Былтыр автокөлік тақырыбы қызықтыратын азаматтарды бір хабар қуантқан болатын. Бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры Қазақстанда жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеуге рұқсат берілді. Енді тіркеу кезеңі 23 қаңтарда басталмақ. Шетелдік көліктері барларға берілген жеңілдіктен мемлекет не ұтады? Осы жөнінде аз-кем сараптап көрсек. «Бір қайнауы» кем құжат Жақында Ішкі істер министрлігі шетелде тіркелген машиналарды заңдастыру 23 қаңтарда басталып, 1 шілдеге дейін жалғасатынын жария етті. Осы аралықта М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санатындағы жеңіл көліктер, сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін келген шағын автобустар мен шағын жүк көліктері жеңілдікпен тіркелмек. Дегенмен бір жайтты ұққан жөн. Былтыр 31 тамызда кірген көлікті тіркете аласыз, алайда 1 қыркүйекте кіргізілген темір тұлпарларға мұндай мүмкіндік берілмейді. Полицейлер машина елге кірген күнді шекара қызметі мен мемлекеттік кірістер органының базасынан анықтайды. Немесе Қазақстанда алғаш сақтандыру полисін рәсімдеген күнге қарайды. Заңдастырылатын көлік іздеуде жүрмеген, бұрын тіркелген мемлекетте есептен шыққан, кедендік тазартудан өткен болуы тиіс. Айтпақшы, ІІМ басшысының орынбасары Игорь Лепёха шанағы ауысқан машина тіркелмейтінін мәлімдеді.
«Әдетте бұрынғы иесі автомобилін сатқаннан кейін өзі өтініш беріп, оны тіркеуден алып тастайды. Автокөлікті есептен шығару фактісін қашықтан тексереміз, ал кей жағдайда тиісті сұраныс жібереміз», – деді ол.Шетелдік көлікті заңдастыру үшін иесі 200 мың теңге тіркеу ақысын төлейді. Мұндай машина утилалымынан босатылады. Машинаны жеңілдікпен тіркеуге мамандандырылған ХҚКО-да немесе «Азаматтарға арналған үкімет» порталында онлайн өтініш беруге (ЭЦҚ арқылы) болады. Өтініш беруші көлікті бастапқы тіркеу үшін сұралатын алым мөлшерін қолдануға келісетіні туралы өтінішті жазып, жеке куәлік, көліктің паспорты және көлікті тіркеу туралы куәлік, көліктің меншік құқығын растайтын құжаттарды тапсыруы қажет. Заңдастыруға рұқсат алған көлік иесі алғашқы тіркеу ақысы ретінде – 200 мың теңге, техникалық паспорт ресімдеуге – 4 313 теңге, мемлекеттік нөмір алуға 9 660 теңге мемлекеттік баж төлейді. Бір қызығы, құжатта билік заңдастыратын көліктердің шыққан жылына қатысты ақпарат жоқ. Бірақ құжат дайындалып жатқанда ІІМ машинаның экологиялық класы мен техникалық жабдықталуына қатысты шектеу болмайтынын айтқан. 23 қаңтарға дейін ҚР ИИДМ №342 бұйрығына өзгеріс енуі мүмкін, дәл осы құжат елде экологиялық класы Еуро-4 стандартынан төмен, қауіпсіздік жүйесі жоқ машиналарды алғаш тіркеуге тыйым салады. Бұл жайттың қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Елімізде ескі көліктің көп екенін ескерсек, шетелден келген машиналар осы санатты одан әрі толтырып, экологиялық зардабын тарттыруы мүмкін. [caption id="attachment_236031" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұған дейін шетелден әкелінген көліктердің жыры дастанға айналғанына бірнеше жылдан асқаны мәлім еді. Бірде Үкімет шекара асып келген көліктерді елден біржола шығарып тастағысы келді, бірде қайта құбылып, уақытша тіркеуге қоюға ынталанды. Не керек, жауапты ведомстволар бір тоқтамға келе алмай, мәселені екі жылдан бері сөзбұйдаға салған. Былтыр ақыры тіркеуге рұқсат берілетіні хабарланғанда қуанғандардың қарасы молайды. Олар көлігін бұрын шетелден әкелген азаматтар екені айтпаса да белгілі. Сәл жаңалау көлік шекара асып тасымалдап, ақыры тіркеудегі қиындықтан қажыған жұрт бір марқайды. Рас, елімізде жаңа көліктердің бағасы өзге елдермен салыстырғанда сәл арзанырақ, қаржы болса алу оңтайлы. Дегенмен қазір еліміздің автокөлік нарығында 20 жылдан асып кеткен машиналардың да бағасы ұшып тұр. Мәселен, халықтың сұранысындағы Toyota Camry көлігінің 40-тық шанақтағы нұсқасының шыққанына 15 жылдан асып барады. Соған қарамастан қазір кемі 7 миллион теңге сұрайды. Осыдан кейін азаматтар шетелден көлік алып келмегенде не істейді? Мыңдаған жүргізушінің осындай жанайқайына құлақ асқан Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Ішкі істер министрлігіне мәселені жедел шешуді тапсырған болатын. Тіркеу құнын утилизация алымымен қоса есептегенде, 200-250 мың теңгеден асырмауды да міндеттеді. Сенат бекіткен соң Салық кодексіне осы өзгеріс енгізілді. Құжатқа сәйкес, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру 200 мың теңге деп көрсетілді. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев құжат әзірлене бастағанда мұның бәрінен бұрын жергілікті бюджеттерге пайдалы екенін айтқан болатын.
