Қартын қазынаға балайтын қоғамда ата-ананың қадірі түгілі құқығын қорғаудың өзі қиын. Өкінішке қарай, тоғыз ай, он күн көтеріп, түн ұйқысын төрт бөлген анасы мен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әкесін қаусаған шағында қарттар үйіне табыстап кете баратындардың әрекетіне де ет үйрене бастағандай ма, қалай? Бірақ әлемнің жарығын сыйлаған жандарға жәбірлік көрсетіп, бейнетінің зейнетін көретін уақытта өз баласының қолынан өлім құшып жатқанын есту қандай ауыр еді десеңізші...
Биыл Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы денсаулығында кінәраты бар адамдар жатқызылатын мекемеде есімі елге белгілі әртістің жары, кезінде небір қойылымдар туралы түйдек ойын айтып жүретін театр сыншысының төсекке таңылып, бүк түсіп жатқанын көрдік. Адам танымастай болған кейуанаға қараудың өзі аянышты еді. Бұл дүниеде балалардың алғысын алып, қарттық келгенде ұл-қызының қызығын көру пешенесіне жазылмағаны жүректі сыздатты. Тәуліктің 24 сағаты төсектен қозғалмай жатқан қарт ананың туған балаларынан ешбір хабар жоқ. Бұл орталыққа оны бірнеше жыл бұрын қызының достары әкеліп тастаған. Содан бері кейуананың көңілін сұрап тірі жан келмепті.
Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір 199 қарт тұрады екен. Соның ішінде 80-90 пайызының балалары бар. Бірақ ата-анасын іздеп мекемеге келетіндер жоқ. Өйткені көбісі жұмысбасты екен. Бірі шетелге кеткен, енді біреулері елде болса да ендігі жерде ата-анасының тірі екенін әлдеқашан ұмытқан. Мекемені ақылы шарт негізінде мекен еткен 60 адамның да балалары бар. Олардың бар айырмашылығы, орталықта жатқан ата-анасының хал-жағдайын тұрақты біліп тұратыны ғана. Кейде қаусаған қарттық келгенде туғанынан теперіш көргенінше, дерті ортақ жандардың үйіне айналған Қарттар үйі әлдеқайда дұрыс шешім болды ма екен деген ойға қаласың...
Қарт ата-анасына қорлық көрсеткендер көбейді
Осы күні өз баласынан тұрақты зәбір көріп жатқан қарттар аз емес. Ең сұмдығы, осындай ұзақ азаптаудың соңы кейде қайғылы аяқталып жатады. Мәселен, биылдың өзінде өз туғанының қолынан ажал құшқан оқиғалар көп болды. Биыл жазда Алматыда қарт анасын ұрып-соққан Александр Смирнов 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сотталушының бұл әрекеті жауапсыз қалуы да мүмкін еді. Абырой болғанда ұлының 74 жастағы анасын аяусыз ұрып-соққаны туралы бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап кеткен. Оның артынша 84 жастағы қарт анасын ұрып өлтірген ақтөбелікке де сот үкімі шығарылды. Дәл осындай оқиға Алматы облысында да болды. Белгілі болғандай, ол кезде де қарт әйел қатты соққыға жығылған. Ішімдікке сылқия тойған 40 жастағы баласы қарт ата-анасына қол жұмсаған, ауыр соққыдан анасы қайтыс болды. Анықталғандай, ер адам бұрын да жеңіл қылмыстары үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған көрінеді.
Жақында ғана жұрттың жағасын ұстатқан қанды оқиғаның бірі Батыс Қазақстан облысында да болды. Ол кезде де ұлы әкесін ұрып өлтірген. Ал өткен аптада Астанада 60 жастағы анасын қорлаған ер адам қамауға алынды. Жәбірленуші 34 жастағы ұлы мас күйінде келіп үнемі анасының ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтынын, осылайша психологиялық зорлық-зомбылық көріп келгенін айтыпты. Бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған ұлы Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен 5 тәулікке қамауға алыныпты. Әкімшілік жауапкершілікті жаза деп білмейтін адамның қамақтан шыққан соң қарт анасына қорлық көрсетпесіне кепілдік жоқ.
Астана қаласы Полиция департаменті Есіл ауданының Полиция басқармасы анықтау бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ермахан Серікбаевтың айтуынша, Тәуке ханның Жеті Жарғысында әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Дәл сол секілді қолданыстағы заңымызға ата-ананың құқығын қорғауды міндеттейтін бапты қатайтып, қылмыстық жауапкершілік қарастырылу керек.
