– Департамент Кәсіпкерлік кодексінің 170 бабында қарастырылған бағаны ұстау және анықтауға қатысты «Родина» және «Зенченко және К» компанияларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісілген әрекеттерінің белгілерін байқады. Аталған нарық субъектілерінде барлық сүт өнімдерінде оның ішінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаны ымыраласып бірдей етіп қойғандары анықталды. Талдау материалдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің кәсіпорын субъектілері тіркелген Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысындағы аумақтық департаменттерге хабарлама шығару үшін жолданған. Аумақтық департаменттер хабарландыру шығарып, кәсіпорындардың мекенжайына 30 күн ішінде яғни 2023 жылдың 14-15 қаңтарына дейін нұсқаулықты орындау үшін жолдады, – дейді Астана қаласы Монополияға қарсы департаментінің баспасөз қызметінен.Өрге басқан бизнесті тартып алғысы келеді... Монополияға қарсы агенттіктің бас қаладағы департаменті ірі сүт компанияларында баға ымыраластығы болды деп айыптап, жаһанға жар салғанымен, қарапайым халық тұтастай аталған зауыттарды шырылдап қорғап, тіпті мұның көпе-көрнеу жалған екенін әлеуметтік желілерде де жарыса жазуда. Жүздеген пікір жазғандардың бәрі де бұл кәсіпорындарға, ең бастысы, халыққа жасалған кәдімгі қастандық екенін ашық айтуда.
– Зенченкоға «жорық» осыдан екі жыл бұрын-ақ басталған. Фирманың жағдайы шатқаяқтаған күрделі кезеңде ол туралы ешкім де ойлап бас қатырмаған. Ал кәсіпорын істің көзін тауып, шаруасы дөңгеленіп, бірнеше қалада халыққа өз өнімдерінің сатылымын жолға қойған соң-ақ біреулер өрге басқан бизнесін тартып алмақ болды. Мұның кім екені және дайын тұрған кәсіпті қалай тартып алмақ болып отырғанын елдің бәрі біледі. Неге Маначинскийдің кәсібіне тиіспейді? Ондағы өнімдерінің бағасы үш есе көтерілген. Өйткені тиісуге болмайды. Майлы күлшені тапты. «Зенченко» мен «Родинаның» бағасы да, сапасы да басқаларынан әлдеқайда жақсы еді. Бірақ халықтың жайын ойлап жатқан кім бар?! – дейді Марсель Гаттаров есімді Көкшетау қаласының тұрғыны.Спекулянттардың жолы болып тұр... Қала тұрғындары бірқатар нарықта бағасы жүгенсіз кеткен халық тұтынатын басқа өнімдерге еш ықпал етпей, керісінше жұмысы өрге басқан бағасымен де, сапасымен де халықтың көңілінен шыққан кәсіпорындардың соңына шам алып түскен мемлекеттік органдарға наразылықтарын жеткізді.
– Жақында «Хасенов базарында» қиярды 2000 теңгеден алдым. Қызанақты да дәл солай спекуляциялық жолмен бағасын шарықтатып жіберген. Мәселен, «Бишкуль» сүті 230 теңге тұрған. Ал қысқа мерзім ішінде ғана 530 теңге болып шыға келді. Құрметті бақылау органдары, аталған фактілерге неге назар аудармайсыздар? Қандай негіздемеден бағасы осылай көтерілді? Елімізде бидайға қатысты ешқандай дағдарыс жоқ. Бағасы дәл солай тоннасына 100-120 мың теңге күйінде қалған. Бірақ соған қарамастан нанның бағасы шарықтап кетті. Көкше нарығына жаңадан келген «Зенченко» фирмасының сүті алғашқыда 200 теңгеден саудаланса, кейін 330 теңгеге көтерілді. Дегенмен, бұл баға басқаларына қарағанда анағұрлым төмен екенін атап өткен жөн. Бізде әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері қатты қымбаттап барады. Біреулер халықтың есебінен байып, онымен қоса мемлекеттік субсидия алады. Мемлекеттік қолдауға ие болғаннан кейін неге елімізге бағамен көмектеспейді. Ең қажетті нанның бағасы 500 теңгеден сатылып жатыр. Бұл сұмдық емес пе!, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Айерке Жұмағұлова.Түйінді жағдай жөнінде талай жылдар бойы кәсібімен тұтас елге танымал кәсіпкерлермен тілдесіп, мән-жайды білмек болдық. Кәсіпкерлер бұл істің еш қисынға келмейтінін жеткізді. «Бұл – халыққа қарсы акция»
