Бүгінде кәсіптің түрі көп. Алайда көпке таңсық тірлікті дөңгелетіп, одан нәсібін тауып отырғандар некен саяқ. Міне, сондай азаматтың бірі – Жамбыл облысы Жамбыл ауданының тумасы Тимур Исмазов. Дүнген ұлтты кәсіпкер жержаңғақтан табиғи паста өнімін шығарып жатыр. Негізі, мұндай өнім еліміз бойынша бірде-бір аймақта шығарылмайды. Сондықтан бұл Жамбыл ғана емес, тұтас республика бойынша теңдессіз жоба.
– Табиғи жержаңғақ пастасы еліміз бойынша бізде ғана шығарылады. Ал дамыған елдерде бұл өнім мектеп оқушыларының ас мәзіріне енгізілген. Жержаңғақ пастасы баланың ми қызметін, қан айналымын, іш құрылысы, бүйрек пен бауыр жұмысын жақсартады. Сондай-ақ холестеринді төмендетуге, қант диабеті және қан қысымы ауруларының алдын алуға таптырмас дүние. Америкалықтар жержаңғақ пастасын екінші нан ретінде тұтынады. Ал бізде «Бұл не нәрсе?» деп жұрт таңырқай қарайды. Сондықтан қазір біз халықты өнімге үйретудеміз. Кейін мектеп оқушыларының ас мәзіріне енгізсек те ұтарымыз көп болады, – дейді кәсіпкер.Негізі, Тимур өнімін шағын ғана цехта шығарып жатыр. Жержаңғақ алдымен арнайы құрылғыда қуырылып, одан кейін қабығынан ажыратылады. Соңында ұнтақтағыш аппаратқа түсіп, өз бойынан шыққан майымен қоймалжың сұйықтыққа айналады. Осыдан кейін оған қант пен бал қосылып, арнайы пластик құтыларға құйылады. Жұмыс процесі автоматтандырылған. Құрал-жабдықтар қарапайым станоктардан құралғанымен, өнім дайындауда ұқыптылық пен тазалық қажет. Сонда ғана сапалы өнім шығады. Кәсіпкер шикізат ретінде жержаңғақты «Ауыл-Береке» базарынан сатып алуда. Ал түрлі көлемдегі пластик құтыларды Өзбекстан елінен алдыртады. «Табиғи жержаңғақ пастасы» деп жазылған жапсырма қағазын баспа орталықтарынан тапсырыспен шығартады.
– Қазір көпшілік менен неге осы таңсық кәсіп түрін таңдағанымды сұрап жатады. Тіпті, «елдің көзі үйреніп қалған, сұранысы да жоғары басқа бір өнім шығармадың ба?» деп ақыл айтып жатқандар да аз емес. Алайда елімізді екі жылдан аса уақыт жайлаған коронавирус індеті адам иммунитетінің қаншалықты әлсіз екенін көрсетіп берді. Сондықтан адам иммунитетін көтеретін осындай пайдалы өнім шығаруға бел будым. Ал жаңғақ пастасының адам денсаулығына тигізер пайдасы көп екенін дамыған елдердің ғалымдары әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мен біраз жыл америкалық кәсіпкерлермен жұмыс істедім. Солар осы кәсіп түрінің қыр-сырын үйретті. Істі бастауым үшін алғашқыда өз құрал-жабдықтарын беріп, жұмыс барысын да түсіндірді. Кейіннен облыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының қолдауымен арнайы конкурстарға қатысып, 5 миллион теңге несие рәсімдеп, жаңа құрал-жабдықтарды Қытай мемлекетінен сатып алдым. Қазір цехтан шыққан өнімді Тараз бен Алматы қаласындағы сауда орындарына өткізіп жатырмыз, – дейді Тимур.Егер сұраныс болса кәсіпкер цехта сағатына 100 келі өнім шығаруға дайын. Ал мектеп, аурухана сынды әлеуметтік мекемелердің ас мәзіріне енгізсе, кәсіпорнын кеңейту де жоспарында бар. Тимурдың айтуынша, бұдан былай ол пастасына қажетті жержаңғақты Өзбекстан елінен алдырмақшы екен. Себебі онда жержаңғақтың 1 келісі 100-150 теңге тұратын болса, біздің елде 300-400 теңгеден сатылады. Десе де, кәсіпкер егер өңірдің шаруалары жержаңғақ өсіруге қызығушылық танытса, олармен келісімшартқа отыруға дайын екенін айтады. Иә, Тимурдай азаматтың кәсібіне тек қолдау көрсету қажет. Себебі өңір ғана емес, еліміз бойынша баламасы жоқ бизнес түрін бастауға үлкен тәуекел керек. Сондықтан алдағы уақытта табиғи жержаңғақ пастасына сұраныс артып, күнделікті тұрмысымызда тұтынатын күн туады деп сенеміз. Ол үшін жергілікті билік те, өңір шаруалары да кәсіпкерге қолғабыс етеді деген үміт мол.
Жамбыл облысы