Көкшетау нансыз қала ма?
Көкшетау нансыз қала ма?
1,132
оқылды
«Ас атасы – нан» деген. Алайда дастарқанның сәні де, мәні де саналатын бас тағам кейінгі кезде көкшеліктерге уайым болды. Көпшілік күнделікті тұтынатын нанның тауқыметін тартып жүр. Нан бағасының Көкшетауда бірден күрт көтеріліп, онсыз да қалтасы жұқа халықтың әбден тығырыққа тірелгені жайлы көзі қарақты оқырманымыз өткен сандарымыздан хабардар. Ал жыл соңы шаһардағы бүтін бір өндіріс орны – «Көкшетау нан зауыты» кәсіпорнының қақпасына қара құлып ілінді. Бірінші қаңтардан бастап, зауыт жұмысын мүлде тоқтатты. Яғни, бұл дегеніңіз мыңдаған қалалық жұрт нан тапшылығына ұшырады деген сөз. Зауытта жұмыс істейтін ондаған жұмысшы көк тиын нәпақасыз қалмақ. Түйінді мәселенің түпкі төркіні мен себептерін зерттеп-зерделеп көрмек болдық. Тиісті мемлекеттік орган – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының статистикалық деректеріне сенсек, «Көкшетау нан зауыты» күні бүгінге дейін көкшелік жұрттың 10 пайызын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп тұрған. Зауыт сонау кеңестер заманында, 1952 жылы пайдалануға берілген. Халыққа ондаған нан мен тоқаш өнімдерін ұсы­натын зауыттың жабылып тынуы жұрт­шылықты ашындырып, ащы жанайқайын тудырды. Тіпті, жаңа жыл мейрамынан кейін он шақты дүкенге бас сұғып, нан­ның жоқ екенін өз көзімізбен де көрдік. Нанның тапшы бола бастағанын тұр­ғындар да айтып жүр.
– Қалада нанның тапшы бола бас­тағанына біршама уақыт болды. Күндізгі уақытта қажетті мөлшердегі нанды алып қоймасаң, кешкі төрт-бестерде нанды шырақпен іздесең де таба алмайсың. Тіпті, «Орталық базардағы» ірі сауда орындарында да нан болмай қалады. Осыған дейін сатылымға шығарылған нан өнімдері қатып, бүлініп кетеді деп қорыққандықтан осылай ететін шығар деп ойлайтынмын. Ал енді күндізгі уақыттың өзінде нан таппайтын бол­дық. Кеңес заманынан көкшеліктер­дің сүйіп жейтін нан өнімдерін шы­ға­ратын «Көк­шетау нан зауыты» ақыры жабылып тынды», – дейді қала тұр­ғыны Дариға Бекмұратова.
Ең өкініштісі, сол зауыттың жа­былуына байланысты ондаған өнеркәсіп жұмысшысы жұмыссыз қалмақ. Жұ­мысшыларға алдын ала зауыттың жа­былатыны туралы хабарландыру тара­тылған. Алайда халықты нанмен қамтып отырған зауыттың не себептен жабы­латынын зауыт басшылығы жұмысшы­ларына еш түсіндірмеген. Жағдайды ал­дымен облыстық кәсіпкерлік және ту­ризм басқармасы басшылығынан анық­тамақ болып, осы салаға жетекшілік ететін басқарма басшысының орын­ба­сары – Александр Загребинмен тілдестік. Алайда зауыттың жабылатынын есті­генімен, ол оның не себептен жабылып жатқанынан да хабарсыз болып шықты.
– «Көкшетау нан зауытының» жабы­лып жатқанын естідім. Бірақ не себепті жабылып жатқанын, оның құрылтай­шылары кім екенінен хабарым жоқ. Бар жағдайды басқарма басшысының өз аузынан ғана біле аласыз, – дейді Кә­сіпкерлік және туризм басқармасы бас­шысының орынбасары Александр Загребин.
Басқарма басшысынан зауыт ди­ректорының байланыс телефонын әрең сұрап алдық. Алайда нан зауыты жа­былғаннан кейін зауыт директоры шет­елге кетіп қалған болып шықты. Зауыт­тың жабылу себебін анықтамақ болған сауалымызға директор бір-екі ауыз сөз­бен ғана жауап берді.
– Мен қазір шетелде жүрмін. Иә, за­уыт жабылған. Оның не себебін сұрай­сыз. Зауытты ұстау тиімсіз болды. Сосын жабылды. Мені енді мазаламаңыз, – де­ген «Көкшетау нан зауыты» кә­сіпор­нының директоры Әнуарбек Ома­ров телефон тұтқасын тастай салды.
Түйінді мәселенің жауабын Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысынан сұрамақ болдық. Бірақ бірнеше күн хабарлассақ та тілдесу мүмкін болмады. Ақыр с­о­ңында телефонын көтеріп, сауалда­ры­мызға жазбаша жауап берді.
– Көкшетау қаласында нан өнімде­рін шығаратын «Көкшетау нан зауыты» кәсіпорны құрылтайшылардың ше­шімімен 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жабылды. Қысқартуға ұшыраған жұмысшылардың саны – 59 адам. Жұмысшылар зауыттың жабылып, қыс­қартылатыны туралы өткен жылдың 1 желтоқсанында хабарландыру алған. Өкінішке орай, зауыттың құрылтай­шы­ларының кім екенін білмейміз. Біз тек зауыттың директорын ғана білеміз. Заңға сәйкес қысқартуға ілінген қызметкер­лерге тиесілі барлық төлемдер төленген. Зауытта жұмыс істеген көптеген жұ­мыс­шылар тәжірибелі мамандар. Сондық­тан олар әрқашан еңбек нарығында өз орнын тауып алатыны сөзсіз. Қазіргі таң­да қысқартылуға байланысты зауыт­тың бұрынғы жұмысшыларынан еш­қандай арыз-шағым түскен жоқ. Қалада бұдан да басқа нан зауыттары бар ғой. Сауда орындарында нан және басқа да нан өнімдері жетерлік, – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлік және туризм бас­қармасының басшысы Ербол Оспанов.
Басқарма ұсынған деректерге сен­сек, жекеменшік зауыт басшылығына мем­лекет тарапынан қаржылай қолдау да ұсынылыпты. Тіпті, зауыттың жұмыс істеу тиімділігін арттыру мақсатында «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы арқылы бағаны тұрақтан­дыру тетігі шеңберінде айналымдағы қа­ражатты толтыру үшін жеңілдік шар­тымен қарызға қомақты сома да ұсы­нылған. Зауыт басшылығы бұл ұсынысты қабылдап өз қызметін қайта бейімдеу жағын қарастырып көрмек. Сонымен, тұтас қаланың 10 пайызын, яғни, мыңдаған халықты ас атасымен қамтамасыз еткен зауыт жабылып тынды. Қаржыны қалтасына басқан зауыт бас­шысы шетел асқанын өзі айтты. Зауыттың қайта нан өнімдерін шығаруға өз қауқары жетпейді. Мемлекеттен ұсынылған қа­рыз қаражатты ала ма, алмай ма, ол да белгісіз. Нәпақасыз қалған ондаған жұ­мысшының басым бөлігі зейнет жасына жетіп, яки асып кеткені айтпаса да түсінікті. Олардың жұмыспен қамты­луы да екіталай мәселе екені сөзсіз.

Ақмола облысы