«Бала мүддесін қорғау – басты қағидатымыз» – Жанаргүл Алпысбаева
«Бала мүддесін қорғау – басты қағидатымыз» – Жанаргүл Алпысбаева
1,088
оқылды
Бұрын «жасөспірімдер арасындағы тәрбиені тізгіндеу қиындап барады» десе, бүгінде балалардың қатысуымен болатын қылмысты жүгендеу – қоғамның бас ауруына айналды. Мәселен, күні кеше ғана Ақтөбе мен Талдықорғандағы төбелесқұмар қыздардың қатігездігі жұрттың жағасын ұстатты. «Тәрбие басы – тал бесікте» дейтін қазақ қоғамында бесіктен белі шықпаған балалардың басбұзарлығы мен кәмелет жасқа толмағандарға қатысты қылмыстың артуына не себеп? Көпті толғандырған сауалдарды Астана қаласы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанаргүл Алпысбаеваға қойып көрдік. Әрбір алтыншы жұп ажырасады – Күн сайын алдыңызға келетін істерге баға беріп, заңдық тұрғыда шешім шығарасыз. Жалпы, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың тамыры қайда жатыр? Тәрбие – адам тағдырын шешеді. Болашақ ұрпақтың саналы болуына отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Сондықтан ата-бабамыз бала тәрбиесіне ыждаһаттылықпен қараған. Қазір қолданыстағы заңнамаларымыздың өзінде балаға дұрыс тәлім-тәрбие беруде ата-ананы міндеттейтін арнайы бап бола тұра, бала тәрбиесінің тізгінін бос жіберіп алдық. Жаман бала болмайды. Ағаштың жемісі көп болуы бағбанның бау-бақшасын баптауына байланысты болатыны секілді, баланың басбұзарлығы отбасындағы тәлім-тәрбиенің әлсіздігінде жатыр. Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Көп ата-ана баланың материалдық қанағатын өтеуді тәлім-тәрбие берумен шатастырып алды. Өкініштісі, бала тәрбиесі түгілі ерлі-зайыптылардың өздері отбасы құндылығынан бейхабар. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі істерді қарап жүргеніме 15 жылдан асты. Оған дейін Жоғары сотта жұмыс істедім. Осы жылдардың ішінде байқағаным, бала алдындағы жауапкершіліктен бұрын қазіргі ата-аналар отбасы құндылығы туралы таным-түсініктерін арттырған абзал. Сол үшін қазір мектеп пен колледж, университеттерде отбасы құндылығының мәні мен маңызы туралы тұрақты дәріс өткізу бастамасын көтеріп жүрміз. Шаңырақты шаттыққа бөлеудің кілтін, махаббаттың мәнін, отбасын қорғаудың қажеттілігін түсіну керек. Өйткені отбасын құру – ойыншық емес. Неке қидыруға келген жастарға алдымен отбасы болудың шарты мен бала алдындағы міндетті түсіндіретін курстан бөлек, психологиялық дәрістен өткендері өзіне жақсы. Бұлай айтып отырғаным, ата-анасының екі жақа кетуі ортадағы балаға әсер етеді. Екі жақа кеткен әйел мен еркек өз бақытын тауып кетуі мүмкін. Бірақ ата-ананың ажырасуы баланың болашағын өзгертеді. – Шаңырақтың шайқалуына көп жағдайда не түрткі болады? Қазір әрбір алтыншы жұп ажырасады. Көбінесе 30-35 жастағы жұптар отбасын сақтай алмайды. Соның ішінде мінез-құлықтарындағы келіспеушіліктер, ішімдік пен есірткіге құмарлық, отбасылық құндылықты түсінбеудің салдарынан болатын ажырасу көп. Бүгінгі жастар отбасын құруға дайын болмай тұрып шаңырақ көтереді. Бұдан бөлек, жұмыссыздық, материалдық жағдай да отбасын сақтай алмауға себеп болып жатады. Әсіресе ер адамдардың денінде отбасы алдындағы жауапкершілік жоқ. Барлығына топырақ шашудан аулақпын. Бірақ кейбір ер адамдар өзінің отбасындағы міндетіне немқұрайлы қарайды. Өкінішке қарай әйелі мен балаларының жағдайын жасап алмай тұрып