Мұнай жеткізудегі машақат
Мұнай жеткізудегі машақат
© коллаж: Әсел Балтақызы
612
оқылды
Жақында Германия келер жылдың басында ресейлік мұнайды сатып алудан бас тартып, орнына Қазақстанның шикі мұнайын импорттауға ықыласты екенін мәлімдеді. Дегенмен бұл оңай іске асар шаруаға ұқсамайды. Өйткені еліміз мұнай тасымалдауда солтүстіктегі көршісіне тәуелді. Мұндайда қарсы тарап өз мүддесін оңай бергісі келмейтіні анық. Қазақ мұнайына немістердің назары ауды Кәрі құрлық экономикасы Кремль гео­саяси қақтығыстарға араласқаннан соң осы жылдың соңына дейін Ресей мұна­йының импортын тоқтатуды жоспарлаған болатын. Әйтсе де, ресейлік мұнай құбыры операторларының атқарушылары 2023 жылдың бірінші тоқсанына шикі мұнайды жеткізуге батыс елдерінен сұраныс түс­кенін хабарлады. Көп ұзаған жоқ, Bloomberg Германияның Экономика және кли­матты қорғау министрлігі Шведт пен Лойн­дағы мұнай өңдеу зауыттары келесі жылға Ресейден мұнайға тапсырыс бер­мейтінін, Қазақстаннан мұнай айдауға өті­німдер берілгенін жазды.
«Германия Ресейдің шикі мұнайына тапсырыс берді деген қауесеттер шындыққа жанаспайды. Лойн мен Шведт қалала­рын­дағы мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай өндіруші компаниялар енді жаңа жылда ресейлік шикі мұнайға тапсырыс бермей­ді», – деп жазылған мәтінде.
Ал Deutsche Welle басылымы ГФР эко­номика және климатты қорғау ми­нистрлігінің баспасөз референті Су зан­на Унградтың мәселеге қатысты жауа­бын келтіріпті. Ол Шведтегі Raffinerie зауытының меншік иелері Қазақстан өкілдерімен келіссөздерінің нәтижесінде бұл МӨЗ қаңтар айынан бастап «Қазақстан мұнайы үшін мұнай құбыры жүйесінің («Транснефть») тиісті қуаттарын брон­дағанын» жеткізіпті. Яғни, әзірге мұнайға тапсырыс берілмеген, тек тасымалдауға арналған қуаттарды брондаған. «Транс­нефть»-тің «Дружба» құбыры арқылы тасымалдайтын мұнайы Польша арқылы транзитпен өтеді. Ол француздық Total Energy s кон­церніне тиесілі Лойндағы және ресейлік «Роснефть» компаниясына, Британдық Shell мен итальяндық Eni компаниясына тиесілі, бірақ қазіргі уақытта Германия мем­лекетінің басқаруында тұрған Шведтегі зауыттардың иелеріне сілтеме жасаған. Олар қазір Гданьск (Польша) және Росток (Германия) порттары арқылы қолда бар мұнай құбыры жүйесі мен осы МӨЗ-ді шикізатпен қамтамасыз етуді көздеп, ұзақмерзімді келісімшарттар ту­ралы келіссөздер жүргізіп жатқанын ха­барлайды. Міне, осы тұста Сузанна Унград қазақстандық шикі мұнайды тұрақты сатып алу туралы келіссөздер жүріп жат­қанын мәлімдеген. Сондай-ақ «қаңтардан бастап Росток портынан мұнай құбырын пайдалануға алдын-ала тапсырыс беріл­гені» айтылған. Ресей жағы рұқсат етпей ме? Сонымен бұл дүние әлі жоспар күйінде. Бұдан соң «ҚазМұнайГаз» мұнай экс­порт­тау мәселесі бойынша келіссөздер жүр­гізген. Оның Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ГФР экономика және кли­матты қорғау істері ми­нистрлігінің пар­ламенттік статс-хатшысы Михаэль Кель­нермен және Астанада Герма­нияның Бун­дестаг депутаты, Cолшылдар пар­тиясының парламенттегі өкілі Кристиан Гёркемен кездесіпті. Тараптар Шведт қа­ласындағы мұнай өңдеу зауытына Қа­зақстан мұнайын экспорттау мәселелерін сөз еткен. Гёркенің айтуынша, зауыт – Гер­манияның шығысындағы Бранденбург федералды штаты экономикасының кү­ретамыры. Бундестаг депутаты «Дружба» мұ­най құбыры арқылы Қазақстан ши­кізатын тұрақты түрде жеткізуге қызығып отыр. Мырзағалиев болса Қазақстан мұ­найын аталған мұнай құбыры арқылы Гер­манияға экспорттау мүмкін екенін, алайда келісімшарт және техникалық проблемаларды шешу қажеттігін атап өткен.
