Бизнесті қорғау – өзекті мәселе
Бизнесті қорғау – өзекті мәселе
Кез келген елдің экономикасының қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Дамимын деген мемлекет кәсіпкерлікке кең жол ашады. Бізде қалай? Іскерлеріміз жұмысын алаңдамай істеп жүр ме? Күні кеше ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Басты міндет – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою. Кәсіпкерлер бизнеске жүргізілетін себепсіз тексерулерді біржолата ұмытуы қажет. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп береді. Мемлекет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады" деген болатын. Ендеше нақты ахуал қандай? ҚР Бас Прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиевпен осы жөнінде  сұхбаттасқан едік. Жандос Жәнібекұлы, сұхбатымызды көпшілікті толғандыратын сұрақтан бастағым келіп отыр. Жалпы, бүгінгі күні бизнестің қорғалуы қалай? Қысым азайды ма? – Қазіргі жаһандық сын-қатерлер мемлекет үшін де, кәсіпкерлер үшін де жаңа «ойын ережелерін» талап ететінін бәріміз түсінеміз. Еліміздің Президенті халыққа Жолдауында «Азамат–Бизнес–Мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгерту міндетін қойды. Бұл өз алдына бәрімізден мүлдем жаңа өзара қарым-қатынасты талап етеді.
Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бизнесті қорғау 3 негізгі бағытта жүргізілуде: - 1-бағыт – кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғау және әкімшілік кедергілерді қысқарту; - 2-бағыт – бизнес субъектілерін қылмыстық шеңберге негізсіз тарту фактілерінің жолын кесу; - 3-бағыт – осы салаларды цифрландыру және автоматтандыру.
Осы бағыттар бойынша жүйелі және дәйекті жұмыстар жүргізілуде. Белгілі бір нәтижелерге де жеттік. Ең алдымен, тексерулерді 8 есеге қысқарттық. 2016 жылы 246 мың тексеру жүргізілген болса, биылғы жылдың 10 айы ішінде небәрі 29 мың ғана тексеру жасалды. Алдымен, жоспарлы тексерулерді алып тастадық. Тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіліп, тексерулер тек жоғары тәуекел дәрежесі бар субъектілерге ғана жүргізіледі. Мұнда адами фактор болмайды, тексерулердің бәрі автоматтандырылған, олар прокуратураның цифрлық жүйесінде (ЕРСОП) қалыптастырылады. Сондай-ақ бақылау шараларының азаюына жоспардан тыс тексерулер жүргізу негіздерін қатаңдату да себеп болды. Бүгінде олар тек нақты фактілер бойынша және нақты тұлғаларға қатысты тағайындалады. Сонымен қатар бар күшімізді қылмыстық процесте бизнесті қорғауға жұмсадық. Дәл осы салада кәсіпкерлер ең қатал «қысымды» сезінеді. Шоттарды, мүліктерді бұғаттау, тінту және тәркілеу жүргізу көбінесе кәсіпорындардың банкроттығына әкеледі. Сайып келгенде, бизнес климаты зардап шегеді және инвестициялар ағыны азаяды. Сондықтан бизнесті қылмыстық қудалауға негізсіз тартуды барынша азайту алға қойған мақсаттардың бірі болды. Бірлескен күш-жігермен кәсіпкерлер үшін институционалдық ортаны жақсартуға бағытталған түбегейлі шаралар қабылдадық. Мұнда тек құқық қолдану мәселесі ғана емес, заңдардың өзі де өзгерді. Нәтижесінде, бүгінгі күні кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс 6 есе азайды. 