– Ата-ананың құқықтары мүлдем қорғалмайды дегім келмейді. Дегенмен көшеде біреуді жаралап, соның салдарынан орта дәрежедегі дене жарақатын салса, Қылмыстық кодекстің 107-бабымен, ал егерде ауыр дәрежедегі дене жарақатын келтірсе осы кодекстің 106-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айтпағым, ата-ананың құқығын қорғау маңызды болып тұр. Ата-анамыздың абыройы мен дәрежесін көтеріп, балаларының алдында мәртебелі етілу керек. Бүгінде балаға ата-ананы құрметтеуді заңмен міндеттеу артықшылық емес. Сол үшін баласы ата-анасын балағаттап, ренжіткені үшін әкімшілік жауапкершілікке арнайы бөлек баппен, ал күш қолданып, дене жарақатын немесе жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтірген жағдайда Қылмыстық кодекстің арнайы бөлек бабымен жауапкершілікке тарту қажет. Тәуке ханның Жеті жарғысында ерекше еленіп, бекітілген ата-ананың дәрежесін ата заңымызда көрсетіп қойса да артық етпейді. Өйткені болашақ ұрпақ осыдан тамырланып, ата-анасының сый-сияпатына бөленіп, батасымен көгерері анық, – дейді Ермахан Қапбарұлы.
Жалтарса, жауапкершілік алмайды
Заңгер Абзал Құспан «Неке және отбасы» заңының 145-бабында кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағуға қатысты міндеттері көрсетілгенін мысал етеді. Ол бойынша, еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Екіншіден, еңбекке жарамсыз ата-аналарына алимент сот тәртібімен өндіріп алынады. Және алиментті өндіру кезінде еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларының бәрі ескеріледі. Ең қызығы, егер балалары ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарғаны анықталса, балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндетін атқармаса да болады. Яғни, балалары ата-ана құқықтарынан айырылған ата-анасына алимент төлеуден босатылады.
«Айта кету керек, бұл жерде қартайған ата-анасын бағып-қағуға туған баласы ғана емес, асырап алған баласы не болмаса кезінде бауырына басып алған немересі де міндеттеледі. Балалары өз міндеттерін орындамайтын болса, ата-анасы сотқа жүгінуге құқылы. Бірақ бұл жерде зәбір көретін, психологиялық қысым көретін ата-аналардың көбісі өз бетінше жүріп-тұра алмайтын қауқарсыз адамдар екенін ұмытпау керек. Олар өздігінен сотқа жүгіне алмайды. Бірақ олардың мүддесін қорғайтын әрбір аудан орталығы мен қалаларда әлеуметтік қорғау мекемесі бар. Сол мекемелердің қызметкерлері қартайған кісілердің жағдайын тұрақты біліп, хал-жағдайын ұдайы тексеріп отыру керек», – дейді заңгер.
«Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым» дейтіні секілді, көптеген ата-ана іштен шыққан шұбар жыланын жамандыққа қимайды. Сондықтан жан жарасының жанында тән жарасына көз жұма қарайтыны сондықтан. Оның үстіне, әлгіндегідей ата-анасына төлеуі тиіс алиментті де беруден жалтарып, жауапкершіліктен босатылып жүргендері көп. Мысалы, Отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғау комиссиясы мен Балалардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен агрессорлардан таяқ жеген әйел мен балалардың құқығын қорғауды қатайту керегін талап етіп келеді. Соның арқасында бала алдындағы міндетін толық орындамай, алиментін төлеуден жалтарған ата-аналарды бас бостандығынан айыратын жауапкершілік қарастырылды. Ал ата-анасына алимент төлеуден жалтарғандарға дәл осындай жауапкершілік қарастырған абзал болар ма еді. Өйткені әлгінде айтқандай, Қарттар үйіндегі ата-әжелердің барлығы алимент дегеннен әлі бейхабар. Есіктің арғы жағында өз баласынан күн сайын қорлық көріп, тепкінің астында қалған қариялардың құқығын қорғап жатқан дәл осындай құрылымды да көрмейсің. Осының өзі қоғамда қарттардың жағдайын қалтарыста қалдырып келе жатқанымыздың дәлелі болса керек.