Филиал басшысы сайланды
Филиал басшысы сайланды
399
оқылды
Бүгін Петропавлда «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXXIV конференциясы өтіп, онда партия ұымының биылғы жұмысы қорытындыланды. Сондай-ақ филиал басшысы сайланды. Конференция барысында партия филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының және Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты жанындағы фракциясының биылғы жұмысын қорытындылап, алда тұрған міндеттерге тоқталды. Баяндамашы атап көрсеткеніндей, биыл ауызды толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыс атқарылған. Мәселен, қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түскен өтініштердің жартысына жуығы оң шешімін тапқан. Бұрын адамдар қоғамдық қабылдауды іздеп келетін болса, енді қоғамдық қабылдау өкілдері халық арасына өзі баратын болғаны да оң өзгерістердің бірі. Мобильді қоғамдық қабылдау биылдыққа қырықтан астам ауылдық елді-мекенді аралапты.
«Тұрғын үй мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Тұрғын үйді пайдалануға беруде өсім 100,4 пайызды құрады, 176,7 мың шаршы метр баспана салынды. Биыл 663 шақырым жол жөнделуде, көшелер асфальтталуда, кентаралық жолдар қалпына келтірілуде. Қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 81%-ға дейін жеткізілді. Облысты сумен жабдықтауға және су бұруға 12,3 млрд. теңге бағытталды. 55 елді мекенде сумен жабдықтау нысандары салынып, қайта жаңғыртылды», - деді партия филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова.
Пайдаланылмайтын және заңды бұза отырып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмыс өз нәтижесін беруде. Мәселен, осы бағыттағы кешенді жұмыстың арқасында облыс бойынша 276,6 мың га жер қайтарылды, соның ішінде жайылым – 233,9 мың га, егістік – 23,2 мың га. Конференция жұмысына қатысқан «AMANAT» партиясының хатшысы Жігер Қалиев тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін партияның рөлін арттыру және бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту бойынша 2023 жылға арналған міндеттерге тоқталды. Конференция соңында делегаттар партия филиалының жаңа төрағасын сайлады. Филиалдың Саяси кеңесі мүшесі, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин атқарушы хатшы Әсем Рахметованың кандидатурасын ұсынып, делегаттар оны бірауыздан қолдады. Өз кезегінде Әсем Қалашбайқызы жиылған қауымға өзіне білдірілген сенім үшін алғысын жеткізіп, жүктелген үміттерді ақтауға және барлық күш-жігерін партиялық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға бағыттауға уәде берді.