2016 жылы 5 мың қылмыстық іс қозғалған болса, биылғы жылдың 10 айында 790-ға кеміді. – Кәсіпкерлерге жасалатын қысымды азайту мақсатында қылмыстық процесте қандай шараларды қолға алып отырсыздар? – Бірнеше жылдан бері қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 32 экономикалық құрам ізгілендірілді. Қылмыстық кодекстің 28 бабы бойынша қылмыстық жазалар жеңілдетілді (баламалы түрлері енгізілді), 29 құрам бойынша (Экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша) бизнеске қамауды қолдануға тыйым салынды, 10 құрам бойынша залалды толық өтеу кезінде қылмыстық қудалау органының адамды қылмыстық жауаптылықтан босату міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітті, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін талаптарды қатаңдатты. Мұның бәрі бизнеске қатысты қылмыстық істерді 6 есе, қамауға алынғандар санын 2,5 есе қысқартуға мүмкіндік берді. «Қылмыстық процестің үш буынды моделі» енгізілді. Бұл прокурорларға кәсіпкерлерді қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеуге мүмкіндік жасады. Биыл прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының 22 кәсіпкерді күдікті деп тану туралы қаулысымен келісуден бас тартты. – Осы жұмыстар жеткілікті ме? Әлде, басқа да шаралар жоспарланып отыр ма?  – Биыл 2 қыркүйекте Бас Прокурор қылмыстық қудалаудың барлық органдарына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін егжей-тегжейлі регламенттейтін Нұсқау жіберді. Бұл құжат көптеген кәсіпкерлер үшін тергеу органдарының негізсіз қудалауынан нақты қорғаныс болады. Неге екенін түсіндірейін. Нұсқау азаматтық процестің барлық мүмкіндіктері аяқталғанша істі бастауға тыйым салады. Заң қорғаушылары қылмыс туралы даусыз дәлелдер болған кезде және азаматтық даулар жойылған кезде сотқа дейінгі тергеулерге жүгінуі керек. Сонымен қатар егер бизнесмен сотта дауласпаса, аудиторлық немесе салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша істерді бастауға тыйым салынды. Онда әкімшілік әділет жүйесі және мемлекеттік органның «кінәлілік презумпциясы» жұмыс істейді, онда аудитор өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеуі тиіс. Соңғы 2 жылда мемлекеттік аудиттің мерзімінен бұрын және негізсіз қорытындыларына байланысты 49 іс тоқтатылды. Қылмыстық қудалау органдарының штаттық мамандарының, криминалистерінің қорытындылары негізінде сотқа дейінгі тергеуді бастауға тыйым салынды. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің осындай қорытындылары бойынша 300–ден астам қылмыстық іс басталған болатын. Биыл оның саны 96. Тізбек қарапайым – Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері өздерінің криминалистеріне сұраныстар жібереді. Ал олар алдын ала қорытындылардың «ыңғайлы» актілерін береді. Мұндай істердің алтыдан бірі тоқтатылады. Оларда қылмыс құрамы болмаған. Енді біз сотқа дейінгі тергеуді бастау үшін осындай «ыңғайлы тәсілді» жойдық. Сондай-ақ шығындарды үнемдеу нәтижесінде пайда табуға байланысты істерді бастауға тыйым салынды. Бірақ бұл жұмыс сапасына әсер етпеген болуы керек. Мысалы, мектеп салу керек, соманы есептеп, құрылысты мерзімінде аяқтады, бірақ аз ақша жұмсалады. Дегенмен, сапа бұзылмаған. Ал тергеуші, істің байыбана бармай, құрылысшыны қылмыскер ретінде көреді. Кәсіпкерлік қызметтің принципі – пайда табу. Егер жобалаушы мен тапсырыс беруші және құрылысшының қылмыстық келісімі дәлелденсе, ұрлықты жоққа шығармаймын. Сондықтан, мұндай жағдайларға «терең оймен» қарау керек, біз бәрін бір тізбектеуге жол бермейміз. – Сонымен, Бас Прокурор қабылдаған Нұсқаудың алғашқы нәтижелері қандай? – Жалпы, жаңа талаптарды орындау оң нәтиже берді. Егер бұрын қылмыстардың экономикалық құрамы бойынша ай сайын кәсіпкерлерге қатысты 150-ге жуық іс тіркелсе, қазір олардың саны 2 есе азайды. 