Шағын және орта бизнес қашан да ел экономикасының қозғаушы күші болып қала береді. Демек, дамуға бет алған мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдағаны абзал. Президент жеке кәсіппен еркін айналысуға ешқандай кедергі мен шектеу болмайтынын айтты. Бизнесті негізсіз тексеруді тыйым салынған. Кәсіпкерлер тек қана салық органдарының алдында ғана есеп береді. Сәйкесінше, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі жасағандардың бәрі заңға сай жауапқа тартылады. Осы орайда еліміздегі кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғау мәселелері төңірегінде Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевпен осы жөнінде сұхбаттасқан едік. Бизнесті тексеру 8 есе азайды– Жандос Жәнібекұлы, сұхбатымызды көпшілікті толғандыратын бизнесті қорғау мәселесінен бастағым келіп отыр. Жеке кәсіппен табыс тапқысы келетіндерге қысым азайды ма?
– Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бизнесті, кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту, бизнес субъектілерін қылмыстық шеңберге негізсіз тарту фактілерінің жолын кесу, саланы цифрландыру және автоматтандыру бағыттарында жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, тексерулерді 8 есеге қысқарттық. 2016 жылы бизнес нысандарға 246 мың тексеру жүргізілген болса, 2020 жылдың 10 айы ішінде небәрі 29 мың ғана тексеру жүргізілді.
Бұл орайда жоспарлы тексерулерді алып тастадық. Тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіліп, тексерулер тек жоғары тәуекел дәрежесі бар субъектілерге ғана жүргізілді. Тексерістердің бәрі автоматтандырылған, олар прокуратураның цифрлық жүйесінде қалыптастырылады.
Сондай-ақ бақылау шараларының азаюына жоспардан тыс тексерулер жүргізу негіздерін қатаңдату да себеп болды. Бүгінде олар тек нақты фактілер бойынша және нақты тұлғаларға қатысты тағайындалады.
Сонымен қатар бар күшімізді қылмыстық процесте бизнесті қорғауға жұмсадық. Дәл осы салада кәсіпкерлер ең қатал қысымды сезінеді. Шоттарды, мүліктерді бұғаттау, тінту және тәркілеу жүргізу көбінесе кәсіпорындарды банкротқа ұшыратуы мүмкін. Бұдан бизнес едәуір зардап шегеді және инвестиция көлемі азаяды.
Сондықтан бизнесті қылмыстық қудалауға негізсіз тартуды барынша азайту шараларына баса назар аударылды. Бірлескен жұмыстың арқасында кәсіпкерлер үшін институционалдық ортаны жақсартуға бағытталған шаралардың легін қабылдадық.
Мұнда тек құқық қолдану мәселесі ғана емес, заңдардың өзі де өзгерді.
Сол арқылы кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс 6 есе азайды. 2016 жылы кәсіпкерлерге қатысты 5 мың қылмыстық іс қозғалған болса, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында олардың көлемі 790-ға дейін кеміді.
– Кәсіпкерлерге жасалатын қысымды азайтуға қалай жол жеткіздіңіздер? Бұл бағытта қандай шараларды қолға алдыңыздар?
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде 32 экономикалық құрам ізгілендірілді. Қылмыстық кодекстің 28 бабы бойынша қылмыстық жазалар жеңілдетілді (баламалы түрлері енгізілді), 29 құрам бойынша (Экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша) бизнесті бұғаттауға тыйым салынды, 10 құрам бойынша залалды толық өтеу кезінде қылмыстық қудалау органының адамды қылмыстық жауаптылықтан босату міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітті, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін талаптарды қатаңдатты.
Мұның бәрі бизнеске қатысты қылмыстық істерді 6 есе, қамауға алынғандар санын 2,5 есе қысқартуға мүмкіндік берді. Қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Бұл прокурорларға кәсіпкерлерді қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеді.
Биыл прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының 22 кәсіпкерді күдікті деп тану туралы қаулысын келісуден бас тартты.
Жаңа нұсқаудың нәтижесі байқалады– Кәсіпкерлер өздерін құқықтық тұрғыдан қорғалған деп санау үшін осы шаралар жеткілікті ме? Әлде жоспарда басқа да шаралар бар ма?
