Халықтың бағы – білікті басшы
Халықтың бағы – білікті басшы
813
оқылды
Көшбасшысы халқына адал қызмет етсе, мемлекеттің қарыштап өркендеуі үшін үлкен жауапкершілікпен, аянбай жұмыс істесе, онда елдің жұлдызы оңынан туып, өркениет жо­­лындағы ұлы көште алға оза бермек. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті істі абыроймен атқарып, мемлекеттік мүдде үдесінен шығып келеді. Биылғы жыл ел бас­­­­шылығына да, елге де қиынға соқты. Қауырт жұмыс істеуге, шын мәнінде шетін ше­шім­­дер, тосын шаралар қабылдауға тура келді. Соның арқасында республика тарих сынынан аман өтіп, тәуелсіздігін нығайта түсті. Президенттің қызметі құ­жат­­тардың үлкен ауқымына қа­­тысты жұмыспен тығыз бай­ланысты екені белгілі. Қ.Тоқаев 2022 жыл­дың 26 желтоқсанына дейін 68 заңға қол қойды. 422 Жар­лық шығарды. 137 өкім қабылдады. 4 508 қызметтік хат-хабар жаз­ған. Сонымен қатар 594 жеке және заңды тұлға­лардың жолда­нымына қатысты тиісті шешім­дерге қол қойыпты. Мемлекет басшысы Қазақ­станды әлемдік аренада ұсы­нады, мемлекет пен ұлт мүддесін халықаралық деңгейде қорғай­ды. Осы мақсатта Қ.Тоқаев осы бір жыл ішінде 14 елге 25 рет са­пар шекті. Ол елдердің қата­рында Америка Құрама Штат­тары, Қытай Халық Республи­касы, Сауд Арабиясы, Франция, Қатар, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Иран, Ресей және басқа да елдер бар. Ел Президенті 19 елдің мем­лекет бас­шысымен кездесіп, маңыз­ды келіссөздер жүргізді, Қа­зақстанның дамуына үлес қоса­тын уағдаластықтар мен келісім­дерге қол жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы 60 жеделхат жолдаған. 30 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Шетелдік әріптестерімен және басқа да биік лауазымды тұлғалар­мен 59 рет телефон арқылы сөй­лесті. Дегенмен, Мемлекет басшы­сының қызметінің басым бөлігін ел ішіндегі жұмыстар қамтиды. Ол биыл 59 жиналыс пен кеңеске, 31 халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатысқан. 298 рет қабылдау мен кездесу өткізген. 7 рет үндеу мен мәлімдеме жа­сады. 1 рет жария түрде консти­туциялық заңдарға қол қойды. Бұл оқиға 2022 жылғы 5 қара­шада болды. Оның барысында жаңа тари­хымызда алғаш рет қабыл­данған «Консти­туциялық сот ту­ралы», «Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл туралы», «Прокуратура ту­ралы» және басқа да Мемлекет басшы­сының 2022 жылғы 16 нау­рыздағы Жол­дауын іске асыруға бағытталған жалпы саны 6 заңға қол қойылды. Оның бәрі биылғы маусымдағы жалпыұлттық рефе­рен­думда халық құптаған баста­маларға өмірге жолдама береді. Қазақстан лидері 2022 жылы ел ішінде және шетелге бірқатар са­пар жасады. Ол 147 390 шақы­рым қашықтыққа ұшқан. 238 сағат бойы ұшақта болды. 16 рет жұмыс сапарымен еліміздің ай­мақтарына барды. Тарихи сын – күрделі ше­шімдер кезеңі Биылғы жыл Қасым-Жомарт Тоқаев үшін күрделі шешім қа­былдаудан басталғаны мәлім. 2022 жылғы 5 қаңтарда ол Алматы қа­ласында және Маңғыстау облы­сында төтенше жағдайды енгізу туралы №725 және №756 жарлық­тарын шығарды. Бұл кезде бейбіт шерулер бүлік пен былыққа ұлас­қан болатын. Республика отқа оранды. Қан төгіле бастады. Ха­лық­ты қорғау, елді тоз-тоз болып құрудан сақтап қалу үшін ел бас­шылығына төтенше қа­дамға баруға тура келді. Ахуал ары қарай ушығып бара жатқандықтан, сол күні ел тарихында тұңғыш рет Қазақстанның бар­лық өңірінде төтенше жағдай жарияланды. Қазақстан қала ма, әлде құри ма деп, бүкіл әлем көз тіккен сол тағ­дыршешті, тар жол, тайғақ кешті 5 қаңтар күні Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан жағдайға бай­ланысты мәлім­деме жасап, «Билік құламайды!» деп нық жария­лап, қарсылық көрсетуші күштерді диалогқа шақырды.
– Қадірлі ағайын! Баршаңызға тағы да айтарым: іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпараттарға сеніп, ереуілге са­лынған топтың қитұрқы әрекет­тері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақыра­мын. Азаматтық және әскери мақсат­тағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет, – деп ескертті Президент.