21 іс бойынша бизнеске заңсыз араласу фактілерінің жолы кесілді, сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді прокурорлар тоқтатты. Сонымен қатар, осы тыйымдардың барлығы жұмыс істеуі үшін прокурорлардың өздері де назардан тыс қалмады. Бас прокуратура бизнес субъектілеріне қатысты істер бойынша тұрақты қадағалау тетігін әзірледі. Биыл 5 қыркүйекте прокурорлардың функцияларын күшейтуге бағытталған қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру бойынша жаңа нұсқаулық қабылданды. Прокурорларға кәсіпкерлерге қатысты әрбір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын бір тәулік мерзімде тексеру және бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтату міндеті жүктелген. Болашақта прокурор тергеу барысынан шеттетілмей, әр 15 күн сайын тергеудің қарқындылығы мен заңдылығын тексеріп, оның толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, прокурорларға заңсыз шешімдердің күшін жоюдан басқа, барлық кінәлі лауазымды адамдардың қылмыстық жауапкершілігіне дейінгі мәселені көтеру тапсырылды. Нұсқаулықтың мәтіні ашық дереккөздерде жарияланды, оның орындалуын біз тұрақты бақылаймыз. Нұсқаулық жұмыс істеген алғашқы айының нәтижелері қазірдің өзінде байқалады. Бизнесті күш құрылымдарының озбырлығынан қорғау іске асты. Және бұл қайтымсыз үдеріс, яғни тек дамуға күш саламыз. Кәсіпкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру 4 есе қысқарды. Егер биылғы қыркүйекке дейін күн сайын бизнестің қатысуымен кемінде 4 қылмыстық іс тіркелсе, қазір біреуден артық емес. – Заңсыз қылмыстық әсердің зияндылығы неде? – Бұрын айтқанымдай, дәл осы қылмыстық процесте кәсіпкерлер ең қатал «қысымды» сезінеді. Шоттарды, мүліктерді бұғаттау, тінту және тәркілеу жүргізу көбінесе кәсіпорындардың банкроттығына әкеледі. Сайып келгенде, бизнес климаты зардап шегеді және инвестициялар ағыны азаяды. – Уәкілетті органдар тарапынан бизнеске қысым жасау факторларын төмендету бағыты бойынша қандай жұмыстар атқарылды? – 2021 жылдан бастап прокурорлардың актілерімен 2 мыңнан астам заңсыз қолданылған тыйым салу-шектеу шараларының, 2,9 млрд теңгеге 37 мың әкімшілік іс жүргізудің күші жойылды, 1 500 лауазымды адам жауапкершілікке тартылды. Жалпы алғанда, 267 мың кәсіпкердің құқы қорғалды. Мысалы, «Тенрус-Қазақстан» серіктестігіне салық тексеруінің нәтижелері бойынша актінің күші жойылғаннан кейін айыппұл салынған (928 млн тг.). Прокуратураның наразылығы бойынша Серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулының күші жойылды. Кәсіпкерлерге бақылау және қадағалау органдары тарапынан негізсіз тексерулер жүргізу фактілерінің жолын кесу үшін «Qamqor» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Қосымшаның арқасында кәсіпкер алдағы уақытта болатын тексеру туралы хабарлама алып, ол басталғанға дейін оған тексеру барысында қойылатын сұрақтармен таныса алады. Тексеру аяқталғаннан кейін кәсіпкер қосымша арқылы анықталған бұзушылықтар көрсетілетін тексеру нәтижесімен таныса алады. Бүгінгі күні мобильді қосымшаны 110 мыңға жуық кәсіпкер пайдаланады. Сонымен қатар, бақылаушы органдар тарапынан әкімшілік қысымды төмендету мақсатында Бас прокуратураның сайтында жарты жылдық кестелер мен тексерулер жүргізу тізімдері орналастырылады. Бұл мәліметтер әрбір кәсіпкерге қолжетімді. Прокуратура органдары тексерулерді тіркеу сатысында бас тартуды қолдану арқылы заңсыз тексерулер тағайындаудың жолын кесуге уәкілетті. Биыл 9 айда 426 заңсыз тексерудің жолы кесілді. Мұндай негізсіз тексерулердің ең көп санын жергілікті атқару органдары (73), ішкі істер органдары (71), санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары (65), салық органдары (47), төтенше жағдайлар органдары (31) тағайындады. Ал егер мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерге қатысты заңсыз іс-әрекеттер жасалса, әрбір прокуратурада бұзушылықтардың жолын кесуге арналған Мобилдік топтар қызмет етеді. Мобилді топтар тіпті аудан деңгейіне дейін құрылған және 24 сағат бойы демалыссыз жұмыс істейді. Мобилді топқа сигнал түскен кезде прокурорлар дереу объектіге барады да қажетті шараларды қолданады. Биыл прокуратура органдарына 2 600 сигнал түсіп, әрбір төртінші сигнал расталды. