Астаналықтардың тұрмысы тұраламайды
Астаналықтардың тұрмысы тұраламайды
1,587
оқылды
Тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түру маңыз­ды. Өйткені «халық айтса, қалт айтпайды» де­мек­ші, елордалықтардың қа­ла басшылығымен кез­де­суінен кейін қалтарысқа қалған мәселелердің дені қолға алынып, қоғам өкіл­дерінің көтерген баста­малары өтімді іске асып келеді. Жыл соңында Астана қала­сының әкімі Жеңіс Қасымбек кезекте тұрған отбасыларды қа­былдап, жұрттың жайын барынша қамту үшін апта сайын азамат­тарды жеке қабылдауды қолға алатынын жеткізді. Оның айтуын­ша, халық қабылдауынан кейін бірқатар мәселе көтерілген. Онда айтылған түйткілді проблема­лардың шешілу барысы бақылауда ұсталатын болды.
«Қазір қабылдауымда 100-ден астам отбасы кезекте тұр, ал олар­дың қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Проблемаларды ба­рынша жедел шешуге тырыса­мыз. Азаматтарды қабылдау жұ­мысы апта сайын өткізіледі, оның ішінде қала тұрғындарымен жер­гілікті орындарда кездесуді де жал­ғастырамыз. Азаматтарды қа­былдауға eGov.kz, e-otinish порталы немесе қала әкімдігінің кеңсесі арқылы жазылуға болады. Бейбітшілік көшесі 14 мекен­жа­йында орналасқан «Жанұя» от­басы институтын қолдау ор­талығы мен Республика даңғы­лы 32 көшесіндегі Тұрғын үй са­ла­сында қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай орталықтың өзара байланысты күшейтуде көмегі зор», – деген еді елорда әкімі.
Жуырда ғана Алматы ауданын­да халықпен кездескен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен бірге тағы бірқатар мәселені талқылады. Бұл жолы да қала басшысымен еркін форматта кездескен Алматы ауданының тұрғындары көкейде жүрген са­уал­дарын қойып, қала өмірін жақсартуда бірқатар бастама да көтерді. – «Ашық микрофон» форма­тында ниет білдірген жандар өздерін толғандырған сауалын қойды. Кездесу 3 сағаттан аса уа­қытқа созылды. Мұндай кезде­су­лер тұрақты түрде өткізілетін болады. Оның ішінде қаланың өзге де аудандарының, елді ме­кендердің тұрғындарымен кезде­семіз, – деді шаһар басшысы. тұрғындар Аудан тұрғындары әлеуметтік нысандар, инженерлік желілер, жолдар мен тротуарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, абаттандыру, жылы аялдамалар, бейнебақылау камераларын орнату, жаңа маршруттарды іске қосу, интернет, инфрақұрылым нысандары секілді көптеген мә­селені көтерді. Осы орайда негізгі мәселелерге тоқталып өткен қала әкімі «Қалада сумен, жылумен, электрмен қосымша жабдықтау қажеттілігі бар. Келесі жылыту маусымы басталғанға дейін ЖЭО-3, екі газ жылу стансасының құ­ры­лысын аяқтауды тапсырдым. Бұл нысандар жылумен жаб­дық­тау көлемін едәуір арттыруға, сол сияқты құрылысы жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл ауызсу стансасын (ССС-3) толық қуатта іске қосуды жос­пар­лап отырмыз, бұл су беру мәсе­лесін де шешеді. Дегенмен бір­неше жылдан кейін бұл да жеткі­ліксіз болады. Сол себепті қала­ның бас жоспарының жобасына елорданың тіршілігін дұрыс қам­тамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар нысанның құрылысын енгіземіз» деп отыр. Сонымен бірге кездесуде тұр­ғындар №15 қалалық емхана мен Промышленный елді мекеніндегі №13 мектеп бойынша мәселе көтерді. Халықтың айтарын тың­даған Жеңіс Қасымбек биыл ем­хана бойынша жобалау жұмысы басталатынын, содан кейін құры­лыс жұмысына кірісетінін жет­кізді. Ал мектеп бойынша әзірге белгілісі – жаңа ғимараттың құ­рылы­сын бастау жоспарда бар. Сол секілді көктем мезгілінің келуімен аудандарды абаттандыру, жолдар мен тротуарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу секілді мәселелер бойынша жү­йелі жұмыстар жалғасатын бо­лады. Кездесу барысында қала басшысы көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынып қана қоймай, тұрғындар олардың ор­ындалу барысын да білу қажеттігін баса айтты. Күні кеше тағы тұрғындармен, оның ішінде үлескерлермен кез­дескен шаһар басшысы құрылысы ұзаққа созылған бірқатар ғима­рат­қа бас сұқты. «Өздеріңізге мә­лім, әр нысанның өткен тарихы әртүрлі, олардың құрылысы бір­неше жылдан бері бітпей келеді. Мәселен, «Ақерке-2» тұрғын үй ке­шенінің тіпті іргетасы да бол­маған еді, ал «Пана» тұрғын үй кешенінің құрылысы 8 жыл бұрын басталған. Осыған дейін әкімдік құрылысы ұзаққа созылған ны­сандарды аяқтау бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізген болатын. Дегенмен қалған нысандарды аяқтау міндеті де мойнымызда тұр. Бұл 30-дан астам тұрғын үй кешені, онда мыңдаған отбасы жылдар бойы баспанасын күтіп жүр. Құрылысы ұзаққа созылған әрбір нысанды аяқтау бойынша өзіндік жоспары бар. Биыл осы нысандарды аяқтауды тапсыр­дым. Қаланы аралау барысында донор-нысандардың құрылысы­мен таныстым. Олар ұзаққа со­зылған нысандардың құрылысын аяқтау үшін салынған қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз етеді. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында», – деді Жеңіс Қасымбек. Айта кету керек, бұған дейін елордалықтар көлік кептелісін ретке келтіру туралы да бірнеше рет сауал қойған еді. «Көп тілегі көл» демекші, биылдан қалмай Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпір қолданысқа берілмек. Көпір құрылысымен та­нысып қайтқан қала әкімі «Биыл Тәуелсіздік даңғылында Есіл өзені арқылы өтетін автомо­биль көпірін ашамыз. Бұл көпір­дің құрылыс барысымен таныс­тым, ол көлік қозғалысын едәуір жылдамтады: Тәуелсіздік даңғы­лы, жаңа темір­жол вокзалы ау­мағы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұл­тан мешіті, Байтұр­сы­нов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы және сол жа­ғалау ара­сында қосымша бай­ланысты қам­тамасыз етеді. Көпір құрылы­сы­ның қарқынын арт­ты­руды мін­деттедім» деп отыр. Алда­ғы уа­қытта да көлік нөпірін же­ңіл­дету үшін жаңа көшелер салу, жаңа жол­дар ашу, жаңа көпірлер жоба­лау жұмыстары жалғасын таппақ.