Алматы-Екатеринбург тасжолында көлік қарсы бағытқа шығып, үш адам қайтыс болды, – деп хабарлайды Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға Алматы облысының аумағында болған.
«21 желтоқсан күні сағат 21.00 шамасында «Тойота-Прадо» автокөлігінің 41 жастағы жүргізушісі «Алматы-Екатеринбург» автожолымен солтүстік бағытта жүріп келе жатып, 90-шақырымда қарсы қозғалыс жолағына шығып, алдынан шыққан «Тойота Авенсис» автокөлігіне соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші де оқиға орнында көз жұмды»,– делінген хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, сондай-ақ 27 жастағы жолаушы Қаскелең қалалық ауруханасының реанимация бөлімшесінде екі сағаттан кейін қайтыс болған.
«Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелді. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды»,– деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.