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. – Бизнес қызметіне араласу деңгейін автоматтандырылған бағалау жүйесін енгізу бағыты бойынша қандай жұмыс жасалды? – Бұл ел Президентінің қылмыстық және әкімшілік процестерге тартылған бизнес субъектілерінің статистикалық есепке алынуын жақсартуға қатысты тапсырмасына толық сәйкес келеді. Бүгінгі күнге дейін ешкім қылмыстық қудалауға кәсіпкерлердің қаншасы тартылғанын нақты және дөп басып айта алмады. Статистика Қылмыстық кодекстің 8-тарауының есебінен ғана қалыптасты. Қылмыстық кодекстің басқа да көптеген баптары назардан тыс қалды. Егер бұл туралы түсінік болмаса, араласу ауқымын қалай бағалауға болады? Сенімді статистикасыз шындықты анықтау өте қиын. Бұл мәселені шешу барысында біз жаңалық ашқанымыз жоқ. Қазірдің өзінде Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі (ЕРСОП) жобасын сәтті жүзеге асырып жатырмыз, соның арқасында біз бизнесті тексеру туралы барлық деректерді көреміз, ал заңсыз тексерулерді объектіге шыққанға дейін тоқтатамыз. Нәтижесінде, егер бұрын жыл сайын 240 мың тексеру тіркелген болса, қазір – 29 мың. Енді Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі (ЕРАП) және Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі (ЕРДР) модульдері де дәл осы қағида бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, енді жүйе нақты тарауға бекітілмейді, бірақ Қылмыстық кодекстің барлық баптары бойынша субъектілерді санайды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлер туралы мәліметтер жайы да осыған ұқсас. Жүйе Ұлттық экономика министрлігінің базаларымен интеграцияланған. Бұл қолмен есепке алудан бас тартуға мүмкіндік берді. Енді жүйе Министрлік мәліметтерінің негізінде кәсіпкердің мәртебесін және оның санатын автоматты түрде айқындайтын болады. Бизнеске араласу деңгейі туралы деректер qamqor.gov.kz.сайында қолжетімді. – Кәсіпкерлерге тексеруді қандай мемлекеттік органдар жүргізеді? – Бүгінде мемлекеттік бақылауды 60-тан астам бақылау және қадағалау органдары жүзеге асырады. Олар төтенше жағдайлар жөніндегі органдар, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары, салық, жер, сәулет - құрылыс бақылауы, еңбек заңнамасы салаларындағы органдар және басқалар. Бүгінгі күні Мемлекет басшысы бизнеске мемлекеттік реттеуді азайту мақсатында енгізген мораторийдің арқасында аталған мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер азайды. Мораторий 2020 жыл мен 2022 жылдар аралығын қамтып, бизнесті қорғаудың тиімді құралдарының біріне айналды. Мораторий кезінде тағайындалатын тексерулер прокуратура органдарында қатаң бақылаудан өтіп, олардың негізділігі мұқият зерделенеді. Тек жаппай қаупі бар негіздер бойынша шығарылған орталық мемлекеттік орган басшысының шешімі ғана тексеру тағайындауға себеп бола алады. – Сонда да бизнеске әртүрлі кедергі жасау фактілері туралы белгілі болып жатады. Осыған толығырақ тоқталсаңыз. – Салық саласында камералдық бақылау хабарламаларына байланысты проблема анықталды. Заң бойынша, камералдық хабарламамен келіспеген жағдайда, салық төлеуші түсіндірме береді, ал салық органы онымен келіседі немесе тексерулер тағайындайды. Алайда салық төлеушілер түсіндірмелерді негізсіз қабылдамайды, шығыс операцияларын тоқтатады және банктік шоттарды бұғаттайды. ​Осылайша, іс жүзінде кәсіпкерлер хабарламаны мәжбүрлі түрде орындауға немесе сотқа баруға мәжбүр болады. Өткен жылдан бері соттар осындай 500-ге