Қаңтар оқиғасының тарих қойнауына енгеніне де жылға жуық уақыт болып қалды. Дегенмен, сол күндер ел жадынан шыға қойған жоқ. Әсіресе, қанды қырғын алматылықтардың жадында жаңғырып тұр.
Сол бір ел басына күн туған сәтте түрлі мамандық иелерінің азаматтығы мен ерлігі сынға түсті. Әсіресе, ел қорғаны болып жүрген әскери қызметкерлердің осы бір сәттердегі көзсіз ерлігін айту біз үшін парыз. Олардың ішінде қанға бөгіп жатқандарға алғашқылардың бірі болып қол ұшын созған әскери-медициналық мамандардың еңбегі орасан. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты медициналық қамтамасыз ету тобының офицері, капитан Келбет Қабылова.
«Сол күні таңертең әдеттегідей жұмысқа келдік. Бізді ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің қақпасының алдында кинологтар, иттерімен қарсы алды. Бұл көрініс мені алғашында таңғалдырды. Ал департаменттің өзі өткен түннің ортасында дабылмен көтеріліп, қала әкімдігін қорғауға аттанып кетіпті. Кімнен, неге? Сөйтсек, еліміздің батысында басталған бейбіт шерудің соңы бүлікке ұласқан екен. Бұзақылар бүлік салыпты. Осылайша, Алматыны ғана емес, бүкіл аймақты абыржытқан күндердің басталғанын ұқтық», – дейді капитан Келбет Қуанышбекқызы.5 қаңтар күні түс ауа Алматы әкімдігі ғимаратының маңы қақтығыс ошағына айналды. Бұл кезде жаппай тәртіпсіздікке бой көрсетіп, бүлікшілер мен күштік құрылымдар арасында текетірес басталып кеткен. Түрлі арандатушыларға ергендер осы сәтте әкімдік ғимаратын отқа орады. Сол кезде қаншама жараланған жан өмір мен өлімнің арасында жатты. Шамалы ғана уақыт ішінде ауруханалар мен әскери госпитальдер жаралы жандарға толды. Осы кезде К.Қуанышбекқызы тапсырма бойынша ажал ошағына төрт мәрте кіріп, 25 адамның өмірін аман алып қалуға үлес қосқан. Ол бастаған жедел жәрдем қызметкерлері текетірес алаңына айналған қалалық әкімдіктің аумағына кіріп, жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсеткен соң оларды ҰҚК Әскери госпиталіне жеткізумен айналысқан.
«Сол күні жанымыздағы мемлекеттік мекеменің отқа оранып, қарсымыздағы аңшылар дүкені тоналғанының куәсі болдық. Бүлікшілерден қашқан елуден астам адам біздің департаментте жасырынып, аман қалды. Қазір айтуға оңай ғой. Ал сол кезде шекарашылардың арқасында аман қалғандар тыс үрейлі еді», – деп еске алды Шекара қызметінің капитаны.Келбетпен бірге күйеуі ҰҚК Шекара қызметі Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасының бөлімше бастығы подполковник Ерболат Темірғалиев те қалалық әкімдік ғимаратын қорғаушылардың қатарында болған екен. [caption id="attachment_234070" align="aligncenter" > © коллаж: Қуаныш Сапарбаев[/caption] Сол күні бүлікшілермен тікелей бетпе-бет келген сарбаздардың арасында Келбеттің жарынан бөлек бауыры да әскери борышын өтеп жүрген еді.
«Сол күндері бейне бір қып-қызыл шоқтың үстімен жалаңаяқ жүргендей күй кешкенімді ешқашан ұмыта алмайтын шығармын. Өйткені сол күні мен өзіме ең жақын адамдар үшін де қатты алаңдаулы едім... Қақтығыс болып жатқан әкімдіктің ішінде жолдасым және бірге туған әпкемнің үлкен ұлы Диас та болды. Диас осындағы жоғары әскери оқу орындарының бірінің төртінші курсында оқиды. Сондықтан бүлікшілердің ортасына кірген сайын жаралылардың арасынан жолдасымды, жиенімді кездестіріп қалам ба деп қатты қорықтым. Кешке қарай, алдымен Ерболатпен, сосын Диаспен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, олардың амандығын білген соң ғана қорқынышым сейілді», – дейді Келбет Қабылова.Иә, екі тәулікке созылған ауыр да қасіретті сәттер бұл күнде артта қалды. Тарих оны күнтізбеде «Қаралы қаңтар» деген белгімен бедерледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, біз ол күндерден халқымыздың бірлігі мен ауызбіршілігінің арқасында аман өттік. Кейіпкеріміз капитан Келбет Қабылованың сол бір қорқынышты түстей болған күндердегі көзсіз ерлігі Мемлекет тарапынан еленбей қалған жоқ. Ол Прзеидентттің қазан айындағы Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Алматы қаласы