Қымбат соғымның да сорпасы татымайды
Қымбат соғымның да сорпасы татымайды
2,986
оқылды
Қыс қаһарына мініп, аяз қысқанда Арқа қазағы соғымсыз қалмайды. Ірі қараны баптап, желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында сойып алады. Алайда соңғы уақытта ақмолалық көп ағайын үшін ойынан шығатын соғым алудың өзі мәселеге айналғандай. Ет бағасының күн сайын шарықтағанын былай қойғанда малды семірту үшін дәрілеуге дейін барады деп дабыл қаққандардың қарасы қалың. Көпшілік соғымының жайын тек етті асқанда ғана барып байқап, сан соғып қалып жүр. Айла артылмайтын ет сату­шылардың арбауына түскендер еттің дәмі қалмай бар майы тү­гелдей сорпаның бетіне шығып кететінін айтады.
– Жарты миллион теңгеге жуық сомаға соғып алып бас шайқап отырмын. Еттің дәмі жоқ. Кәдімгі тығыздалған резең­ке сияқты дәмі қалмаған. Айтуға аузың бармайды. Әрі жүрген-тұрған жерімде әртүрлі жиын-тойларда мен сияқты алданып қалғандардың көп екенін байқап жүрмін. Ет қазанға салынған соң қайнаған кезде бірден майы сорпаны бетін алып кетеді. Мал­дың жылдам қоң жинауы үшін дәріленгенін кейін білдік. Кей­біреулер мұның денсаулыққа зиян екенін айтып жүр. Тіпті ұрпақтан-ұрпаққа ген арқылы берілетін түрлі ауруларға ұшырау да мүмкін дегенді естіп зәрем ұшты. Мұндай дәріленген ет қазір көбейген. Тіпті базарға да емін-еркін өтіп жатқанына еш­кім кепілдік бере алмайды. Өйт­кені Қытайдың малды семіртетін дәрілері бізде емін-еркін сатыла береді екен, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Жоланбай Досжанов.
Өзіміз де бұл дәрілердің Қы­тай асып келетінін интернетті ақтарып отырып байқап қалдық. TikTok, Instagram сияқты әлеу­меттік желілердегі жарнамала­рынан көз сүрінеді. Бұл дәрі­лердің ашық сатылымда бар-жоғын анықтау үшін шаһардағы ветеринарлық дәріханалардың біріне бас сұқтық. Кирилл есімді жігіт мұндай дәрілердің ешбір ветеринарлық дәріханада са­тылмайтынын, бірақ интер­нет­тен табуға болатынын жеткізді.
– Малды оңай әрі жылдам семіртетін дәрілер бізде сатыл­майды. Бірақ интернетте гор­мондық мұндай дәрілер толып жатыр. Бұл дәрілер малдың гор­мондарының жұмыс істеу ре­жимін бұзады. Осыдан мал тез семіреді. Дәрімен семірген мал­дың етін жеу адамның денсау­лығына кері әсер етеді. Тіпті оның ген арқылы ұрпағына зия­нын тигізеді. Бізден күнде бол­маса да осындай жылдам се­мір­тетін дәрілерді сұрап келетіндер бар, – дейді Кирилл есімді ве­теринарлық дәріхана қызметкері.
Бұл мәселе жайында Ақмола облысы әкімдігінің ветерина­рия басқармасының бас­шы­лығымен тілдесіп көргенбіз. Бас­қарма басшысының орын­басары мұндай дәрілердің бар екенін естігенімен, олардың та­ралып жатқанынан хабарсыз екен.
– Малды жылдам семіртетін дәрілер бар дегенді естідім. Бірақ оның қандай болатынын біл­меймін. Бізде ондай дерек тір­келген жоқ. Мұндай дәрілердің таралуы жайында ешнәрсе айта алмаймын. Базарларды, ет сату­шыларды тексере алмаймыз. Өйткені бизнесті тексеруге то­лықтай мораторий жариялан­ған, – дейді Ақмола облысы әкімдігі ветеринария басқарма­сы басшысының орынбасары Ибрагим Қапарұлы.
ірі қара Ал облыстық ветеринарлық инспекция басшылығы мал се­міртетін дәрілер туралы тіптен ха­барсыз екен. Инспекция бас­шысы біздің күдігімізге қатысты жұрт арасында тараған қауесет деген пікірін білдірді.
