Қаңтар оқиғалары қазақ еліне сын болды, халық кер заманға кезіге жаздады. Бірақ елінің бірлігі, билігінің батылдығы арқасында бауыры бүтін шығып, елдікті еселеуге, мызғымас мемлекеттілігін бекемдеуге жаңа мүмкіндік алды. «Қасіретті қаңтар» атымен тарихта қалған қайғылы оқиғалардан тура 1 жыл өткенде, биыл алғашқы жалпы отырысын Мәжіліс сол оқиғалардың мән-жайын, егжей-тегжейін анықтауға арнады. Ол үшін жиынға құзырлы органдардың басшылары және «Қаралы қаңтар» мәселелерін зерттеген қоғамдық ұйымдардың жетекшілері шақырылды.
Іс-шараға орай Мәжіліс ғимаратында көрме ұйымдастырылып, онда бүлікшілерден тартып алынған және тергеу барысында табылған қару-жарақтар, құралдар, сондай-ақ соққыға жығылған полицейлердің бүлінген киімдері, қалқандары, оқ өткізбейтін кеудешелері қойылды. «Қанды қаңтар» оқиғаларына арналып түсірілген бейнеролик көрерменінің көзіне жас үйірілтердей мұңлы, кейде өзекті өртердей ащы көріністерге толы болды. Осыдан-ақ қазақ елінің қандай азап пен тозақтан, алапат тауқымет пен қиянаттан аман қалғаны аңғарылады.
Опасыздық өршіген шақ
Ел бүлінсе, былыққа батады. Отырыста радикалды топтар, тіпті күштік құрылымдардың кейбір өкілдері 2022 жылғы 1 қаңтарда басталған бейбіт шерулерді ізінше қанға бөктіргені ашық айтылды. Жалпы, бұл оқиға қастандықпен, сатқындықпен, опасыздықпен қосақабат өрбіген көрінеді. Фейк ақпараттар қоғамдағы жекелеген қарау ниеттілер тарапынан да, сондай-ақ құзырлы органдардағы арамза ойын жүзеге асырмақ болғандар тарапынан да толассыз таратылған. Мысалы, ел басшылығына «Алматыда наразылық білдірушілер құқық қорғау органы өкілінің басын кесіп алды» деген ақпарат берген. Ол дерек расталмады.
«Қасіретті қаңтардан» кейін, 2022 жылғы 16 қаңтардағы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болғанын, жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасағанын, опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар екенін ашық мәлімдеді. Президенттің дерегінше, олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа байланыс арналарын өз бақылауына алды. Сөйтіп, «олар елді ыдырату үшін ойына келген барлық тәсілді қолданған».
– Соңғы жылдары Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін жалғастыра беруді көздеді. Жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Президентті биліктен кетіргісі келді. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты, – деген еді ел Президенті.
Сондықтан депутаттарды, ақпарат құралдарын мазалаған басты сұрақ: «Мемлекетті басып алуды ұйымдастырушылар кімдер?» болды. Бүгінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталыпты. Олардың 13-іне қатысты іс сотта қаралуда. Бірақ олардың көбі халыққа белгісіз, танымал емес, қатардағы тұлғалар.
Бас прокурор Берік Асылов «қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушыларының бірі» ретінде Кәрім Мәсімовты атады: «Мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық болды, сол мақсатта мемлекетке қарсы қастандық жасалды. Бүгін айтқанымдай, негізгі ұйымдастырушылар ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығы – К.Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалды», – деп жауап берді Бас прокурор.
«Сонда Кәрім Мәсімов – бас ұйымдастырушы ма?», – деп нақтылады жиыннан соң тілшілер. «Солай деуге болады», – деп растады Б.Асылов. Ол Кәрім Мәсімовтің ісі «аса құпия» режимде тергелгенін жеткізді. Материалдарды жариялауға шектеу қойылған, өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін екен.
«Мәсімовтің тағы бір орынбасары Дәулет Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша айыпталуда. Сондай-ақ ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов пен ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылды. Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ», – деді Б.Асылов.
Журналистер Бас прокурордан қаңтар оқиғаларына ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің қаншалықты қатысы барын сұрады. С.Әбіштен әзірге тек куәгер ретінде жауап алыныпты.
«Мемлекетке опасыздық жасауға және билікті басып алуға қатысты қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеді. Қаңтарға қатысты тергеулер жалғасып жатыр. Фигуранттардың жауапкершілігі туралы мәселе қылмыстық іс аяқталғаннан кейін белгілі болады. С.Әбіштен тек куәгер ретінде жауап алынды», – деді ол.
Отырыста К.Мәсімовтің тапсырмасымен ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткені жарияланды.