жуық талап қоюды қарады және 60% жағдайда салық салушылардың хабарламаларды орындалмаған деп тану туралы шешімдері заңсыз деп танылды. Біз бұл мәселені зерделеп, Үкіметке қадағалау актісін енгіздік. Соны қарау нәтижесі бойынша Қаржы министрлігі өз бөлімшелерін заңсыз шешімдер шығаруды тоқтатуға бағдарлады. Сондай-ақ бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Салық кодексіне өзгеріс енгізу мәселесін қарауда. Басқа мысал. ҚПК бойынша банктік шоттарға, мүлікке билік етуге және олармен мәмілелер жасауға шектеулер қойылуы мүмкін. Егер соттың санкцияланған қаулысы болмаса, мұндай шектеулер 10 тәулікке дейін алынып тасталуы тиіс. Бірақ бұл талапты күштік құрылымдар да, банктер де орындамайды. Мысалы, алматылық Экономикалық тергеу департаменті «Фрахт» ЖШС мүлкімен мәмілелер мен өзге де операциялар жасауға шектеу қойды. 10 тәуліктен кейін ол ұзартылмады, алынбады, кәсіпкер шектеулерді алып тастау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Бұл мәселе барлық жерде кездеседі және кез келген бизнестің жұмысына тұсау болады. Сондықтан Әділет министрлігі мен Ұлттық Банктің алдына белгіленген мерзім өткеннен кейін алып тастау процесін автоматтандыру туралы мәселе қойылды. Шектеуді алып тастау үшін бизнестің сотқа да, басқа органдарға да жүгінуі қажет болмайды. – Жуырда «Прокуратура туралы» Конституциялық заң қабылданған болатын. Осы заңда қандай жаңашылдықтар көзделген? Оның қоғамға, азаматтарға және бизнес саласына оң әсері болады ма? – Ия, орынды мәселе көтеріп отырсыз. Президент өз Жолдауында заңдылықты күшейту үшін Прокуратура туралы Конституциялық заң қабылдауды ұсынған болатын. Осыған байланысты Конституциялық заң жобасы әзірленіп, биыл 5 қарашада оған Президент қол қойды. Ел тарихында прокуратура қызметі алғаш рет конституциялық заңмен реттелетін болды. Бұл - прокурорларға артылған жоғары сенім мен үлкен жауапкершілік.
Естеріңізге сала кетейін, біздің Ата заңымызда прокуратураның негізгі үш бағыты айқындалған. Олар: ✓ елдегі заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау; ✓ сотта мемлекет мүддесін білдіру; ✓ қылмыстық қудалауды жүзеге асыру.
Жаңа заң прокуратураның осы конституциялық өкілеттіктерін нақтылап, бір жүйеге келтірді. Прокуратураның құқық қорғау әлеуеті нығайды. Сондай-ақ Заңда азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді көздейтін кешенді мәселелер қамтылған.Тексеру тағайындау негіздері, оны тағайындайтын прокурорлар, тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері айқындалды. Прокурорлар қандай мәселе бойынша өтініштерді қарайтыны нақтыланды. Сондай-ақ Бас Прокурорға жаңадан құрылатын Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы берілді. Енді заңдар немесе нормативтік құқықтық актілер Конституцияға қайшы болса, онда Бас Прокурор оларды тексеру үшін Конституциялық Сотқа жүгінетін болады. Бас Прокурорға берілген бұл құзырет адам құқықтарын қорғау мен қалпына келтіру тиімділігін арттырады. Заң прокуратура қызметінің сыртқы байланыс мәселелерін де қамтиды. Яғни қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару бойынша халықаралық ынтымақтастықты үйлестіру прокуратураға жүктелді. – Осы орайда бір сұрақ туындап отыр. Бас Прокурор жетекшілік ететін Активтерді қайтару жөніндегі комиссия жұмысы аясында адал бизнес пен кәсіпкерді қорғау қалай жүргізілуде? – Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының негізгі қағидаттық ұстанымы – әділетті қоғам құру. Осы мақсатта Президент Жарлығымен құрылған Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия бес айдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Комиссия жұмысында