ішімдік ішіп, құмар ойындарға әуестенеді. Балаларының киімі бүтінделмей, тамағын тоқтамай көше кезіп жүретін еркектер ел тұтқасын ұстайтын ұлды тәрбиелей ала ма? Анасының айтқаны өсек, көргені көргенсіз бағдарлама болса, өзі үйде, қылығын түзде көрсетер қыз көп болмағанда, қайтеді. Дегенмен біз баланың болашағына балта шабылмау үшін отбасын сақтап қалудың алғышартын іздеуге жұмыс істейміз. Мәселен 2018 жылдан бастап Жоғары соттың бастамасымен «Отбасылық сот» деген пилоттық жоба енгізілді. Барлық маманданған судья, медиатор, психолог ажырасуға келген адамдарға психологиялық және заңдық тұрғыда көмектесу арқылы отбасыны сақтап қалуға күш салады. Егер ерлі-зайыптылар бәрібір екі жақа кету туралы шешімге келсе, ортадағы баланың психологиялық күйзеліске ұшырамауына, екі тараптың балаға қандай да бір зиян келтірмеуін назарға аламыз. Біздің соттың ең басты қағидаты – баланың мүддесін қорғау. Қандай жағдай болса да ата-ананың емес, баланың мүддесін бірінші орынға қоямыз. Жалпы біздің сотта қылмыстық және әкімшілік істер де қаралады. Азаматтық істерге ажырасудан кейін баланың тұрғылықты жерін анықтау, алимент өндіру, мүлкін бөлу, баламен бөлек тұрған ата-ананың баланың анасымен немесе әкесімен араластыру тәртібі, ата-ана құқығынан айыру немесе қалпына келтіру, бала асырап алу, алимент мөлшерін азайту, баланың әкелігін анықтау және одан алимент өндіру кіреді. Мысалы, мектепке уақытында бармайтын балалар кездесіп жатады. Ондай жағдайда заңды өкілдеріне 34 мың теңге айыппұл салынады. Сондай-ақ кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты жасалған немесе жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істерге де үкім шығару біздің соттың міндеті. – Қарауларыңызға қандай істер жиі түседі? Судьялардың алдына келетін істердің дені ауыр қылмыстар. Оның дені денсаулыққа қасақана зиян келтіре отырып жасалған. Сосын ажырасудан кейін алимент төлемеуге қатысты көптеген арыз-шағымдар түседі. Айта кету керек, қазіргі заңнамада үш айдан астам уақыт алимент төлемегендердің үстінен Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады. Оған сәйкес, алимент төлеуден жалтарғандарды бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы беріледі. Таң қалдыратыны – өз баласының несібесін бергісі келмей жүрген ата-аналар әлі де көп. Бүгінгінің балалары заман талабына сай тәрбиеленеді – Ерлі-зайыптылардың екі жақа кетуі бала өміріне әсер ететінін айтып жатырсыз ғой. «Толық емес отбасынан шыққан балалар қылмыс жасауға бейім» дегенді көп естиміз. Шынында солай ма? Бұл сөзбен келісе алмаймын. Себебі біздің алдымызға келетін істерді қарасақ, толық және толық емес отбасынан шыққан жанұялардағы балалардың тәртібі 50/50. Соңғы уақытта кәмелетке толмаған балалар бір-бірімен төбелесіп, әртүрлі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру секілді қылмыстарға барады. Адамдармен қарым-қатынас жасауды білмейді. Оның барлығы тағы да сол отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі. Мәселе баланың материалдық жағдайын жасау емес, оның жүріс-тұрысына, мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде көңіл бөлуде жатыр. Материалдық жағдайы өте жақсы, толық отбасында өскен балалар да ойнап жүріп от басып жатқанын көріп жүрміз. Мысалы, толық отбасында тәрбиеленген балалардың арасында меншікке қарсы ұрлық, тонау