Жарықсыз ауыл, жылусыз қала
Жарықсыз ауыл, жылусыз қала
594
оқылды
2023 жыл жамбылдықтар үшін қарлы боранмен басталды. Табиғат­тың тосын мінезіне төтеп бере ал­маған әлеуметтік нысандар мен стра­тегиялық маңызы бар кешен­дер­дің жұмысы істен шығып, халық жылу мен жарықсыз қалды. Сондай-ақ ауызсу жүйесінің желісі үзіліп, тасжолдардағы қозғалыс толық­тай тоқтады. Осылайша, әулие­а­талықтар бір күнде 90-жыл­дарға қайта оралғандай күй кешті. Жамбыл облысында Қарлы бо­ран­ның ең ауыр соққысы Талас пен Сарысу аудандарына дөп келді. Жаңатас қаласында бастапқыда 2 көп­қабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 9 спорттық нысан зақымдалды. Бұдан бөлек, электр бағаналары құлап, жарық жүйелері істен шықты. Бірқатар ауылдық округтің де көше шамдары қирап, жеке тұрғын үйлердің шатыры ұшып кетті. Жаңатас қаласына табиғи апаттан кейін араға күн салып облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жетіп, дауыл­дан келген залал мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын көзбен көрді. Аймақ бас­шы­сы ең алдымен «Көкбұлақ» сумен қамту қой­масындағы электр желілерінің жөндеу жұмыс­та­рын бақылады. Су қоймасының негізгі қыз­меті «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету болғандықтан, Нұр­жан Молдиярұлы желілерді реттеу жұмыстарын жедел әрі сапалы орындауды тапсырды. Себебі халыққа ең бірінші тіршілік нәрінің тұрақты жет­кені маңызды. Жаңатас қаласының орталық жылыту қазан­дығының да бұқара үшін орны ерек. Дауылдан кейін қазандық жұмысы реттеліп, 97 көпқабатты үйге жылу берілді дегенімен, жылу айналымын ретке келтіру мен ауа шығару сияқты шараларды орындау қажет. Қазандыққа қосымша электр желілерін тарту да кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені осы жолғы дауыл қазандықтың қауқары қаншалықты екенін айқын айғақтап берді. Облыс әкімі аудандағы іссапары кезінде зардап шеккен бірқатар көпқабатты үй Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназия, «Қазақтелеком» және «Қазпошта» торабының ғимараттарын да аралап көрді. Жалпы моноқала­да 9 нысан қатты зақым­данып отыр. Қазір олардың барлығында күрделі жөн­деу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыс­тарына жергілікті мердігерлер тартылуда. жылусыз қала Сарысу ауданындағы электр желілеріне жауап­ты мекеменің ақпаратына сүйенсек, бар­лығы 726 шақырым жарық желісінің 62 шақы­рымы үзіліп, 10,5 мың бағанның 240-ы құлап қалған екен. Бү­гін­де 51 шақырым электр желісі мен 151 баған қалпына келтірілген.
– Қалпына келтіру жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталуы тиіс. 1-2 күнде Жаңатас қаласы то­лығымен және ауданның елді мекендері электр қуатына қосылуы керек. Осы мерзімде қалаға су, жылу толығымен берілуі қажет. Қаладағы әр үйге жылудың жетуін тексеріңіздер. Ішінара бүлінген нысандарды аудан бір күнде ретке келтіруі керек. Әр нысанға бір-бір мердігерден бекітілуі маңыз­ды. Уақыт жоғалтуға болмайды. Елді мекендерді тазарту жұмыстарына да барынша көңіл бөліңіздер. Халық арасында түсіндіру, ақпарат­тандыру шараларын ұйымдастырыңыздар. Біздің ең негізгі міндетіміз – халыққа қызмет көрсету, – деген Нұржан Нұржігітов аудандағы іссапарын қоры­тын­дылаған штаб отырысында талапты тапсыр­маларын тағы бір мәрте шегелеп жүктеді.
Сондай-ақ облыс әкімі аудан халқы қиын кезде азық-түліктен тапшылық көрмеуі қажет екенін де қа­таң ескертті. Айта кетейік, төтенше жағдай ке­зінде елді мекенге 17 мың бөлке нан жеткізілген. Талас ауданын да қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Аталған ауданға да аймақ басшысы арнайы ат ізін салып, Есейхан, Қасқа­бұлақ және Қараой ауылдарындағы үзілген электр желілері мен құлаған бағаналарды көзбен көріп шықты. Бұл елді мекендер дауыл кезінде алғашқы­лардың бірі болып жарықсыз қалған. Қазір Есейхан мен Қараой ауылына жарық берілсе, Қасқабұлақ ауылы генератор арқылы электр желі­сін тұтынуда. Қатты жел кезінде Қаратау қаласындағы «Игілік» қазандығына да зақым келсе, сондай-ақ бірқатар көпқабатты үйлердің шатыры ұшып, барлығы 11 нысан күрделі жөндеуді қажет етуде. Қазір аталған жұмыстармен жергілікті мердігер­лер айналысуда. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің ақпа­ратына сүйенсек, табиғи апаттан келген шығын әлі есептелуде екен. Сондықтан мердігерлер құры­лыс жұмыстарын өз қаржыларына жүргізу­де. Жос­парлы жұмыс аяқталғаннан кейін кеткен шығын төтенше жағдайларға қаралған резервтік қордан төленіп берілмек. Ең бастысы, алдағы аязды күндерге дейін аудан мен қала тұрғындары жарық пен жылуға толықтай қосылсын деп тілейік. Әйтпесе, бұл боран бармақ тістеніп ғана қоймай, талай шенділердің былғары орындығын да шайқауы мүмкін...

Жамбыл облысы