– Биыл 2 қыркүйекте Бас Прокурор қылмыстық қудалаудың барлық органына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін егжей-тегжейлі регламенттейтін нұсқау жіберді.
Бұл құжат көптеген кәсіпкер үшін тергеу органдарының негізсіз қудалауынан қорғайды. Өйткені бұл нұсқау азаматтық процестің барлық мүмкіндіктері аяқталғанша істі бастауға тыйым салады. Құқық қорғау органдарының қылмыс туралы даусыз дәлелдер болған кезде және азаматтық даулар жойылған кезде сотқа дейінгі тергеулерге жүгінуі керек.
Сонымен қатар егер бизнесмен сотта дауласпаса, аудиторлық немесе салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша істерді бастауға тыйым салынды. Онда әкімшілік әділет жүйесі және мемлекеттік органның «кінәлілік презумпциясы» жұмыс істейді, онда аудитор өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеуі тиіс. Соңғы 2 жылда мемлекеттік аудиттің мерзімінен бұрын және негізсіз қорытындыларына байланысты 49 іс тоқтатылды. Қылмыстық қудалау органдарының штаттық мамандарының, криминалистерінің қорытындылары негізінде сотқа дейінгі тергеуді бастауға тыйым салынды.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің осындай қорытындылары бойынша 300-ден астам қылмыстық іс басталған болатын. Биыл оның саны – 96. Тізбек қарапайым – Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері өздерінің криминалистеріне сұраныстар жібереді. Ал олар алдын ала қорытындылардың «ыңғайлы» актілерін береді. Мұндай істердің алтыдан бірі тоқтатылады. Оларда қылмыс құрамы болмаған.
– Бас Прокурор қабылдаған бұл нұсқаудың алғашқы нәтижелері қандай?
– Жаңа талаптарды орындау оң нәтиже берді. Егер бұрын қылмыстардың экономикалық құрамы бойынша ай сайын кәсіпкерлерге қатысты 150-ге жуық іс тіркелсе, қазір олардың саны 2 есе азайды. 21 іс бойынша бизнеске заңсыз араласу фактілерінің жолы кесілді, прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тоқтатты.
Бас прокуратура бизнес субъектілеріне қатысты істер бойынша тұрақты қадағалау тетігін әзірледі. Биыл 5 қыркүйекте прокурорлардың функцияларын күшейтуге бағытталған қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру бойынша жаңа нұсқаулық қабылданды.
Прокурорларға кәсіпкерлерге қатысты әрбір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын бір тәулік мерзімде тексеру және бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтату міндеті жүктелген.
Болашақта прокурор тергеу барысынан шеттетілмей, әр 15 күн сайын тергеудің қарқындылығы мен заңдылығын тексеріп, оның толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді.
Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, прокурорларға заңсыз шешімдердің күшін жоюдан басқа, барлық кінәлі лауазымды адамдардың қылмыстық жауапкершілігіне дейінгі мәселені көтеру тапсырылды. Нұсқаулықтың мәтіні ашық дереккөздерде жарияланды, оның орындалуын біз тұрақты бақылаймыз. Қазірдің өзінде кәсіпкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру 4 есе қысқарды.
Кәсіпкерлер Qamqor-дың қамқорлығын сезінеді– Уәкілетті органдар тарапынан бизнеске қысым жасауды азайту бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– 2021 жылдан бастап прокурорлардың актілерімен 2 мыңнан астам заңсыз қолданылған тыйым салу-шектеу шарасының, 2,9 млрд теңгеге 37 мың әкімшілік іс жүргізудің күші жойылды. 1 500 лауазымды адам жауапкершілікке тартылды. Жалпы алғанда 267 мың кәсіпкердің құқы қорғалды.
Кәсіпкерлерге бақылау және қадағалау органдары тарапынан негізсіз тексерулер жүргізу фактілерінің жолын кесу үшін Qamqor мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Қосымшаның арқасында кәсіпкер алдағы уақытта болатын тексеру туралы хабарлама алып, ол басталғанға дейін оған тексерудің негізгі бағыттарымен таныса алады. Тексеру аяқталғаннан кейін кәсіпкер қосымша арқылы анықталған бұзушылықтар көрсетілетін тексеру нәтижесімен таныса алады. Бүгінде мобильді қосымшаны 110 мыңға жуық кәсіпкер пайдаланады.
