Өрт салғырттықты кешірмейді
Өрт салғырттықты кешірмейді
643
оқылды
Апат айтып келмейді. Әсіресе, тілсіз жаудың төтеннен тап беріп, қайғы жамылтып кететіні бар. Жыл басынан бері Жамбыл облысы аумағындағы жеке тұрғын үй секторында 468 өрт шықса, одан 5 адам зардап шегіп, 2 адам қаза тапқан. Материалдық шығын 79 миллион 165 мың теңгені құраған. Мұндай жаға ұстататын көрсеткіштің тіркелуіне не себеп? Адамдардың салғырттығы ма әлде алдын алу шараларының тиісті деңгейде жүргізілмеуі ме? Естеріңізде болса, былтыр Жаңатас қаласында бір отба­сының бес баласы бірдей өрттен ажал құшқан еді. Дүкенге кеткен анасы қайтып ораламын дегенше үйден өрт шығып, түтінге бесікте жатқан балаға дейін тұншығып қалған. Бұл оқиға тұтас халықтың қабырғасын қайыстырып, өрттің шығуына қа­тысты түрлі бол­жам­дар айтылған. Тіпті, көпқабатты үйде жылу бол­май, отбасының жылу плитасын тұтынғаны да ай­тылды. Алайда кейіннен құ­зырлы органдар өрт бала ойнап отырған шырпыдан тұтанып, көр­пеге тигеннен кейін­нен жа­лын пайда болған деген ресми мәлімдеме жасады. Осы оқи­ға көпке сабақ болғандай кө­рінген еді. Алайда желтоқсан айы­ның басында Шу ауданында тағы екі нәресте отқа тірідей жанып кет­ті. 2 желтоқсан күні түнде жеке тұр­ғын үйден өрт шығып, оқиға орнына жеткен құтқарушылар 2017 және 2020 жылы туған екі ба­ланың мәйітін тапты. Ке­йін­нен анасы екі баласын сыртынан жауып, өзі туған күнге кетіп қал­ғаны белгілі болды. Осылайша, туған күн кешінен үйі­не оралған ана екі баласынан айы­рылып, зарлап қалды. Облыстық Тө­тенше жағдайлар департаменті 22 қазан күні жүргізілген рейд барысында аталған тұрғын үйге барып, өрт қауіпсіздігі ереже­лерін түсіндіргендерін мәлімдеді. Қазір аталған қайғылы оқиғаға қатыс­ты қылмыстық іс қозға­лып, тер­геу амалдары жүргізіліп жатыр. Жалпы, күз кезіндегі өрт оқи­ғаларының жиілеуі еріксіз ойға қалдырады. Мәселен, 18 қыр­күйек күні Тараз қаласындағы «Шөлдала» иіні, «Юбилейный» саяжай алқа­бындағы Вишневая көшесіндегі жеке тұрғын үй сек­торының газ құбырынан шығып тұрған темірге 8 жастағы жасөс­пірім құлап, көз жұмған. Бұл оқи­ғада да бала ата-анасының қарауынсыз қалып, ажал құшып отыр. 22 қазанда Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы көпқа­батты үйден өрт шығып, 4 және 10 жас­тағы екі бала түтінге ула­нып, ау­руханаға түскен. Абырой болғанда дәрігерлер дер кезінде көмек көр­сетіп, балаларды аман алып қал­ды. Мұнда да ата-ана­ның бала­ларды қараусыз қал­дырғаны белгілі болды. 15 қарашада Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылы маңындағы жасанды су айдынынан 10 жас­тағы баланың өлі денесі табылды. Кейіннен белгілі болғаны бұл жағ­дайда да жасөспірім ересек­тердің қарауынсыз қалып кеткен екен. Былтыр Меркі ауда­нын­да бір отбасы тұтастай газдан уланып, екеуі қаза тапты. Тек­се­ріс анық­тағаны, газдың құбы­ры­нан ақау шығып, ұйқыда жат­­қан отбасы мү­шелері оны сез­­беген. Құтқару­шылар үш адам­ның өмірін сақтап қалға­нымен, екеуі тіл қатпастан көз жұмған. Жоғарыда аталған қайғылы оқиғалардың бірі адамдардың немқұрайлығынан болса, енді екіншісінде құбырдан шық­қан ақау ажалға әкелуде. Мұн­дайда енді қайтпек керек? Об­лыстық Төтенше жағдайлар де­парта­ментінің бас­пасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, ме­кеме жеке тұрғын үй секторына тұрақты және әртүрлі профи­лактикалық шаралар жүр­гізіледі. Биыл құ­зыр­лы орган өкіл­дері тұрғын үй­лерге 1 921 улы газды ерте анық­­тау қондырғысын ор­на­тып­ты. Соған қарамастан ­қай­ғылы оқиғалардың саны азай­май тұр.
– Жылыту пештерінен шық­қан түтінге улану жағдайларының 70 пайызы мұржаның талапқа сай болмауынан немесе дұрыс жұмыс істемеуінен болады. Қай­ғылы жағдайларға жол бермеу үшін тұрғындар қырағы болып, сақтық ережелерін есте сақ­тағандары жөн. Біріншіден, үйге өздігінен газ тартуға, газ жаб­дығын орнатуға, газ құралдары мен тығын арматурасын ауыс­тыруға және жөндеуге тыйым салынады. Мұндай жұмыстарды білікті мамандар ғана ережелерге сай жүргізуі тиіс. Екіншіден, газ жабдықтарына техникалық қыз­мет көрсететін мамандар кір­піш­тен салынған мұржаларды тоқ­санына бір рет тазалауы міндетті. Ал әк пен цементтен жасалған және металл мұржаларды жы­лына бір рет жылыту кезеңінің алдында тазалап отырады. Бұдан бөлек, жылыту құралдарын қо­сардың алдында міндетті түрде мұржаның түтін тартуын тексеру керек. Жеке үй­лерде мұржа қа­тып қалмауы үшін қысқы уақытта оны орау қажет. Мұржаларда және су жылытқыш­тың түтін шығаратын құбырла­рын­да өз бетінше қосымша шиберлер орнатуға болмайды. Газ жабдықтарын немесе жы­лыту пештері орналасқан бөлме­лердің терезелерін түнгі уақытта жабық қалдырмаңыз, газ құралдары орнатылған жерді демалатын не­месе ұйықтайтын бөлме ретінде пай­даланбаған жөн, – дейді Тө­тенше жағдайлар департаментінің мамандары.
Әлбетте, «сақтансаң, сақ­тай­ды» деген. Сондықтан мамандар айтқан ережелерді жіті ескерген абзал. Күні кеше ғана Павлодар облысын­да тірідей жанып кеткен бір жасар нәрестеге қатысты оқи­ғада да бала­лардың үйде жал­ғыз қалып кетуі сеп болған. Өзге өңірлерде де орын алып жатқан өрт оқиғаларын ойла­саң, онда да ата-аналардың бала­лар­ды үйде жалғыз қалдырып кетуі қайғылы оқиғаға апаруда. Сол се­бепті ең бірінші бала қауіпсіздігін ойла­ғанымыз абзал. Төтенше жағдайлар депар­таменті мамандары улы газды ерте анықтайтын қондырғылар Үкімет тарапынан тегін орна­тылатынын айтып отыр. Демек, билік тарап­ы­нан қолдан келген шаралар жаса­луда. Енді тек өзі­мізге және жа­қын­дарымыздың өміріне жауапкер­шілікпен қа­рағанымыз жөн.

Жамбыл облысы