– Аумақтық күштік органдар басшыларының билікті асыра пайдалануы туралы фактілерге жеке тоқталғым келеді. Жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жеткен шақта Алматы қаласы, Алматы мен Қызылорда облыстарының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы түп көтеріліп, өз ғимараттарын тастап кеткен. Тергеу анықтағандай, 5 қаңтарда жеке құрамға ғимараттан кетуге дайындалу керегі жөнінде ҰҚК төрағасының орынбасары Садықұловтан нұсқау түскен. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері ұжымы өз ғимараттарын тастап шыққан. Турасын айтқанда, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның кесірінен тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақытылы қабылданбаған, – деді Бас прокурор.
Оның тұжырымдауынша, салдарынан Алматы мен Талдықорған қалалары 2 күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды: қару-жарақтың үлкен арсеналын – 3 мыңға жуық автомат, пистолет, снайперлік винтовка және он мыңдай оқ-дәріні тонап кетті.
«Осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қарулары бүлікшілердің қолына түсті. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз. Арнайы прокурорлар билікті асыра пайдаланудың осы фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 аумақтық департаментінің экс-басшылары, Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы, басқа адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. Қазір сот талқылауы өтіп жатыр. Олардың кінәсінің дәрежесі мен жаза түрін соттар анықтайды», – деді Б. Асылов.
Бұл ретте Жамбыл облысы Полиция департаментінің экс-бастығына қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды: ол өзін-өзі атып өлтірген. Ал Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы, комендант Серік Күдебаевтың мекеме ғимаратын тастап кеткен видеосы депутаттарға паш етілді. 2023 жылғы 5 қаңтарда Талдықорғанда Күдебаевтың үстінен сот ісі басталғаны хабарланды. Генерал-майор Күдебаевқа Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі (билікті, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша айып тағылды.
Шетелдіктер шет қалмаған
Қаңтар оқиғалары кезінде БАҚ-та ауруханаға түскен кейбір жаралының қазақ, орыс тілінен басқа бір тілде өзара сөйлескені туралы ақпарат тарады. Сол себепті «Қаралы қаңтарға» шетелдік, сыртқы күштердің қаншалықты қатысы бар деген сауал да қоғамның көкейінде жүр. Бас прокурор шетелдердің азаматтары да қатысқанын мәлімдеді.
«Арнайы прокурорлар жалпы саны 720 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Бұдан өзге, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар. 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған болып шықты», – деген Берік Асылов жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі 35 жасқа дейінгі жастар екенін растады.
«Сонымен қатар Қазақстанның қалаларындағы жаппай тәртіпсіздіктерге және басқа қылмыстарға қатысты деген күдікке іліккендер арасында шетелдіктер де анықталды. Олардың арасында Өзбекстан, Ресей, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан азаматтары бар», – деді Бас прокурор.
Дегенмен артынша Қырғыз сыртқы істер министрлігі бұл сөзді теріске шығарды: «Министрлік қырғыз азаматтарының қаңтар оқиғаларына қатысы барын түбегейлі жоққа шығарады. Жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша қылмыстық істерді тергеу кезінде қырғыз елінің екі азаматы шартты мерзімде жаза өтеу түрінде жауапқа тартылды. Бұл азаматтар өздеріне тәуелді емес мән-жай бойынша кездейсоқ жеке эпизодқа тартылды. Республикамыздың басқа азаматтарының жауапкершілігі мен кінәсі дәлелденбеді. Бірде-бір азаматымыз Қазақстандағы митингілерге, жаппай тәртіпсіздік пен тонауға қатысқан жоқ. Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрлігі және шетелдердегі мекемелері 2022 жылғы қаңтар оқиғасында Қазақстандағы қырғыз азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыс жүргізді, оның ішінде 600-ден астам қырғызстандық жедел түрде эвакуацияланды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Өз кезегінде, қазақстандық полиция қаңтар оқиғаларына қатысты 4 623 қылмыстық істі тергеді. Олардың көбі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынған. Ұрланған мүліктің көбі кері тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталып, оның 502-сі арнайы прокурорларға табысталған.
Негізі, құзырлы органдар «Қаралы қаңтарда» қаза тапқандардың үлкен бөлігі бейбіт тұрғын емес дегенге келтіріп отыр: оларды қорғалатын нысандарға шабуылдау барысында атып тастаған. Бас прокурордың пікірінше, жаппай тәртіпсіздік барысында қаза тапқандарға ерекше назар аударылды: мысалы, қаңтар оқиғаларында, объектілерді қорғау және лаңкестікке қарсы операция барысында жалпы саны 238 азамат қаза тапты. Оның 19-ы күш құрылымдарының қызметкері. Қалғанының 41-і бұрын сотталғандар.