Сонымен қатар бақылаушы органдар тарапынан әкімшілік қысымды төмендету мақсатында Бас прокуратураның сайтында жарты жылдық кестелер мен тексерулер жүргізу тізімдері орналастырылады. Бұл мәліметтер әрбір кәсіпкерге қолжетімді.
Прокуратура органдары тексерулерді тіркеу сатысында бас тартуды қолдану арқылы заңсыз тексерулер тағайындаудың жолын кесуге уәкілетті.
Биыл 9 айда 426 заңсыз тексерудің жолы кесілді. Ал егер мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерге қатысты заңсыз іс-әрекеттер жасалса, әрбір прокуратурада бұзушылықтардың жолын кесуге арналған Мобилдік топтар қызмет етеді.
– Бизнес қызметіне араласу деңгейін автоматтандырылған бағалау жүйесін енгізу бағыты бойынша қандай жұмыс жүргізілді?
– Бұл ел Президентінің қылмыстық және әкімшілік процестерге тартылған бизнес субъектілерінің статистикалық есепке алынуын жақсартуға қатысты тапсырмасына толық сәйкес келеді.
Бүгінге дейін ешкім қылмыстық қудалауға кәсіпкерлердің қаншасы тартылғанын нақты және дөп басып айта алмады. Статистика Қылмыстық кодекстің 8-тарауының есебінен ғана қалыптасты.
Қазірдің өзінде Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі (ЕРСОП) жобасын сәтті жүзеге асыра алдық. Соның арқасында біз бизнесті тексеру туралы барлық деректі көреміз. Ал заңсыз тексерулерді нысанға шыққанға дейін тоқтатамыз.
Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі және Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі модульдері де дәл осы қағида бойынша жұмыс істейді.
– Кәсіпкерлерге тексеруді қандай мемлекеттік органдар жүргізеді?
– Бүгінде мемлекеттік бақылауды 60-тан астам бақылау және қадағалау органы жүзеге асырады. Мемлекет басшысының бизнеске мемлекеттік реттеуді азайту мақсатында енгізген мораторийдің арқасында аталған мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер азайды.
Мораторий 2020 жыл мен 2022 жылдар аралығын қамтып, бизнесті қорғаудың тиімді құралдарына айналды.
– Сонда да бизнеске әртүрлі кедергі жасау фактілері туралы белгілі болып жатады. Осыған толығырақ тоқталсаңыз.
– Салық саласында камералдық бақылау хабарламаларына байланысты мәселе анықталды. Заң бойынша, камералдық хабарламамен келіспеген жағдайда, салық төлеуші түсіндірме береді, ал салық органы онымен келіседі немесе тексерулер тағайындайды.
Алайда салық төлеушілер түсіндірмелерді негізсіз қабылдамайды, шығыс операцияларын тоқтатады және банктік шоттарды бұғаттайды. Осылайша, іс жүзінде кәсіпкерлер хабарламаны мәжбүрлі түрде орындауға немесе сотқа баруға мәжбүр болады. Өткен жылдан бері соттар осындай 500-ге жуық талап қоюды қарады және 60 пайызында салық салушылардың хабарламаларды орындалмаған деп тану туралы шешімдері заңсыз деп танылды.
Біз бұл мәселені зерделеп, Үкіметке қадағалау актісін енгіздік. Соны қарау нәтижесі бойынша Қаржы министрлігі өз бөлімшелерін заңсыз шешімдер шығаруды тоқтатуға бағдарлады. Сондай-ақ бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Салық кодексіне өзгеріс енгізу мәселесін қарауда.
Мұндай мәселелер кез келген бизнестің жұмысына тұсау болады.
Сондықтан Әділет министрлігі мен Ұлттық Банктің алдына белгіленген мерзім өткеннен кейін алып тастау процесін автоматтандыру туралы мәселе қойылды.
Прокуратура қызметінің тиімділігін арттырады– Жуырда «Прокуратура туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осы заңда қандай жаңашылдық бар? Оның қоғамға, азаматтарға және бизнес саласына оң әсерін қалай байқаймыз?