Сонымен бір мезгілде ол жұрт­шы­лықтың талап-тілегін ескеріп, ел сенімін ақтай алмаған, халық­тың әл-ауқатын арттыра алмаған Үкіметті 5 қаңтар күні отставкаға жіберді. Бұқара наразылығына түрткі-триггер болған автогаз, жанар-жағармай бағасы күрт төмендетіліп, олардың бағасын көтеруге жарты жылға мораторий жарияланды. Күні кеше осы арзан бағалар келесі жылға да ұзартыл­ғаны белгілі болды. Президенттің пәрменімен күш құрылымдары ба­тыл қимылдап, өңірлерде қо­ғамдық тәртіпті қалпына келтіре бастады. Мемлекет басшысы ал­ғаш­қы болып, 12 қаңтарда СҚО, Павлодар, Батыс Қазақстан об­лыстарындағы төтенше жағдай­дың күшін жойды. Ал 19 қаңтарда, сағат 00:00 бастап, елордада, Ал­матыда, Алматы, Атырау, Жам­был, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ТЖ режимі, ко­менданттық сағат және басқа уақытша шектеулер жойылды. Бұдан бұрын төтенше жағдай өзге өңірлерде алып тасталған бола­тын. Осылайша, бүкіл ел қалыпты өмірге оралды. Қазақстан халқы­ның бірлігі, көшбасшысын қол­дап, соның айналасында топ­тасуы, құқық қорғау органдары мен армияның жанқиярлық қи­мылы арқасында тыныштық пен тұ­рақтылық қайта оралды. Сол қаралы қаңтар күндері Қа­зақстан көшбасшысына кадр­лық салада да ауыр, бірақ маңызды саяси шешімдер қабылдауға тура келді. Төрағасы Кәрім Мәсімов бас­таған Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің лауазымды тұлғалары, кейін Қорғаныс ми­нистрі Мұрат Бектанов, бұрынғы Прези­денттің бірқатар туыстары қамауға алы­нып, олардың үстінен іс қозғалды. Бірқатарына қатысты сот үкімдері шықты, қалғанына қатысты сот процестері жалғасуда. Қаңтар оқиғалары елдегі тым ұзаққа созылып кеткен билік транзитінің, саяси трансформа­цияның аяқталуына ықпал етті. Елдегі саяси билік толыққанды Пре­зи­денттің қолына көшті. Іс жүзінде Елбасы институты жойы­лып, ол символдық сипат­та ғана қалды. Таяуда, жыл соңында Мә­жіліс «Елбасы туралы» конститу­циялық заңның күшін жоятын және Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айыруды қарастыратын заң жобасын жұ­мысқа қабылдады. Ел дамуына халықтың ынтымағы ықпал етті Жалпы, халықаралық сарап­шылар қаңтар оқиғаларынан соң Қ.Тоқаев кейбір өзге елдердегі сияқты бар билікті уысына жиып, елде төл автократиясын күшейтеді деп қауіптенген. Алайда Қазақстан көш­басшысы ел тарихында, тіпті аймақ елдері тәжірибесінде бол­маған, теңдессіз демократиялық жаңғыруларды бастап берді. Мысалы, ол Президент ретінде көп­теген өкілеттіктерден бас тар­тып, кең ау­қым­ды конституция­лық реформаны қолға алды. 5 ма­мырдағы №888 Жарлығымен Ата заңға өзгерістерді 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумға шы­ғарып, халқы­ның ақ батасын алды. Соны­мен қатар ол ел тізгінін өмір бойы ұс­тауға ниеті жоқтығын анық аң­ғартып, әрі өзінен кейінгі билеу­шілердің билікті ұзақ иемде­ніп алуына тосқауыл қою үшін пре­зидент­тік мандатты бір реттік 7 жылмен шектеді.
«Тоқаев қаңтар трагедиясынан дұрыс сабақ алды. Ол жеке дик­татурасы режимін енгізіп, елді бұ­дан да терең құрдымға құлат­пады. Керісінше, тек Қазақстан­ның ғана емес, бүкіл өңірдің та­ри­хында еш ба­ламасы жоқ демо­кратиялық жаңғыруларды жүзеге асыруға жедел кірісті. Көптеген президенттік артықшылықтан және құ­зыр-өкілеттіктерінен өз еркімен бас тарт­ты. Парламенттің, тұтастай алғанда аза­маттық қо­ғам­ның рөлі мен функциясын күшейтті. Бұдан былай Президент ел, тарих және ар алдында жауап­ты болатын халық қызметшісі, жал­дамалы менеджер ғана бола­ты­нын мәлімдеді. Орталық Азия тарихында бұрын-соңды болмаған жайт: дәл Қазақстанда өз халқы­мен жеті жылдық контракт бекіт­кен Президент пайда болды. Ол хан, сұлтан, патша емес, халқына адал қызмет етуге ант еткен ме­неджер», – дейді «Трагический ян­варь» кітабының авторы, р­е­сейлік жазушы, тарих зерттеушісі Леонид Млечин.
Шынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 қара­шада, Алматы жұрт­шылығымен кездесуде берекелі қоғам мен мық­ты мемлекет құрудың басты талабы ретінде әділдікті атаған болатын. Оның айтуынша, бар­шасы ішкі, сыртқы саясатта және барлық салада әділдік қағидатын берік ұстануы тиіс. Бұл Прези­дентке де қатысты.
– Президент – жалдамалы менеджер. Ха­лық онымен белгілі бір мерзімге келісім­шарт жасайды. Азаматтардың еркін таң­дауы­ның нәтижесінде елдегі ең жоғары мем­­лекеттік лауазымға ие болған адам мил­лиондаған отандасының дауысымен бекі­тілген келісім­шарт­қа қол қояды. Пре­зи­дент лауа­зымы – артықшылықтан бұ­рын, зор жауапкершілік. Бұл қызметті ат­қар­ған және атқаратын әр­бір адам ең қа­тал үш соттың – халықтың, тарихтың және ар-ұж­данының алдында жауап береді, – деді Қ.Тоқаев.
Оның байламынша, әділет­тілік – тұ­рақ­тылықтың, татулық пен тыныштықтың басты кепілі. Әділдік бар жерде заң сақ­талады, тәртіп бұзылмайды. Президенттің жыл бойы қа­был­даған шаралары, шешімдері, бастамалары Әді­летті Қазақстан­ды құруға бағытталды десек, жаңылмаспыз. Президент 2022 жыл­ғы жұмысы барысында бар­лық күш-жі­герін әділдікке жақ Қазақстанның іргесін қалауға жұмылдырды. Елдің игілігі мен дамуына, халықтың ынтымағына ықпал етті. Қауырт та қызық жыл күтіп тұр Биылғы жылы Мемлекет бас­шысы қаң­тар оқиғаларымен, референдуммен, конституциялық реформамен, саяси жаңғыру­лар­мен, Президент сайлауымен бай­ланысты емес, бірақ ел есінде қа­латын өзге де маңызды ше­шімдер қабылдады. Мысалы, 2022 жылғы 3 мамырда «Алматы облысының Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы» Жарлық шы­ғарды. Ал 4 мамырдағы «Қазақстанның әкім­шілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жар­лығымен жаңа 3 өңірді – Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құр­ды. Сонымен бірге ел басшылығы­ның саяси ерік-жігері арқа­сында биыл елор­дадан Нұр-Сұлтан атауы жойылып, көз отықты, құ­лақ­қа сіңісті болған, әрі шетелде жақсы танымал Ас­тана атауы қайтарылды. Қорыта айтқанда, биылғы бір ғана жылда ондаған жылдарға бергісіз өз­герістер болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тұжырым­дағандай, 2022 жылы Қазақстан суперпрезиденттік басқарудан бас тартып, күшті Парламенті бар президенттік респуб­лика жүйесіне көшті. Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды иеле­нуге тыйым салынды. Іс ба­сындағы Прези­дентке қандай да бір партияға мүше бо­луына тыйым салынды: ол саяси күштердің бәрінен тысқары, жоғары тұрады. Енді Президент 7 жылдық мер­зімге бір рет қана сайланатын болды. Яғни, билікті жеке-дара иеленуге жол берілмейді. Саяси күштерді жаңғырту, жандандыру үшін жаңа партияларды құру ісі күрт жеңілдетілді. Саяси үдерістер ашық, ал саяси жүйе ор­нықты болады. Бірқатар өкілеттіктер Пре­з­иденттен Парламентке, орта­лықтан аймақ­тарға берілді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламенттің рөлі және мәрте­бесі артты. Конституциялық сот құ­рылды. Алла қаласа, амандық болса, келесі, 2023 жыл да қауырт әрі қы­зықты болғалы тұр. Барлық сала­ны қамтитын жаппай әрі жүйелі реформалар қолға алы­нады. Жаң­ғырудың ауқымы кеңейтіледі және ол жалпыұлттық диалог, халық үніне ден қою ар­қылы жүзеге асырылады. Се­наттың, Мә­жілістің, барлық дең­гейдегі мәслихаттар­дың және әкім­дердің сайлауы ұйымдас­тырылмақ. Яғни, Қазақстан ұлы электорал­ды кезеңге аяқ басады. Жаңа сайланған Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болады. Президент алдағы осы науқан­дарға өзі «айрықша мән беріп отырғанын», сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуі тиістігін жариялады. Мұның бәрі еңсесі биік ел­дікті, іргесі сө­гіл­мес мемле­кет­тілікті нығайтуға сеп­теседі деген сенім мол. Мемлекет басшысы мә­лімдегендей, алдымызда тұрған не­гізгі мақсат – еліміздегі тұрақ­тылықты, қауіп­сіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын бола­шаққа қарай қарқынды дамуына жол ашу болады.