Бас прокуратура тергеу барысында барлық ақпаратты қайта тексеріп, қаңтар оқиғаларында мерт болғандарға қатысты статистиканы жариялады: 67 адам шабуылдаушы деп танылды, яғни жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан деген күдік тағылды. 142 адам ТЖ және терроризмге қарсы операция кезінде ерекше режимді бұзғандықтан, талапқа бағынбағандықтан атылған. 4 адам басқа құқық бұзушылықтар барысында қаза тапқан.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың дерегінше, тұтастай алғанда, қаңтар оқиғаларында 3 037 полиция мен Ұлттық ұланның жауынгерлері жарақат алды, мертікті. Біразы әлі күнге қатарға қосыла алмаған, сауықтырудан өтуін жалғастырды.
– 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап, аймақтарда төтенше жағдай режимдері мен коменданттық сағаттар енгізілді. 6 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап терроризмге қарсы операция режимі жарияланды. Бұл қысқа мерзімде елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, күштік құрылымдардың 19 қызметкері қаза тапты. 3 037 полиция мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жарақат алды. 28-іне оқ тиіп, 177-сінің сүйегі сынған. 111-і пышақталған. Көптеген қызметкер әлі де ем алуда», – деді министр.
Қорғаныс министрі неге ұсталды?
Қамауда отырған және айыпталған биік лауазымды тұлғалар арасында бір адам дараланады. Себебі ол опасыздық жасамаған, мемлекетке қарсы қастандықты ұйымдастырушылар қатарында да жоқ. Сонда бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов неге ұсталды? Қазір әскери сотта М.Бектановтың ісі бойынша тыңдау жүріп жатыр.
«Тергеуге сәйкес, ол төтенше жағдай кезеңінде заңсыз бұйрық берген және стратегиялық нысандарды әскерилердің күзетінсіз қалдырған. Бұрынғы Қорғаныс министрі елімізде конституциялық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдамаған», – деп мәлім етті Б.Асылов.
Әрине, бұлардың бәрі әзірге күдік қана. Оның қаншалықты шын, әлде жалған екенін тағы да сот анықтайды.
– Тәртіпсіздікке қатысқандар, әсіресе Алматыда саны жағынан басым болды. Олар қоршауларды бұзды, полиция мен Ұлттық ұлан күштерін басып, халыққа зорлық-зомбылық жасады. Соның салдарынан қылмыскерлер қолынан адамдар қаза болды, қалалар тоналды және өртелді. Ал Бектанов ұрыс жағдайында билікті асыра пайдалану бойынша айыпталды. Сот оның іс-әрекеттеріне түпкілікті баға береді және қажет деп тапса, оның жазасын анықтайды, – деді Бас прокурор.
Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 2022 жылғы 21 ақпанда ұсталды және содан бері уақытша ұстау изоляторында отыр. Әу баста, 2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура оның үстінен Қылмыстық кодекстің 452-бабы, яғни әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған еді. Енді айыптау бабы өзгертілді.
Қару қолдану қаншалықты заңды болды?
Депутаттарды халыққа қару қолдану қаншалықты дұрыс болды деген сауал мазалады. Осыған байланысты Бас прокуратура полиция қызметкерлерінің қимылына құқықтық баға берді. Қорытындысында тәртіп сақшыларының қару қолдануы заңды деп танылған.
«5 қаңтарға қараған түні бірқатар өңірде митингілер өріс алды. Наразылар автожолдар мен теміржолдарды жапты, вокзалдар мен әуежайларды бұғаттады, мемлекеттік органдар ғимараттарын қоршады. Елді мекендердің инфрақұрылымы мен күнделікті тіршілігіне кедергі келтірілді. Яғни, қарапайым қазақстандықтардың қоғамдық құқықтары бұзылды. Бір мезгілде Тараз, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Орал қалаларында мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдіктердің ғимараттарына шабуыл жасалды. Барлық жерде қызметкерлерге қарсы күш қолданылды, нәтижесінде көбі ауыр жарақат алды. Ғимараттар, қызметтік автокөліктер, бейнебақылау камералары зақымданды. Қысқасы, мұны енді «бейбіт митинг» деп айтуға мүлдем келмейді», – деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Ол ертесіне, 5 қаңтарда бейбіт шерулер орнын жаппай тәртіпсіздік басқанын жеткізді. Бейберекетсіздік Қызылорда, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған қалаларында ушыға бастады. Қызылордада Ұлттық ұланның жауынгері М.Қайсаровты, Талдықорғанда тағы бір әскери қызметші А.Амановты бүлікшілер өздері басып алған арнайы көлікпен қасақана қағып өлтірген. Осы күні Қызылордада қару-жарақты иемдену мақсатында полиция ғимаратына қарулы шабуыл жасалған.