– Президент өз Жолдауында заңдылықты күшейту үшін Прокуратура туралы Конституциялық заң қабылдауды ұсынған болатын. Осыған байланысты Конституциялық заң жобасы әзірленіп, биыл 5 қарашада оған Президент қол қойды. Ел тарихында прокуратура қызметі алғаш рет конституциялық заңмен реттелетін болды. Бұл – прокурорларға артылған жоғары сенім мен үлкен жауапкершілік.
Естеріңізге сала кетейін, біздің Ата заңда прокуратура қызметінің елдегі заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау, сотта мемлекет мүддесін білдіру; қылмыстық қудалауды жүзеге асыру сияқты бағыттары айқындалған.
Жаңа заң прокуратураның осы конституциялық өкілеттіктерін нақтылап, бір жүйеге келтірді. Сондай-ақ заңда азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді көздейтін кешенді мәселелер қамтылған.
Тексеру тағайындау негіздері, оны тағайындайтын прокурорлар, тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері айқындалды. Сондай-ақ Бас Прокурор заңдар немесе нормативтік-құқықтық актілер Конституцияға қайшы болса Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы берілді. Бас Прокурорға берілген бұл құзырет адам құқықтарын қорғау мен қалпына келтіру тиімділігін арттырады.
Заң прокуратура қызметінің сыртқы байланыс мәселесін де қамтиды. Яғни қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару бойынша халықаралық ынтымақтастықты үйлестіру прокуратураға жүктелді.
Монополистермен күрес жалғасады– Әлгінде өзіңіз айтқан, Бас Прокурор жетекшілік ететін Активтерді қайтару жөніндегі комиссия жұмысы аясында адал бизнес пен кәсіпкерді қорғау қалай жүргізіліп жатыр?
– Президент Жарлығымен құрылған Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия бес айдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Комиссия экономикалық ресурстарды шектеулі адамдардың қолында заңсыз шоғырландыруға ықпал еткен жағдайларды анықтауға басымдық береді.
Бүгінде Комиссия жекелеген адамдар үшін жасалған құжаттарды, шешімдер мен схемаларды анықтау және оларды жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Әрине, комиссияның барлық іс-әрекеті құқықтық нормаларға толық сай келгені маңызды. Құқық қорғау және мемлекеттік органдар адал бизнеске қатысты асыра сілтеуге, теріс пайдалануға, қысым көрсетуге және бөгет жасауға жол бермеуге міндетті. Комиссия жұмысы аясында прокуратура органдары бірқатар талдау және тексеру іс-шарасын жүргізді.
Кеден саласындағы тексеріс артықшылықтарды пайдалана отырып, импорттаушы 10 компанияның Қытай елінен тауарларды әкелу нарығын монополияға айналдырғаны анықталды. Бұл ретте кедендік төлемдерден жалтару үшін компаниялар әкелінетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмендетіп, мемлекетке 107 млрд теңгеден астам залал келтірді. Бүгінде қабылданған шаралардың нәтижесінде осы қаржының 57 млрд теңгесі өтелді.
Сонымен қатар бизнеске өкілетті адамдар тарапынан қысым жасауды төмендету бойынша да жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Жасыратыны жоқ бизнестің кейбір салалары қаржы-өнеркәсіптік топтардың қолына шоғырланған. Олар кәсіпкерлер үшін жоғары тарифтер белгілейді және ақылға сыймайтын шарттар қояды. «ЦТС» акционерлік қоғамының қызметі айқын мысал, оған «ҚТЖ» 600-ден астам теміржолды жасырын үлестірілген.
Саладағы монополияның дамуы тасымалдау қызметтері тарифтерінің 10 есе өсуіне әкелді. 4 мыңнан астам кәсіпкер жүк тасымалы үшін жоғары тарифтер төлеуге мәжбүр болған. Қабылданған шаралар арқылы кірме жолдар мемлекетке қайтарылды, тарифтер 13 есе төмендетілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Бас Прокурордың тікелей бақылауымен жалғаса береді. Рас бизнеске қолдау көрсету саласының өзінде көптеген мәселе бар. Оларды біз қыркүйек айында Бизнес өкілдерімен кездесу барысында талқыладық. Бизнесті қорғау бойынша бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспарына енгіздік.
Кәсіпкерлікті заңсыз тексерістен қорғап, оның дамуына тежеу болатын жайттарды анықтау жолында жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет жасауымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!