2023 жыл жамбылдықтар үшін қарлы боранмен басталды. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмаған әлеуметтік нысандар мен стратегиялық маңызы бар кешендердің жұмысы істен шығып, халық жылу мен жарықсыз қалды. Сондай-ақ ауызсу жүйесінің желісі үзіліп, тасжолдардағы қозғалыс толықтай тоқтады. Осылайша, әулиеаталықтар бір күнде 90-жылдарға қайта оралғандай күй кешті.
Жамбыл облысында Қарлы боранның ең ауыр соққысы Талас пен Сарысу аудандарына дөп келді. Жаңатас қаласында бастапқыда 2 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 9 спорттық нысан зақымдалды. Бұдан бөлек, электр бағаналары құлап, жарық жүйелері істен шықты. Бірқатар ауылдық округтің де көше шамдары қирап, жеке тұрғын үйлердің шатыры ұшып кетті.
Жаңатас қаласына табиғи апаттан кейін араға күн салып облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жетіп, дауылдан келген залал мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын көзбен көрді. Аймақ басшысы ең алдымен «Көкбұлақ» сумен қамту қоймасындағы электр желілерінің жөндеу жұмыстарын бақылады. Су қоймасының негізгі қызметі «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету болғандықтан, Нұржан Молдиярұлы желілерді реттеу жұмыстарын жедел әрі сапалы орындауды тапсырды. Себебі халыққа ең бірінші тіршілік нәрінің тұрақты жеткені маңызды.
Жаңатас қаласының орталық жылыту қазандығының да бұқара үшін орны ерек. Дауылдан кейін қазандық жұмысы реттеліп, 97 көпқабатты үйге жылу берілді дегенімен, жылу айналымын ретке келтіру мен ауа шығару сияқты шараларды орындау қажет. Қазандыққа қосымша электр желілерін тарту да кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені осы жолғы дауыл қазандықтың қауқары қаншалықты екенін айқын айғақтап берді.
Облыс әкімі аудандағы іссапары кезінде зардап шеккен бірқатар көпқабатты үй Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназия, «Қазақтелеком» және «Қазпошта» торабының ғимараттарын да аралап көрді. Жалпы моноқалада 9 нысан қатты зақымданып отыр. Қазір олардың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті мердігерлер тартылуда.
– Қалпына келтіру жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталуы тиіс. 1-2 күнде Жаңатас қаласы толығымен және ауданның елді мекендері электр қуатына қосылуы керек. Осы мерзімде қалаға су, жылу толығымен берілуі қажет. Қаладағы әр үйге жылудың жетуін тексеріңіздер. Ішінара бүлінген нысандарды аудан бір күнде ретке келтіруі керек. Әр нысанға бір-бір мердігерден бекітілуі маңызды. Уақыт жоғалтуға болмайды. Елді мекендерді тазарту жұмыстарына да барынша көңіл бөліңіздер. Халық арасында түсіндіру, ақпараттандыру шараларын ұйымдастырыңыздар. Біздің ең негізгі міндетіміз – халыққа қызмет көрсету, – деген Нұржан Нұржігітов аудандағы іссапарын қорытындылаған штаб отырысында талапты тапсырмаларын тағы бір мәрте шегелеп жүктеді.Сондай-ақ облыс әкімі аудан халқы қиын кезде азық-түліктен тапшылық көрмеуі қажет екенін де қатаң ескертті. Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде елді мекенге 17 мың бөлке нан жеткізілген. Талас ауданын да қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Аталған ауданға да аймақ басшысы арнайы ат ізін салып, Есейхан, Қасқабұлақ және Қараой ауылдарындағы үзілген электр желілері мен құлаған бағаналарды көзбен көріп шықты. Бұл елді мекендер дауыл кезінде алғашқылардың бірі болып жарықсыз қалған. Қазір Есейхан мен Қараой ауылына жарық берілсе, Қасқабұлақ ауылы генератор арқылы электр желісін тұтынуда. Қатты жел кезінде Қаратау қаласындағы «Игілік» қазандығына да зақым келсе, сондай-ақ бірқатар көпқабатты үйлердің шатыры ұшып, барлығы 11 нысан күрделі жөндеуді қажет етуде. Қазір аталған жұмыстармен жергілікті мердігерлер айналысуда. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, табиғи апаттан келген шығын әлі есептелуде екен. Сондықтан мердігерлер құрылыс жұмыстарын өз қаржыларына жүргізуде. Жоспарлы жұмыс аяқталғаннан кейін кеткен шығын төтенше жағдайларға қаралған резервтік қордан төленіп берілмек. Ең бастысы, алдағы аязды күндерге дейін аудан мен қала тұрғындары жарық пен жылуға толықтай қосылсын деп тілейік. Әйтпесе, бұл боран бармақ тістеніп ғана қоймай, талай шенділердің былғары орындығын да шайқауы мүмкін...
Жамбыл облысы