қылмыстары көп. Өйткені өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдердің психологиясы толық қалыптаспағандықтан еліктегіш келеді. Ондай кезде балалар бір-бірін тыңдайды, намысшыл болады, өзара компания құрады. Бұл кезеңде оларға «сен қорқақсың» деген бір ауыз сөздің өзі ар-намысын таптаудың ең сорақы түрі ретінде қабылданады. Өтпелі кезеңде жүрген балалар арасында ауыр және аса ауыр қылмыс көп жасалады. Судья болып енді жұмыс істей бастағанда оқу мекемесінде болған бір қылмыстық істі қарадым. Енді ғана колледжге оқуға түсіп жатақханада тұрған екі бала бір-бірімен жанжалдасып қалады. Төбелес кезінде екінші бала комаға түсіп, қайтып кеткен. Сондағы себеп біреуі екіншісін шешесінен боқтаған. Төбелес сол сөзді көтере алмаудан басталған. Сол кезде әлгі баланы 7 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығардым. Жап-жас баланың осындай іске баруын аналық түйсігіммен қанша ақтағым келсе де, адам өмірін қию – ақтауға болмайтын іс. Сондықтан балаларға кішкентай күнінен бастап дене жарақатын келтірмеу керек екенін түсіндірген жөн. Өкінішке қарай қазіргі балаларды тәрбиелеу заманның талабына сай жүріп жатыр. Өйткені оларға бұл бала күнінен санасына сіңірілгендіктен, өсе бере адамға дене жарақатын салу түкке тұрмайтын дүние секілді көрінеді. Мысалы, кейбір әулетте бірнеше бала болса, кішкентайы бұзықтық жасап үлкендерді ұрады. Бала болған соң үлкені оған жауап қайтаруға ұмтылады. Сол кезде үлкендер «Ұрма, кішкентай ғой, сен үлкенсің. Ол білмейді» дейді. Ол баланың бойында сол сәттен бастап өзі үшін барлығы дұрыс секілді, барлығын ұруға болатындай түйсік қалыптасады. Келесіде қаттырақ ұрады, арғы жолы одан қатты. Ол бала мектепке барғанда жасық болмауын, жауап қайтаруға жігерін оятамыз. Баланың бұзықтығы құқық бұзушылыққа, арғысы қылмысқа итермелейді. Өзінен зоры шыққанда ашуы басына шапшиды. Әйтеуір есесін жібермеу үшін жанталасады. Себебі, кішкентай күнінен ол баланың бетінен ешкім қағып көрмеген. Балалардың тәрбиесінде қазіргі ата-аналар мен ата-әжелердің де ықпалы зор. Сол үшін балаларға кішкентайынан дене жарақатын жасау дұрыс еместігін, адамға ауыр сөз айту көңіліне қаяу түсіретінін айтып отыру керек. Одан бөлек үйдегі ата-ана арасындағы кикілжің де көп балалардың айналаға деген өшпенділігін кішкентай күннен тудыруға себеп. Бала тәрбиесінде отбасы мен білім ордасындағы ұжымдық жауапкершілік үлкен рөл атқарады. Қазір әр мектепте психолог, учаскелік қызметкер, әлеуметтік маман бар. Олар да өз кезегінде кез келген жанжалдың себеп-салдарымен жұмыс істеу керек. Балаға қарсы жасалған кез келген қылмыс ауыр жазаға лайық – Мектеп қабырғасында жүріп құқық бұзушылыққа баратын балалар көп пе? Өкінішке қарай жоққа шығара алмаймын. Оқушылар өзара мәселені ақылмен емес, бірден күшпен шешуге құмар. Бірақ әлгінде айтқандай әр жұдырықтың артында екінші баланың денсаулығына қауіп келуі мүмкін. Кейбір балалардың денсаулығы әлсіз. Ал ол балаға байқаусызда бағытталған соққының өзі денсаулығына қауіп төндіреді. Өйткені бір-екі соққының өзінен адам өмірі қиылған жағдайлар жиі болады. Сондықтан ата-ана баланың не істеп жүр, кіммен араласатынын, қандай қызығушылығы барына көңіл бөлмесе, ертең баласының қылмыскер атанбауына кепілдік бере алмайды. Бұрын мектеп қабырғасында төбелес болса, мектеп әкімшілігі ата-аналар