шет тілін білуге қойылатын талап 3.0-ден 5.0-ге дейін қатайтылған. Әлемнің 100 үздік ЖОО-да білім алуға мүмкіндік беретін Split PhD ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа жүйесі іске қосылған. Ал 2017-2018 жылдары GPA дипломның орташа балына қойылатын талап 3.0-ден 3.3-ке дейін, IELTS қойылатын талап 5.0-ден 5.5 дейін күшейтілді. ЖОО-лар тізімі ТОП-70 жоғары оқу орындарына дейін оңтайландырылды. Өңірлерде 3 жылға дейін, республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 5 жылға дейін еңбекпен өтеу мерзімін қысқартумен, «орталық-өңір» үлгісі бойынша еңбекпен өтеу енгізілді. 2019-2020 жылдары «Болашақ» стипендиясын жаңғырту қолға алынып, ЖОО-дан шартсыз шақыру қағазының болуы талап етілді. Үміткерлердің квоталық санаттары жойылып, тілдік курстар тек ауылдық жерден шыққан үміткерлер үшін қалдырылды.
«Білім мен ғылым – кез келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші. Бұл орайда адами капиталды арттырып, ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін бірегей жоба – «Болашақ» стипендиясының рөлі зор. Халықаралық бағдарлама жүзеге асырылып келе жатқан 29 жыл ішінде 11 800-ден астам қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған түлектер еліміздің өсіп-өркендеуі жолында қызмет етіп жатыр. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» стипендиясының транформациясы жүргізілді. Бағдарлама мамандықтарының тізімі сұранысқа қарай жаңартылған. Техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 60 пайызға дейін ұлғайтылды», – дейді Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.Мың тұлпардың жүз жүйрігі қайда? «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, «Болашақтың» бары мен жоғын түгендеген Мәжіліс депутаттары болды. Шу Үкімет сағатында Әлеуметтік кодекс жобасын талқылау барысында Мәжілістен шықты. Депутат Айгүл Жұмабаева аты дардай халықаралық стипендияның елге тигізіп жатқан пайдасына күмән келтірді. Жұмыс істеп жатқанына 29 жыл болса да, ол Қазақстандағы жұмыс берушілер шетелден мамандар тартуды жалғастырып жатқанын ашына атап өтті.
«Әлеуметтік кодекс жобасында сыртқы көші-қонға қатысты жаңа тәсілдерді жүзеге асыру көзделген. Сонымен қоса, Қазақстанға шетелдік ғалымдар мен басқа да тапшы мамандықтар бойынша мамандарды тарту үшін жаңадан «Ашық Қазақстан» тұжырымдамасының жобасы дайындалған. Сонда салық төлеушілердің қыруар қаржысы жұмсалып жатқан «Болашақ» бағдарламасынан не қайыр? Онда бір студентінің бір жылдық оқуының құны шамамен 35 миллион теңгені құрайды. Ал елімізде халықаралық дәрежедегі мамандар тапшы. Сонда мыңға жуық «Болашақ» түлегінің арасынан қажетті 200 маман табылмай, мемлекет тағы да жалақысы қазақстандықтардан бірнеше есе жоғары шетелдіктерді тартуға мәжбүр болса, бұл бағдарламаның тиімділігі мен пайдасы туралы мәселе көтеретін кез келген шығар?» – деді Айгүл Жұмабаева.Сол жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдіктерді жұмысқа алу жүйесін қайта қарауға уәде берді. Ал депутаттың сөзін қалың көпшілік іліп әкетіп, әлеуметтік желіде қызу талқылады. Шындығында, халықаралық бағдарлама өз өзектілігін жоғалтып келе жатқанын аңғартса керек. Әрі халықтың пікірінен әлеуметтік жіктің де сыңайы аңғарылады. Отыз жылдағы мыңнан тұлпардың осынау қиын кезеңде жүзден жүйрігі шықпай тұрғаны ащы да болса уақыт шындығы. Ендеше жақтаушы тараптың да уәжін тыңдап көрелік. Бағдарлама әлі де жетілдіріледі
