Жастар қай «тілде» сөйлеп жүр?
Жастар қай «тілде» сөйлеп жүр?
1,719
оқылды
Y ұрпақтың өкілі ретінде «жәрбик», «ржунемогу», «понт» және тағы басқа жаргон сөздер қолданғаным есімде. Ауылдан келген, жаздық тәпішкемен нәски киетін жігітті «жәбрик», сабақты жақсы оқитын, қызға сөз айта алмайтын бозбаланы «задрот», жігіттің сұлтанын «крутяк» дейтін едік. Одан соң миллениалдардың сөздік қорын Eminem, 2Pac, Usher, Тиматилердің өнері көбейте түсті. Ол уақытта біздің сленгпен сөйлейтініміз және оны алдыңғы ұрпақтың түсінбейтіні мүлдем ойымызға кіріп-шықпаған екен. Шын мәнінде, тіл мамандарының айтуынша, сленг – зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып. Өйткені бұл – бүтін бір ұрпақтың болмысының бір бөлшегі. Қазіргі Z ұрпақ қай «тілде» сөйлеп жүр? Олардың түсініксіз сөздері тілді шұбарлап жүрген жоқ па? Сленг – белгілі бір топ өкілдері, әсіресе, жастар арасында кең қолданылатын арнайы сөздердің жиынтығы. Еуропада бұл термин ХІХ ғасырдың басында кең қолданысқа енген, түбіріне қатысты тартыс көп. Әйгілі британиялық лингвистер Дж. Б. Гриноу бен Дж. Л. Киттридж сленгті «қаңғыбастардың тіліне» жатқызса, филологтардың екінші бір тобы бұл құбылыстың әлеуметтік сипатқа ие болғанын айтады. Мәселен, әлеуметтік жар­гон алғаш XVIII ғасырда шаруалардың ара­сында пайда болған деген дерек бар. Олар тұр­мыс­тағы кейбір құпияларды иесінен жа­сырын ұстау үшін арнайы сөздерді пайда­ланған деседі. Мысалы, жыртылған жердің жоспарын орындай алмаған екі шаруа өзара мәміле жасау үшін жаргон сөздердің көмегіне жүгінген көрінеді. Одан қала берді, рэп жанрының жанкүйерлері, әртүрлі геймерлер де өз арасында түрлі сленгтер қолданған. Тіл мамандарының тағы бір тобы сленгке қара­байыр сөз ретінде қарауға болмайтынын ай­тады, өйткені бұл құбылыс қоғамда белең алғаны соншалық, кей сөздер әдеби тілге еніп кеткен. Мәселен, «шпаргалка» сөзі о баста жаргон болған. Ал бүгінде әр ұрпақтың өзіне тән жар­гондары бар. Z ұрпақтың сөздік қорына зер салсаң, жаңадан тіл ойлап тапқан шығар дер­сің. Қазір «краш» сөзі жастардың жаргоны десек те, кең қолданысқа енді. Z ұрпақтың сөздік қорындағы жаңа сленгтердің дені ағылшын тілінен алынған. Бірнеше мысал келтірейік. Шағыстыру, ызаландыру дегенді жастар «байтить» дейді, түбірі to bite – ағылшын тілінен «тістеу» мағынасын береді. Жастардың «Мені байтить етуді қойсаңшы» дегенін жиі естиміз. «Вайб» – атмосфера, көңіл күй дегенді білдіреді. Бұл да ағылшын сөзі, vibe – вибрация. Алғашында эзотерик­тердің жаргоны болған бұл сөз кейіннен жастардың арасында кең қолданыла бастады. Жастардың «вайбты бұздың ғой» дейтіні «белгілі бір көңіл күйді құрттың» деген мәнге саяды. Войсить (ағылшын сөзі voice – дауыс) – дауыстық хабарлама жазу дегенді білдіреді. Айта берсек, қазіргі жастардың сөздік қоры жаңа сөздерге бай: кринж – ұятты іс, пранк – әзілдесу, пруф – дәлел, рофл (Rolling On the Floor Laughing) – күлкіден жарылу, хейт – жек көру, чекать – тексеру және тағысын та­ғылары. краш Десе де, бүгінгі ұрпақтың арасында түбірі орыс тіліндегі сөздерден енген жаргондар да бар. Мәселен, жастар қолданатын «варик» сөзі орыстың «вариант» дегенінің қысқар­тылған нұсқасы. «Зашквар» – ұятты іс, бұл сөз тарихы жағымсыз, «зашкварить» сөзін түрмедегі қауым біреуді кемсіту үшін қолда­натын болған. Сондай-ақ қыздар арасында кең танымал «ЛП» сөзі орыстың «лучшая подруга» дегенінің қысқартылған түрі және тағы басқалары. Сөздерді қысқарту арқылы сленг жасау бүгінгі жастар арасында көп кездеседі. Мұны тіл мамандары интернеттің, әлеуметтік желілердің дамуымен түсіндіреді.