– Антимонополиялық департаменттің жасаған бұл әрекетін өз басым еш түсіне алар емеспін. Біздегі 85 пайыз сүт өнімдері 2,5 және 3,2 пайызбен, айран және қатық өнімі 1 және 2,5 пайыз майлылықпен шығады. Бір атап өтерлігі, «Зенченкомен» баға ымыраластығы болуы еш мүмкін де емес. Өйткені, «Родина» сүтінің көлемі 1 литр болса, «Зенченко» сүті қаптамасы 900 грамды құрайды. Бағасы бірдей деп айтуға еш негіз де жоқ. Бізге нұсқаулық жазып, 1 ай ішінде орындау үшін берді. Енді 19 қаңтарға дейін жауап беруіміз керек. Мен мұны халыққа қарсы акция деп бағалар едім. Осы соңғы үш жыл ішінде біздің сүт өнімдерінің бағасы тек 23 пайызға ғана көтерілді. Шынын айтқанда, дәл қазір шығынға жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ мемлекеттен қаржылай субсидия алып отырғандықтан халыққа сапалы сүт өнімдерін барынша төмен бағада ұсынып келеміз. Бұл бізге ғана емес, халыққа қарсы әрекет деп білемін. Жауабын тиісті түрде барлығын жіпке тізіп беремін, – дейді «Родина» компаниясының бас директоры Иван Сауэр.«Арнайы тапсырыс па деген күдігім бар» Әріптесінің бұл уәжін «Зенченко және К» компаниясының бас директоры Геннадий Зенченко да қуаттап, бұл оның бизнесіне жасалған тапсырыс болуы мүмкін деген күдігі бар екенін де жасырмады.
– Менің ойымша, бәрі менің соңғы жиында сөйлеген сөздерімнен кейін басталды. Саладағы субсидия басқа да барлық өзекті жайлардың бәрін дерлік ашық айттым. «Біреулерге» мұным ұнамай қалған болуы керек. Содан кейін дәл жыл соңында антимонополиялық агенттіктің Астана қалалық департаменті осындай лас «сыйлық» жасады. Елордадағы сүтке өтінім берушілер бір-ақ сәтте күрт төмендеп кетті. Біздің барлық өнімдеріміздің сапасы жоғары әрі табиғи өнім екенін, бағаның басқа сүт өнімдеріне қарағанда айтарлықтай төмен екенін тұтас халықтың өзі мойындап отыр. Толықтай 100 пайыз халық бізді қолдап, шыр-пыр болып жатқанын аңғарамыз. Қазіргі Ресей және Беларусь сүт өнімдері келіп жатқанда бұл бізге жасалған нағыз қастандық деуге әбден болады. Бізді еш негізсіз айыптап отыр. Басқа кәсіпорындарды нарықтан ығыстырып шығару үшін өнімдерінің бағасын бір сәтте төмендетіп тастады дегені еш қисынға келмейді. Өйткені біздің қаптамаларыз да әр түрлі. Біздің қаптама 900 грамдық болса, «Родина» қаптамалары 1 литрді құрайды. Халықтың қолдауына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Менің біреулер тапсырыс берді деген күдігім де бар. Бірақ әзірге ешқандай дәлелім жоқ. Дегенмен, бір шикіліктің бары анық, – дейді «Зенченко және К» компаниясының бас директоры Геннадий Зенченко.
P.S.
Сонымен сүт өнімдерін шығаратын аса ірі қос компания неліктен антимонополиялық органның назарына ілінгені қоғам арасында үлкен резонанс туғызды. Монополияға қарсы мемлекеттік органның да, сүт өнімдерін өндіруші компаниялардың да өз ұстанымы мен уәжі бар. Түйінді жағдай қалай шешілмек? Екі ортада шыбын өліп, халықтың онсыз да тайыз қалтасына тағы ауыр салмақ қосылмаса болды...
Ақмола облысы