– Боқтық сөз ерте түркілік кезеңде де қолданыста болған. Махмұт Қашқари сөздігінде де ол жазылған. Қазақ дәстүрлі этикетті сақтап боқтаған. Туғандар арасында боқтық жүрмеген. Туған әулеттен шыққан жиенді боқтамаған. Алыс рулас қыздан туылатын жиенді боқтай алған. Туған жеңге шешедей, туған жезде әкедей. Қайнылар туған жеңгені боқтамаған. Рулас ағасы арасындағы жеңгесіне қалжыңмен боқтық сөз айтқан. Құрдастар бір-бірімен қалжыңдасқанымен, бір-бірін боқтамаған, қалжыңмен орталарында боқтық сөз айта алған,– дейді Тәттігүл Қартаева.Этнограф-ғалымның пікірінше, боқтау басқа, боқтық сөз айту бір басқа. Боқтау қалжыңмен айтылады және ызақорлықпен айтылады. Екеуі екі түрлі жағдайда қолданылады. Дәстүрлі қазақ қоғамында дәстүрлі этикет қатты сақталған. Қоғамдық орында, көпшілік орында бипыл сөзді орынсыз, жөнсіз қолдану этикетке жат. Ізеттілік, сыпайы сөйлеу болу керек. Қазақы өңір, қазақы қаймағы бұзылмаған ауылдардар да боқтық сөзді дәстүрлі этикет рұқсат беретін «туыстық ортада» өз қалжыңы жарасатын ортада ретімен қолданған.
– Ағалар туған емес, бірақ рулас ауылдық ортада, әкесі өзінен кіші інілерінің, шешесі жеңгелері болып келетін балаларын жұмсау, тәртіп тезге салу мақсатында боқтай алады. Оның әкесі өз әкесінен кіші, оның шешесі жеңгесі болып келетін баланы. Қазақы ортада үлкендер баласының жолдастарын боқтамайды. Құрдас, достар, тамырлар бір-біріне қалжың айтқанымен, бір-бірін боқтамайды. Себебі бірінің әкесі екінші біріне әкедей. Дәстүрлі орта дәстүрлі этикетке өзі тәрбиелейді. Сондықтан дәстүрлі орта қалыптастыруға жұмыс істеуіміз керек,– дейді этнограф.
Көктем ҚАРҚЫН