жиналысын өткізіп, кешірім берумен аяқталатын. Себебі ол кездегі балалар мен ата-аналар да кекшіл емес еді. Ал қазір қоғамның өзі өкпешіл. Оған сәйкес балалар да кекшіл болып өсіп келеді. Бір сыныпта оқитын балалардың ата-аналары бір-бірінің үстінен арыз жазып, сотқа сүйреуді әдетке айналдырды. Біздің кезімізде төбелеске қатысқан оқушыларды мектеп ішінде татуластырып, бітімгершілікке келтіретін. Қазір ата-аналар балалардың әзіл үстінде жасалған әрекеті үшін бірден сотқа жүгініп, полицияға арыз түсіреді. Ата-аналардың өздері арызқой қоғамда балалардың бойынан ізгілік іздеудің өзі кейде ерсі көрінеді. Кәмелетке толмаған балаға азғындық әрекеттер жасау, жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынастарға байланысты істерді де қараймыз. Баласы бар ата-аналарға айтарым, бөгде адамдар болғанда балаларды бір минут назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұрын өгей әкесі азғындық жасайды деп келсек, қазір өз жақынынан жапа шегіп отырған оқиға көп. Өз тәжірибемде 6-7 жастағы немересіне туған атасы азғындық жасаған оқиға болды. Атасын сол кезде 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескенім бар. – Өзіңіз кескен осы жаза мерзімін педофил үшін әділетті шешім деп ойлайсыз ба? Бас бостандығынан айырылу өте қиын. Сондықтан аз деп айтуға болмайды. Әрине, сотталушы 6 жылын өтеп келеді. Ал баланың тәні ғана емес, жаны да жараланды. Бірақ сол кездегі Қылмыстық кодекте көрсетілген жаза мерзімі педофилдерге 5-10 жылға дейін болатын. Азғындарға аналық түйсікпен ең ауыр жаза арқалатқым келуі мүмкін. Бірақ біз заңнан аттап кете алмаймыз. Балалардың болашағына балта шапқан азғындарға жаза жеңіл болмау керек. Балаға қарсы жасалған кез келген қылмыс ауыр жазаға лайық. – Асырап алған балаларды қайта өткізіп жатқан жағдайлар бар. Бала тағдырына немқұрайлы қарайтын осындай ата-аналарға жауапкершілік қарастырылған ба?  – Рас, ондай жағдайлар болады. Өздері балалы болған соң асырап алған баланы қайтып әкеліп тастайды. Кейбір жағдайларда асырап алған балаларымен тіл табыса алмайтын жағдайлар кездессе, кейде денсаулығын сылтауратып кері қайтарып жатады. Өздеріңіз білесіздер, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 258 750 теңге жәрдемақы төленеді. Асырап алушының кінәсінен бала мекемеге қайтарылса, міндетті түрде жәрдемақыны мемлекетке қайтаруы тиіс. Алайда заңда асырап алудың күшін жойған жағдайда ата-анаға ешқандай жеке жауапкершілік қарастырылмаған. – Кәмелетке толмағандардың балалы болуы да қоғамда өзекті болып отыр. Олардың мәселесі қалай шешіледі? Жасөспірімдер арасындағы жүктілік өзекті болып тұрғаны рас. Іс-тәжірибемізде көбінесе ер адаммен кәмелетке толмаған қыз балалардың азаматтық некеде тұрып жатқан жағдайлары жиі кездеседі. Заңнамаға сәйкес, 16 жасқа толмаған адамдармен жыныстық қатынасқа түскендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Өзара келісіммен болған күннің өзінде ауырлығы орташа қылмыс ретінде қаралып, 5 жылға дейін бас бостандығынан шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға жазаланады. Олар белгілі педагогикалық лауазымдарды атқаруға, кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеуге өмір бойына шектеу қойылады. Бұл да сол,отбасындағы тәрбиенің осалдығынан, қызға қырық үйден тыйым салудың жоқтығынан болып отыр. – Әңгімеңізге рахмет!