«Сондықтан халықтың, полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қатердің алдын алу мақсатында қылмыскерлерге қарсы қару қолданылды. Қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылды. Ол үшін барлық негіз болды. Бұл – азаматтарды қылмыстық озбырлықтан қорғау. Бұл – қару иеленуге тырысушылардың жолын кесу. Бұл – қызметкерлерге, қызметтік және әскери кезекшіліктерге, күзетілетін нысандарға шабуылды тойтару. Егер полиция қызметкерлері заңда көзделген кешенді іс-шараларды орындамағанда трагедия ауқымдырақ болар еді. Прокуратура құқықтық баға берді. Оларды қолдану заңды деп танылды», – деді ІІМ басшысы Марат Ахметжанов.
Ал Бас прокурор Берік Асылов шабуылдаушыларға оқ ату Президент бұйрығынан бұрын басталғанын хабарлады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев лаңкестерді ескертусіз атуға 7 қаңтарда бұйрық берген еді.
– Шабуылдаушыларға оқ ату Президенттің әйгілі мәлімдемесінен бұрын басталды! Заң нормаларында оның тәртібі реттелген. Күштік құрылым қызметкерлері атыс қаруын бірінші рет Алматыдағы Президент резиденциясын қорғау кезінде – 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында қолданғанына ерекше назар аударғым келеді. Одан соң полиция мен әкімдіктер ғимараттарына және басқа объектілерге шабуыл жасалғанда, яғни тәртіпсіздіктер күш көрсету сатысына ауысқан кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлері қару қолданған, – деді Берік Асылов.
Артынша антитеррорлық операция кезінде, қалаларды қарулы содырлардан «тазалау» кезінде қару кең қолданылды.
«Демек, шабуылдаушыларға қарсы оқ ату Президенттің белгілі мәлімдемесінен едәуір бұрын болған. Әлдебіреулер бұған қатысты барлық дискуссия мен қоғамдық пікірді әдейі басқа бағытқа бұрып жүр. Іс жүзінде қылмыскерлерге оқ ату үшін күштік құрылымдарға Президенттің арнайы бұйрығы қажет емес. Бұл мәселелер құқық қорғау қызметі туралы, Ұлттық гвардия туралы, терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңдарда тікелей нормалармен реттелген. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді. Сондай қауіпті жағдай 5 қаңтарда болды және 8 қаңтарға дейін, яғни жағдай тұрақталғанға дейін жалғасты», – деді Бас прокурор.
Мемлекет күйреуден аман қалды
«Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан 2022 жылдың 22 қаңтардан бері жұмыс істеп келе жатқан комиссияның, адвокаттар мен құқық қорғаушылардың жұмысының алдын ала қорытындысын шығарды. Комиссия қаңтар оқиғаларына қатысушыларды шартты түрде 3 топқа бөліп қарастырған.
– Бірінші топ – ұйымдастырушылар. Екіншісі – арандатушылар. Үшіншісі – арандап қалғандар. Яғни, әу баста бейбіт митинг деп шығып, ұйымдастырушылар мен арандатушылардың айтағына еріп, әртүрлі сипаттағы құқықбұзушылық жасағандар. Негізгі адамдар санын осы үшінші топ құрады және біздің комиссия осы топпен мақсатты түрде жұмыс істеді, – деді ол.
Мәжілісте сөз сөйлеген жауапты тұлғалардың пайымдауынша, қаңтардағы тәртіпсіздіктер мен одан кейінгі төңкеріс жасау әрекеті мұқият жоспарланған. Қаңтар оқиғаларына дайындық бүкіл 2021 жыл бойы жасырын түрде жүргізілген көрінеді. Бұл жұмысты жүргізу ұйымдасқан қылмыстық топтарға жүктелген, күш құрылымдарының жекелеген өкілдері басшылық еткен, арнайы қаржы бөлініп, оған адамдар тобы жиналған, қару-жарақ, рация және көлік сатып алынған деген мәлімет бар. Оның қаншалықты шын екені соттағы талқылау барысында айқындалуы тиіс.
Бір анығы, 2022 жыл басындағы дүрбелең Қазақстанның тәуелсіздігіне, мемлекеттілігіне нұқсан келтіруі, тіпті ыдырауға соқтыруы мүмкін еді. Бір апта ішінде ғана елімізде 1 466 ғимаратқа шабуыл жасалды, көбі қиратылып, өртелді. Оның ішінде 1 395 – бизнес нысаны, 71 – мемлекеттік мекеме, 44 – Ішкі істер бөлімі бар. Бизнес субъектілеріне келтірілген залал 100 млрд теңгеге жуықтаған. Премьердің бірінші орынбасары Роман Склярдың мәліметінше, қаңтарда нұқсан келген ғимараттарға 31 млрд теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің көбі мемлекетке көмегі ретінде одан өтемақы талап етпеді, бүлінген нысандарын өз қаржыларына жөндеді.
Қасіретті қаңтар оқиғалары салдарынан жалпы алғанда, еліміз бойынша 5 149 адам жараланып, 238 адам мерт болды. Олардың 19-ы – күштік құрылымдардың қызметкерлері.