«Бағзыда эпистолярлық жанр дамып, хат алмасу кең қолданыста болған уақытта сөзді, сөйлемді толық әрі көркемдеп жазу мәдениеті болған. Айлап-жылдап хат жазысатын жұрт, айтар ойын бір параққа сыйдыру үшін асық­пай, әсемдеп жазуға бейім болған, тұрақты сөз тіркесін, ақын-жазушылардың нақыл сөз, өлеңдерін жаттап жүруге әуестенген. Осы себептен о заманда тіпті ауызекі тілде де қысқартылған, қарабайыр сөздердің қарасы көп болмаған. Ал бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы хат алмасу жылдамдықты талап етеді, сондықтан хат алмасушы айтар ойын мейлінше қысқартып жазуды құп көреді, мақсат – адресаты айтар ойын түсінсе бол­ғаны», – дейді PhD-доктор Нұрбол Байтасов.
Филолог мамандар кез келген ұрпақтың өзіне тән жаргоны болатынын және бұл құ­былысты қалыпты қабылдауымыз керегін жиі айтып жүр. Себебі біз қаласақ та, қаламасақ та сленгтен әдеби тілге енген сөздер көп, оны тіл тарихынан көріп отырмыз.
«Сленгтер тілді шұбарлайды» деп оны қол­данысқа енгізуден түбегейлі бас тартқа­нымыз орынсыз. Өйткені тіл үнемі өзгеріп, дамып, замана ағымына бейімделіп отыратын тірі ағза. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басында өмір сүрген жастардың жаргоны басқа болды. Ол уақытта интернет, әлеуметтік желі болған жоқ. Таршылық заман, жастардың көбі ұрлық, төбелеске үйір болды, оларды көше, түрме тәрбиеледі. Сәйкесінше, жаргон­дары да қылмыстық өмірді сипаттайтын мәнде болды. Ал қазір жағдай мүлдем басқа, бүгінгі ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, жаңалықтарға бейім. Оның үстіне, қазір билингвизм – заманауи тенденция, екі-үш тіл білу – қалыпты жағдай. Z ұрпақтың сөздік қорына енген сөздер де әртүрлі тілден еніп жатыр. Сондықтан тілдің уақыт өте өзгер­­уі – табиғи құбылыс, бұл құбылысты сынға алудың орнына, дұрыстап зерттегеніміз абзал», – дейді филолог Зәуреш Құсайынова.
Шын мәнінде, тоқсаныншы жылдары жастар қолданған жаргондардың көбі криминал (бұзақылық, алкоголь, есірткі) әлемімен байланысты болған. Мәселен, ол уақытта есірткі жеткізуші – «резидент», сапалы ішімдік – «блондинка», ал сапасыз түрі – «бурда», «синька», қылмыскер – «боготырь» делінген. Сондай-ақ «баунти» (махаббат), «ворона» (әйел), «маруха» (қатал әйел), «кот» (әйелдердің сүйіктісі) және тағы басқа жаргондар болған. Бір қызығы, тоқса­ныншы жылдары сленг болған сөз­дердің көбі зат есім және көбіне әйелдер (қатал, әдемі, көңілді, боянатын) мен ерлердің (сүйікті, ішкіш, қылмыскер) түрлерін сипаттаған. Ал қазіргі жастардың жаргондары көбіне етістік және көңіл күйді, түрлі эмоцияны білдіреді. Ғалымдар сленг, жаргондарды жеке зерттеу керек екенін көп айтады. Өйткені тіл тарихына зер салсақ, әдеби қолданысқа енген жаргон сөздер жетерлік. Бұл құбылыс бүгін де қайталануда. Қазіргі Z ұрпақтың да сөздік қорынан бірнеше сленг бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне еніп үлгерді. Мәселен, «буллинг» (ағылшын bullying – жәбірлеу, қорлау) – әлімжеттік, бұл сөз о баста жоғары сыныптың өзінен кішілерге көрсететін «бұзақылық» әрекетін сипаттаған және бұл сөзді интернаттың оқушылары қолданған. Қазір БАҚ беттерінде кез келген саладағы әлімжеттік мәселесін сипаттағанда, «бул­линг» сөзін қолданып жүр. Сондай-ақ «донат жасау» (donate – садақа беру) – қайырымды­лық жасау, харассмент – адамның жеке шек­арасын бұзу, яки еркінен тыс жабысу, эйджизм – адамның жасына қатысты дискриминация және тағы басқалары. Әлеуметтік желілерден жастардың тілін түсінбейміз дейтін аға буынның, ата-аналар­дың уәжін көп көреміз. Өскелең ұрпақпен тіл табысайын десек, олардың тілін «үйренуіміз» керек шығар?