Алматыда Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды
Алматыда Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды
880
оқылды
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды. Жаңадан ашылған институтта сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Мәселен, оқу орнындағы «Әл-Фараби» кітапханасының қорында 600-ден астам қолжазбалар әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Бүгінде  институт мамандары аталған қолжазбалармен өзге де құнды деректер мен материалдарды сараптап, зерттеу жұмыстарын қолға алды. Ғылыми институттың ашылу салтанатында «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты I халықаралық ғылыми конгресі өтіп, қатысушылар Қазақстандағы және әлемдегі түркітану мен алтайтанудың өзекті мәселелерін талқылады.  width= Конгрестің мақсаты – түрлі ғылым саласы өкілдерін түркітану және алтайтану саласындағы зерттеулерді жинақтауға және түркілік мұраларды таныту жұмыстарын одан әрі жалғастыруға жұмылдыру. Алқалы жиынға отандық ғалымдармен қатар Түркия, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Мажарстан мемлекетінің зерттеуші ғалымдары, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты. Жиынды ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев аталған ғылыми-зерттеу институтының алдағы жұмысына тоқталды.
«Әлемдік сарапшылар кезінде «ХХІ ғасыр – түрік мәдениетінің ғасыры болады», – деп болжаған. Бүгінде бұл құбылыс өз жемісін беруде. Түркі әлеміндегі ілім-білім тарихының басында тұрған әл-Фараби, Махмұд Қашқари, әл-Хорезми, әл-Бируни, Мұхаммед Бабыр, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири сияқты тарихи тұлғаларымыздың еңбектері бүгінгі ұрпаққа жетті. Соңғы он жыл ішінде түркітілдес мемлекеттердің мемлекетаралық ынтымақтастығы ерекше дами түсті. Түркологияның өзекті мәселелері – түркі тілдерін зерттеу, Орхон, Енисей, Талас, Алтай жазба ескерткіштері мәтінін түпнұсқадан қайта оқу, түркі тілдерінің сабақтастығын көрсету. Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түркологияның мамандық ретінде оқытылуы үлкен жетістік болды. Бүгінгі конгресс аясында «Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын» ашып отырмыз. Бұл осы саладағы мамандар мен жас ғалымдардың жаңа зерттеулеріне жол ашады», – деді университет ректоры.  width=
Алғашқы пленарлық отырыста Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі Шаин Мұстафаев, Сумгайт мемлекеттік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Рамазан Мамедов, Түркі мәдениетін зерттеу институтының директоры, доктор, профессор Бижан Ахмет онлайн форматта құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі жиынның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ТҮРКСОЙ Бас хатшысының кеңесшісі Қайрат Мұқанов, ҚР ҰҒА Халықаралық  Qazaq tili » академиясының президенті, Халықаралық түркология орталығының төрағасы Ерден Қажыбек баяндама жасады. Өз сөзінде Ерден Қажыбек түркі әлемінде әлі де зерттелмеген мұралар жеткілікті екенін айтты.
«Түркі әлемі – адамзат өркениетінің алтын бесігі. Еуразия құрлығын  жайлаған түркі әлемі өзінің бай мәдениетімен, терең тарихымен мақтана алады. Алайда, түркі әлемінде әлі де толық зерттелмеген мұралар жеткілікті. Сол тарихи мұраларды зерттеу үшін ҚазҰУ базасында институт құрылғаны қатты қуантады. Біз түркология зерттеу жұмыстарын жандандыра түсуіміз қажет. Көптеген конференция мен пленарлық отырысты жиі ұйымдастыру керек», – деді Ерден Қажыбек.
Сондай-ақ басқосуда Қазақстандағы түркітілдес елдер елшіліктерінің өкілдері де сөз сөйлеп, пікір алмасты.  width= Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы бірнеше секцияда жалғасты.