«2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегеніне бірыңғай алымды белгілеу арқылы 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасалады. Сондай-ақ осы автомобильдер бойынша көліктерге салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады», – деді ол.Осындай оң шешімнен дәмеленгендердің көңілі толды. Әйтпесе, осыдан екі жыл бұрын азаматтар шетелден әкелген көлігін тіркеуге қойғысы келгенде 3 миллион теңгеге дейін шығындалатын. Дәмеленгендер дандайсымай ма? Қазір елімізде 307 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі машина бар. Көбі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген. Үкімет бұл өзгерістің оларға тиімді болатынына сенімді. Жауаптылар да есепсіз емес, салықтың бәрі ел экономикасына да оң әсер етеді. Әйтсе де, тағы бір мәселе тудырар тұсын айтпай кетуге болмас. Стандартты утилалым мен алғашқы тіркеу құнының орнына бірреттік төлем жүргенімен, тағы да айтамыз, жауаптылар машиналардың шыққан жылына, экологиялық сәйкестігіне талап қоймаған. Яғни, ескі-құсқы, құр шанағы әрең жүрген ескі көліктерді де қабылдап алғалы тұрмыз. Онсыз да елімізде ескі көліктер өріп жүр. Былтыр еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың көліктің зауыттан шыққанына 20 жылдан асқаны мәлім болды. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраса, 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған әрі экологиялық талапқа сай емес болып саналады. Шетелден кіргізілген көліктердің бәрі жаңа емес, басым бөлігі 10 жылдан асқан. Бұл – бірінші кем тұсы. Екіншіден, шетелдік көліктер тіркеледі дегеннен автонарықтағы бағалар лезде көтеріле бастады. Автосарапшы Олжас Оқас осыған дейін шетелдік тіркеумен жүрген көліктердің аяқасты қымбаттай бастағанын айтқан еді.
«Осы жаңалықтан кейін шетелден әкелінген Toyota Camry көлігінің иелері бағаны күрт өсірді. Бірақ бұл жерде бізді мазалайтын бір сауал бар: шетелдік көліктерді сенімхатпен жүргізіп келген азаматтар не істейді? Ондайлар да көп кездесетінін білеміз. Сонда Қазақстан азаматына тиесілі емес көлікті қалай атына аударады? Мұны алда ескерусіз қалдыруға болмайды», – дейді ол.Енгізілген өзгерістің күнгейі мен көлеңкесін қатар қарастырып, қысқаша шолып шықтық. Ал жауабы жоқ сұрақтарды құзырлы ведомство өкілдері алдағы уақытта пысықтай түсер. Осы жерде бізді толғандырғаны – алдағы уақытта да шетелден көлік әкелу үрдісі тыйыла ма? Кіргізілген жағдайда ертеңгі күні, шамамен 2-3 жылдан кейін олар да көліктерін тіркеуді сұрап, талап қоймасына кім кепіл? Біздің болжауымызша, шетелден машина тасып жүргендер көбеймесе, азая қоятын сыңайы байқалмайды. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Сауд Арабиясынан, АҚШ-тан тиімді бағада автокөлік жеткізіп беретінін хабарлаған жарнамалар көбейді. Оларға қызығушылық танытқандардың саны да көп. Яғни, шетелдік көліктерді жеңілдікпен тіркеу жайы алдағы уақытта да көтерілетін сыңайлы.