«ҚМГ-нің мұнай өндіруші ұйымда­рының шикізаты Қазақстанның ішкі на­рығына мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарына жіберіледі. Ал ҚМГ мұнайының экспортқа шығатын кө­лемі бірыңғай жүйелік трейдер — KMG Trading мекенжайына жеткізіледі, ол алдымен «ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарының қажеттілігін өтейді. Экспортқа арналған мұнайдың қалған көлемі ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сатылады. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» Германияға сынақ ретінде мұнай партиясын 2023 жылдың қаңтар айында жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр», – деген Мырзағалиев.
Шведт қаласында орналасқан мұнай өңдеу зауыты жылына 10 миллион тон­надан астам шикі мұнайды өңдеуге қа­у­қарлы, Берлин мен Шығыс Германияның көп бөлігін отынмен қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстан осынша көлемді қара ал­тынды жеткізе ала ма? Басты мәселе мы­нау: «Транснефть» ресми өкілі Игорь Де­мин ТАСС-қа Қазақстан өзінің мұнайын Гер­мания бағытында айдау үшін жүгін­бегенін айтқан.
«Бізде қазақтармен келіссөздер немесе қазақтардың қандай да бір жеткізу келі­сімшарты жасалатыны туралы ақпарат жоқ. «Транснефть» басшысы Николай То­карев бұл техникалық жағынан мүмкін екенін айтты, бірақ транзит туралы ше­шімді тек Ресейдің Энергетика министрлігі қабылдай алады. Бәрібір Ресейден Гер­манияға жеткізілген шикізат көлемін Қа­зақстан алмастыра алмайды», – деп кесіп айтқан Демин.
Әңгіменің ауанынан Ресейдің қазақ­стандық мұнайды тасымалдауға рұқсат беретін сыңай байқалмайды. Германияға Ресей мұнайын жеткізу жылына 19-20 миллион тоннаны құрайды, тағы 10 мил­лион Польшаға жеткізіледі. Ал Қазақ­станның «Атырау-Самара» мұнай құбыры арқылы айдай алатын қосымша көлемі тек 3-5 млн тоннаны құрайды, сонымен қатар «құбырдың техникалық жай-күйіне» байла­нысты 7 млн тоннаға жетуі мүмкін. Игорь Демин Польша Ресей мұнайына қатысты келісімшартқа отырғанын жоққа шы­ғара алмады, әйтпесе ол келісімшарт бойынша тұрақсыздық айыбын төлеуге мәжбүр болатын еді. Ресейдің орнына Қазақстанның мұнайын Германияға жет­кізуде тағы бір қиындық бар – Беларусь транзиттің бірнеше есе азаюына байла­нысты өзінің «Достық» учаскесін уақытша жабуы мүмкін екен. Осы дүниелерге қа­рағанда Германияға қазақ мұнайын тасы­малдау ісі аяқсыз қалса да таңғалмаймыз. Біріншіден, бұл мәселеде Ресейдің рөлі ай­қын сезіліп тұр, өз мүддесін оңай бо­сатқысы келмейді. Екіншіден, саяси ахуал­дарға қарамастан Германия шикі мұнайға мұқтаж екені даусыз. Ал мұны солтүс­тіктегі көршіміз тиімді пайдалануы мүмкін.