экономикалық ресурстарды шектеулі адамдардың қолында заңсыз шоғырландыруға ықпал еткен жағдайларды анықтау басымдық ретінде белгіленді. Бүгінде Комиссия жекелеген адамдар үшін жасалған құжаттарды, шешімдер мен схемаларды анықтау және оларды жою бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл ретте, Комиссияның барлық іс-әрекеттері құқықтық нормаларға толық сәйкес келуі тиіс. Құқық қорғау және мемлекеттік органдар адал бизнеске қатысты асыра сілтеуге, теріс пайдалануға, қысым көрсетуге және бөгет жасауға жол бермеуге міндетті. Қазір деректерді зерттеу және талдау жалғасуда. Мысалы, Комиссия жұмысы аясында прокуратура органдары бірқатар талдау және тексеру іс-шараларын жүргізді. Олар – салық және кеден салалары, монополияға қарсы заңнама, жер қойнауын пайдалану, құрылыс саласы және т.б. Кеден саласындағы тексеріс артықшылықтарды пайдалана отырып, импорттаушы 10 компанияның Қытай елінен тауарларды әкелу нарығын монополияландырғаны анықталды. Басқа кәсіпкерлер тауарларды өз бетінше әкеле алмаған және тек солар арқылы жұмыс істеуге мәжбүр болған, бұл оларға пайданың көп бөлігін берді. Бұл ретте, кедендік төлемдерден жалтару үшін компаниялар әкелінетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмендетіп, мемлекетке 107 млрд теңгеден астам залал келтірді. Бүгінгі күні қабылданған шаралардың нәтижесінде осы қаржының 57 млрд теңгесі өтелді. Тағы бір мысалды айта кетейін. Көлік-логистикалық компания Қытаймен шекарадағы кеден бекеті арқылы тауарларды тасымалдау нарығын монополияландырған. Өзінің жағдайын пайдалана отырып, картельдік келісім жасасу арқылы қызметтерге жоғары баға белгілеп, 4,3 млрд теңге монополиялық табыс алған. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 221-бабы (монополиялық қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар бизнеске доминанттар тарапынан да қысымды төмендету бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қаржы-өнеркәсіптік топтардың қолында шоғырланған тұтас салалар бар екені жасырын емес. Олар кәсіпкерлер үшін жоғары тарифтер белгілейді және ақылға сыймайтын шарттар қояды. «ЦТС» акционерлік қоғамының қызметі айқын мысал, оған ҚТЖ 600-ден астам теміржолды «жасырын түрде үлестірген». Бұл монополияландыруға және тасымалдау қызметтері тарифтерінің 10 есе өсуіне әкелді. 4 мыңнан астам кәсіпкер жүк тасымалы үшін жоғары тарифтер төлеуге мәжбүр болды. Қабылданған шаралар арқылы кірме жолдар мемлекетке қайтарылды, тарифтер 13 есе (2 205 теңгеден 169 теңгеге дейін) төмендетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және олар Бас Прокурордың тікелей бақылауында. Өз сөзімді қорытындылай келе, бүгін бизнеске заңсыз араласуға және әкімшілік кедергілерге байланысты мәселелерді тілге тиек еткенімді айтқым келеді. Түрлі құралдар арқылы бизнеске қолдау көрсету саласында да көптеген мәселелер бар. Оларды біз қыркүйек айында Бизнес өкілдерімен кездесу барысында талқыладық. Бұл кездесуге біз қазірдің өзінде шешілген мәселелердің нақты жағдайларымен және алдағы міндеттерді нақты түсіне отырып келдік. Біз оларды бизнесті қорғау бойынша бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспарына енгіздік. Мен өз сөзімнің басында айтып кеткендей – мемлекетіміз дамушы елдер қатарында. Болашақта отанымыз әлемнің озық елдерінің қатарында болатынына кәміл сенемін. Бұл үшін бізде бәрі бар: ұлан-ғайыр жеріміз, қазба байлығымыз, тамырынан бойлаған текті де тату халқымыз бар. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында барлығымыз «бір жұдырықтай жұмылып», «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қызмет жасауымыз керек. – Әңгімеңізге рахмет!