Бұл мәселені өткен жұма күні «AMANAT» партиясының Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова да қозғаған болатын. Кеңес төрағасының сұрағына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің өзі жауап берді. Депутат: «Сіз кезінде осы «Болашақ» бағдарламасының қалыптасып, дамуына еңбек еттіңіз. Оның концептуалды негізін қалаған азаматтардың бірісіз. Ендеше нақты айтыңызшы, «Болашақ» Қазақстанға дәл қазіргі экономиканы дамытуға қажет пе?» деген сұрақ қойды. «Болашақ» бағдарламасының трагедиясы екі үлкен мәселеден тұрады. Біріншісі, ол – біздің экономиканың құрылымы. Өкінішке қарай, біздің экономиканың құрылымы өте дара, қарапайым, яки күрделі емес. Мәселен, Рикардо Хаусманның The Atlas economic complexity деген моделі бар. Онда экономиканың өте күрделі болуы керек екені айтылады. «Боингті» жасау үшін Америка экономикасының құрылымында кемінде 400 сала жұмылдырылады. Сол сияқты бізде де сондай болу керек. Енді трагедия неде? Біздің балалар барады, оқиды. Олар басқа экономиканың құрылымының талабына сай білім алады. Ал қайтып келгенде ол білімге біздің елде сұраныс жоқ. Міне, бұл бірінші мәселе болса, екінші трагедия: басында бізден барғандардың көпшілігі бакалавриат болғандығында. Оның үстіне, олардың көпшілігі, яки 65 пайызына дейін гуманитарлық мамандықтарға барды. Инженерлік-техникалық мамандықтар өте аз оқыды. Әлі күнге дейін солай. Ал экономиканы көтеру үшін, зауыт салу, инфрақұрылымдарды көтеру үшін көбінесе инженерлік мамандықтар керек. Міне, осы кемшіліктерді түзеу керек», – дейді министр.Саясат Нұрбекұлының айтуынша, «Болашақ» жемісін беруі үшін әуелі стипендиаттар осында білім алып, мамандығы бойынша жұмыс істеп, сосын ғана шетелге оқуға баруы керек екен. Онда да оқуды бітірген соң сол жақта да кемі бір-екі жыл жұмыс істеуі қажет. Міне, осы төрт компонент орындалса, онда халықаралық бағдарлама нәтижелі болмақ. Ал бізде көпшілігі бакалаврға бірден сол жаққа оқуға түсті де, қалған талаптар қалыс қалды. Қайтып келгенде тағы да алған теориялық біліміне мұқтаждық жоқ, жергілікті білімі мен тәжірибесі тағы жоқ, оқып-тоқығаны уақыт өте ескіріп кетті.
«Болашақ» бағдарламасының пайдасы бар, бірақ мәселе оны оңтайландыруда. Мен осы модельді осыдан он жыл бұрын жазғанмын. Бір адам бір саланы өзгерте алмайды. Ол саланы өзгерту үшін топпен бару керек. Бакалаврлар, магистрлер және PhD докторлар. Өйткені Қытай, Оңтүстік Корея осылай жасайды. Сондықтан да модель өзгеруі керек. Мен қазір Республикалық комиссияның трансформациясын жасап жатырмын. Ол бекіген жағдайда осыны қолға алу қажет», – деді ҒЖБ министрі. Ведомство басшысының сөзін «Болашақ» түлектері де қолдап отыр. Солардың бірі «Әкелер одағының» РҚБ төрағасы Мақсұтбек Аймағамбетов: «Шетелге жіберетіндердің біліктілігін де дұрыстап сараптау қажет. Өйткені IELTS немесе TOELF дәрежесі 8-9 бола тұра, ағылшын тілі мамандығына баратындар бар. Оларға мемлекеттің ақшасын текке шашып, білетінін басынан бастап оқып не керегі бар. Кәсіби спортшылар туралы да осыны айтуға болады», – дейді.Ал келесі бір «болашақтықтың» пікірінше, еліміздегі білім сапасын халықаралық деңгеймен ұштастыратын, осы жолда қалыптасқан мектептен бас тартуға болмайды.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған мамандар бола тұра, шетелден кадр тарту мәселесіне біржақты көзқарастың айтылғаны өкінішті. «Болашақ» бағдарламасы – өңірлік жоғары оқу орнында оқып жүріп, одан да биік сапаға ұмтылуға болатынын, шет тілінде ғылыми еңбек жазу мүмкін екенін, мемлекеттің талантты жастарға қолдау білдіретінін көрсеткен, одан әрі дамуға ынталандырған бірден бір құрал. Шындығында, еңбек нарығында мамандардың жетіспеушілігі, шетелдік кадрларды тарту мәселелері жан-жақты зерттеуге сұранып тұр. «Болашақ» бағдарламасының экономикалық әсеріне келер болсақ, оны бірнеше адамның нәтижесімен өлшеуге болмайтыны анық. Сондықтан оны өлшеудің бір ғана шешімі бар. Бағдарламаны тағы да зерттеу қажет. Бағдарламаның түрлі аспектілерін зерттеуді жалғастыру керек», – дейді А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.Қалай болғанда да «Болашақтың» болашағы бұлыңғыр емес екені анық. Бірақ отыз жылда қордаланған мәселелер мен жұмсалған қыруар қаржы астарында оның өткені бұлыңғыр боп қалып тұрғаны өкінішті. Ендеше халықаралық стипендияның етек-жеңін жинайтын уақыт келді.