– Малды жылдам семіртетін дәрілер туралы ешнәрсе біл­меймін. Қытайдан келеді деп ес­тідім. Бізге мұндай фактіге бай­ланысты ешқандай арыз-шағым болған жоқ. Әрі шағым түспесе кәсіпкерлерді барып жоспарлы түрде тексере де ал­маймыз. Бұл жай жұрт арасында тараған жел сөз деп ойлаймын. Мен осы ветеринария саласында 22 жыл істеп мұндай болатыны туралы естімеген екенмін. Мә­селен, бәрі білетін «Ивермек» препараты салынған малдың етін белгілі бір уақытқа дейін жеуге тыйым салынады, – дейді Манат Айтқожаұлы.
Облыстық ветеринария­лық зертхана мамандары да өздеріне осы уақытқа дейін біз көтеріп отырған мәселе бо­йынша еш­кімнің шағым айтып келмегенін алға тартты. Әрі нақты ақпарат беруден ат-тон­дарын ала қашты.
– Зертханаға осы уақытқа дейін алған соғымының сапа­сына күмәнданып келген ешкім болмады. Біз де мұндай тексеру аккредиттеу тізіміне де енгізіл­меген. Базардағы ет сол базарда тұратын ветеринариялық инс­пек­цияларға қарайтын жеке­меншік зертханаларда текс­е­ріледі, – дейді Ақмола облыстық ветеринарлық зертхананың меңгерушісі Әлия Жәнібекқызы.
Сала мамандарының көбі соғымға сойылатын малды дәрі-дәрмекпен семіртуге қатысты нақты мәлімет бермегенімен мұндай етті тұтыну денсаулыққа зиян екенін айтумен болды. Осыған қарап дәріленген әрі дәмі жоқ ет жеп жүрміз деген ақмолалық ағайынның дабылы тектен-тек қағылмағанын аң­ғардық. Бұл ойымызды ауыл ша­руашылығы ғылымының ма­мандары да құптады. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ауыл шаруа­шылығы ғылымы кафедрасының меңгерушісі Серікбай Шеге­новтің айтуынша, стероидты және гормонды препараттардың малдың да, адамның да ағзасына орасан зор зиянын тигізеді.
– Стеройдты және гормонды препараттар мен антибиотиктер малдың гормондарының дамуын жеделдетеді. Ірі агроқұрылымдар бұл дәрілерді тиісті мөлшерде бергенімен, жекеменшік мал бағушылар норманы сақтай ал­майды. Гормондық препараттар малдың гормондары мен ішкі органдарының жұмысын бұзады. Осыдан мал тез семіреді. Бе­рілген дәрі қан арқылы жылдам сіңіп, оны ешқандай анти­биотикпен зарарсыздандыру да мүмкін болмай қалады. Жүр­гізілген зерттеулердің нәтижесі мұндай дәрілермен семіртілген етті тұтынған адамға да орасан зор зардабын тигізетінін дә­лелдеді. Мұндай етті жеген адамдар түрлі онкологиялық ауруларға, семіздікке, бедеулікке тап болуы мүмкін. Өкініштісі сол, қазір елімізде шетелден қаптап келіп жатқан мұндай препараттарды зерттейтін бір­де-бір зертхана жоқ. Мал етін тексеретін зертханалар оның құрамындағы басқа аурулардың болу-болмауын ғана бойынша тексереді. Ал мал етінің дәрілен­ген-дәріленбегенін сырт көзбен ажыру мүмкін емес, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау уни­вер­си­тетінің ауыл шаруашылығы ғы­лымы кафе­драсының меңгеру­шісі Серікбай Шегенов.
Қазір соғымның бағасы да күн сайын шарықтап барады. Статистикалық деректерден рес­публикадағы ең қымбат соғым­ның да Ақмола облысында екені белгілі болды. Мал ұстайтын фермерлердің айтуынша, со­ғым­ның бағасына бірнеше басты фа­кторлар ықпал етеді. Хабар­ландыруларда байтал мен тай­лардың құны 550 мың теңгеден, ірі биелер 700-850 мың теңгеден асып тұр. Екі-үш ай семіртілген болма бағасы 1 миллион теңгеге де жетіп жығылады. Ал ол алға­ның жоғарыдағы гормонды және стеройдты дәрімен семіртілген болса, осыншама ақшаңыздың желге ұшқаны дей беріңіз.  

P.S. Тақырыпты зерттеу ба­ры­сында мал етімен қоса, қазір дәнді-дақылға да осындай жыл­дам өсіріп, апта ішінде ғана пісіп кетуіне ықпал ететін дәрілер се­білетінін білдік. Бұл әрине келесі тақырыбымызда қозға­мақпыз. Ең өкініштісі, сол ұрпақ­тың та­мырына балта шауып, қа­зақтың басты асын қор еткен­дердің ­әре­кетін көргенде ішің удай ашиды. Бірақ қолдан келер дәр­мен бар ма?

Ақмола облысы