Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚПК 200-бабына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігіне балаларды оңалту еміне квоталар бөлу мәселелері бойынша заңды бұзуға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізген.
«Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің өтініші негізінде University Medical Center корпоративтік қоры балаларды оңалту ұлттық орталығы қызметкерлерінің заңсыз ақшалай сыйақы алу дерегі бойынша соталды тергеу жүргізеді. БОҰО қызметкерлерінің бірі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан балаларды оңалту еміне квота бергені үшін 60-тан 100 мың теңгеге дейін ақшалай қаражат алғаны анықталды» делінген хабарламада.
Тергеу нәтижелері бойынша бірнеше жыл бойы қолданылып келген алаяқтық схема тоқтатылып, ата-аналарға келтірілген залал толығымен өтелгені айтылды. Сонымен қатар тергеу барысында балаларды оңалту емін көрсету мәселелері бойынша бірқатар проблема мен кемшіліктер анықталған.
«Мысалы, өңірлерде квоталардың біркелкі бөлінбеуі, ата-аналардың сенімсіздігі және түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, ашық және жалпыға қолжетімді кезектіліктің болмауы, сондай-ақ елде осындай республикалық орталықтардың жетіспеушілігі болды. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Аружан Саиннің, вице-министр Вячеслав Дудниктің, аумақтық денсаулық сақтау басқармаларының, University Medical Center корпоративтік қорының, сондай-ақ БОҰО басшыларының қатысуымен ұсыныс қаралды» делінген Антикор мәліметінде.
Талқылау нәтижелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында өңірлерде республикалық орталықтарға квоталар бөлу жөніндегі комиссиялар құруды жоспарлаған. Бұған қоса, жақын арада оңалту еміне мұқтаж адамдардың жалпыға қолжетімді электронды кезегі іске қосылады.