Былтыр автокөлік тақырыбы қызықтыратын азаматтарды бір хабар қуантқан болатын. Бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры Қазақстанда жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеуге рұқсат берілді. Енді тіркеу кезеңі 23 қаңтарда басталмақ. Шетелдік көліктері барларға берілген жеңілдіктен мемлекет не ұтады? Осы жөнінде аз-кем сараптап көрсек.«Бір қайнауы» кем құжат
Жақында Ішкі істер министрлігі шетелде тіркелген машиналарды заңдастыру 23 қаңтарда басталып, 1 шілдеге дейін жалғасатынын жария етті. Осы аралықта М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санатындағы жеңіл көліктер, сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін келген шағын автобустар мен шағын жүк көліктері жеңілдікпен тіркелмек. Дегенмен бір жайтты ұққан жөн. Былтыр 31 тамызда кірген көлікті тіркете аласыз, алайда 1 қыркүйекте кіргізілген темір тұлпарларға мұндай мүмкіндік берілмейді. Полицейлер машина елге кірген күнді шекара қызметі мен мемлекеттік кірістер органының базасынан анықтайды. Немесе Қазақстанда алғаш сақтандыру полисін рәсімдеген күнге қарайды.
Заңдастырылатын көлік іздеуде жүрмеген, бұрын тіркелген мемлекетте есептен шыққан, кедендік тазартудан өткен болуы тиіс. Айтпақшы, ІІМ басшысының орынбасары Игорь Лепёха шанағы ауысқан машина тіркелмейтінін мәлімдеді.
«Әдетте бұрынғы иесі автомобилін сатқаннан кейін өзі өтініш беріп, оны тіркеуден алып тастайды. Автокөлікті есептен шығару фактісін қашықтан тексереміз, ал кей жағдайда тиісті сұраныс жібереміз», – деді ол.
«2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегеніне бірыңғай алымды белгілеу арқылы 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасалады. Сондай-ақ осы автомобильдер бойынша көліктерге салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады», – деді ол.
Осындай оң шешімнен дәмеленгендердің көңілі толды. Әйтпесе, осыдан екі жыл бұрын азаматтар шетелден әкелген көлігін тіркеуге қойғысы келгенде 3 миллион теңгеге дейін шығындалатын.
Дәмеленгендер дандайсымай ма?
Қазір елімізде 307 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі машина бар. Көбі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген. Үкімет бұл өзгерістің оларға тиімді болатынына сенімді. Жауаптылар да есепсіз емес, салықтың бәрі ел экономикасына да оң әсер етеді. Әйтсе де, тағы бір мәселе тудырар тұсын айтпай кетуге болмас. Стандартты утилалым мен алғашқы тіркеу құнының орнына бірреттік төлем жүргенімен, тағы да айтамыз, жауаптылар машиналардың шыққан жылына, экологиялық сәйкестігіне талап қоймаған. Яғни, ескі-құсқы, құр шанағы әрең жүрген ескі көліктерді де қабылдап алғалы тұрмыз. Онсыз да елімізде ескі көліктер өріп жүр. Былтыр еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың көліктің зауыттан шыққанына 20 жылдан асқаны мәлім болды. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраса, 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған әрі экологиялық талапқа сай емес болып саналады. Шетелден кіргізілген көліктердің бәрі жаңа емес, басым бөлігі 10 жылдан асқан. Бұл – бірінші кем тұсы. Екіншіден, шетелдік көліктер тіркеледі дегеннен автонарықтағы бағалар лезде көтеріле бастады. Автосарапшы Олжас Оқас осыған дейін шетелдік тіркеумен жүрген көліктердің аяқасты қымбаттай бастағанын айтқан еді.
«Осы жаңалықтан кейін шетелден әкелінген Toyota Camry көлігінің иелері бағаны күрт өсірді. Бірақ бұл жерде бізді мазалайтын бір сауал бар: шетелдік көліктерді сенімхатпен жүргізіп келген азаматтар не істейді? Ондайлар да көп кездесетінін білеміз. Сонда Қазақстан азаматына тиесілі емес көлікті қалай атына аударады? Мұны алда ескерусіз қалдыруға болмайды», – дейді ол.
Енгізілген өзгерістің күнгейі мен көлеңкесін қатар қарастырып, қысқаша шолып шықтық. Ал жауабы жоқ сұрақтарды құзырлы ведомство өкілдері алдағы уақытта пысықтай түсер. Осы жерде бізді толғандырғаны – алдағы уақытта да шетелден көлік әкелу үрдісі тыйыла ма? Кіргізілген жағдайда ертеңгі күні, шамамен 2-3 жылдан кейін олар да көліктерін тіркеуді сұрап, талап қоймасына кім кепіл? Біздің болжауымызша, шетелден машина тасып жүргендер көбеймесе, азая қоятын сыңайы байқалмайды. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Сауд Арабиясынан, АҚШ-тан тиімді бағада автокөлік жеткізіп беретінін хабарлаған жарнамалар көбейді. Оларға қызығушылық танытқандардың саны да көп. Яғни, шетелдік көліктерді жеңілдікпен тіркеу жайы алдағы уақытта да көтерілетін сыңайлы.