Ақтөбеде 1,5 миллиард теңге салық төлеуден жалтарған компания басшысы анықталды. Экономикалық тергеу департаменті "Ақтөбеэлектросетьстрой" ЖШС директоры Болат Көшкеновті 2015-2017 жылдар аралығында 1 миллиард 491 миллион теңге сомасында салық төлемеді деп айыптады, – деп хабарлайды "Диапазон" басылымы.
Басылым мәліметінше, компания директоры кінәсін мойындамаған. Айыпталушы мемлекеттік сатып алумен жұмыс істеп, қосалқы мердігерлердің қызметіне жүгінгенін және жалған шот-фактураларды пайдаланбағанын айтқан.
Бірақ, сот Болат Көшкеновті салық төлемегені үшін кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ, сот оны мемлекетке 1 миллиард 491 миллион теңге көлемінде залалды өтеуге міндеттеген.