Голливудқа қатты құлшынысым жоқ – Дулыға Ақмолда
Голливудқа қатты құлшынысым жоқ – Дулыға Ақмолда
1,912
оқылды
Текті өнерді кие тұтқан талғампаз көрермен Дулыға Ақмолданың өнеріне сүйсінуден жалыққан емес. Себебі ол сомдаған кейіпкерлердің болмысы терең. Бір рөлі екіншісіне ұқсамайтын ерекшелікке ие. Жақында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерімен театр және кино әлеміндегі қызықтар мен қиындықтар жөнінде әңгімелестік. Сіз ойнаған рөлдер шынайылығымен көрерменге жақын. Сондықтан да қалың көп­шілік сомдаған кейіпкерлеріңізді ерекше ықыласпен қабылдайды. Жалпы, актерлік та­лант бойыңызға қанмен келді ме? Әлде тер­мен келді ме? – Негізі, талант адамға қанмен келетін қасиет. Бірақ талант қандай керемет болса да, оны ұштап тұрмаса талант болудан қалады. Сондықтан әрқашан талантты ұштау керек. Оны құрыштай қайнату қажет. Ыстыққа да, суыққа да салу керек. Талант төзімділікке үйрету керек. Ол үшін актерлер үлкен ізденіске баруы қажет. Жалпы, талант деген тек өнер адамдарына байланысты қасиет емес. Қай мамандық иесі болса да, талант керек. Сондықтан да талант адамның бір қасиеті деп бағалаймын. Ары қарай талантын дамыту актердің өзіне бай­ланысты. Енді біздің тегімізде, арғы ата­лары­мызда да, өз әкемде де, нағашыларым­нан да талантты, өнерге жақын жандар бар. Маған талант солардан дарыса керек. Дегенмен жетістікке жету актердің еңбегі мен төзімділігіне байланысты. – Шынын айту керек, қазіргі қазақ киносы көрерменін сендіре алмайды. «Ң»-ға тілі келмейтін актерді де көріп жүрміз. Бұл жас буынның жалқаулығынан ба? Нағыз актер қандай болуы керек? –«Ң мен С»-ға тілі келмейтіндер жетіп артылады. Егер актер шынымен талантты болса, бұл кемшіліктері білінбей кетеді. Өкінішке қарай, қазір телесериалдардағы, кинолардағы актерлерден осындай олқы­лық байқалады. Көбіне мұндай кемшілік кәсібилігі жоқ, көшеден келген актерлерде кездеседі. Түрі, болмысы мен типажы әдемі. Бірақ тілінің мүкістігі бірден білінеді. Екінші, өзінің айтып тұрған сөздерін түсінбейді. Жаттандылық көп. Жаттап алған сөзін судыратып айтып беретіндер де бар. Оларды мен актер деп есептемеймін. Ал кәсіби актерлер айтқан әр сөзіне көңіл бөледі. Әсіресе, театрда істейтін актерлерде ондай дефект жоқ. Олар өзінің айтып тұрған әрбір сөзіне жауап бере алады. Нағыз актер өз саласының кәсіби маманы болуы керек. Нағыз актер шыңдалуы керек, театрда да, кинода да қамшы салдырмауы қажет. «Мен» деген режиссерлер мен актерлер жұмыссыз жүр – Соңғы кезде актерлер мен блогерлердің кино түсіруі тенденцияға айналып бара жат­қандай. Қолында қаржысы бар адам режис­сер, танысы бар жан актер атанып жүр. Бұл көрерменнің талғамын, қазақ киносының беделін түсіре ме? – Қазір киноны қаражаты бар, қолынан іс келетін кез келген адам түсіріп жүр. Бұл үрдістің дұрыс жағы да бар. Кинодағы бәсекелестікті арттырып, көрерменнің таңдауына қарай ұсынады. Дегенмен арзан, ортанқол кинолардың көбейіп кеткені рас. Режиссураның деңгейінің төмендеп кеткені де шындық. Өкінішке қарай, нағыз «мен» деген режиссерлер мен актерлер жұмыссыз жүр. Бұл уақыт та өтетін шығар деп үміт­тенемін. – Танымал актер Нұржұман Ықтымбаев бір сұхбатында сізді «Голливудты бағын­дыруға лайық актер» деп бағалап еді. Осындай мақсат бар ма? Әлде Голливудты бағындыру жолында кедергі көп пе? – Иә, Нұржұман аға жолыққан сайын пі­кірін айтып тұрады. Көп актерге Голливуд­қа жету, әлемдік рөл ойнау арман шығар. Бірақ «актерлігіңді дәлелдеу үшін немесе жетістікке жету үшін Голливудқа бару қаншалықты қажет?» деп ойлаймын. Гол­ливуд өзі іздеп келмесе, олардың тарапынан сұраныс болмаса, ол жаққа қарай өз бе­тіммен ұмтылу менің ойымда жоқ. Өйткені кедергі көп. Ол үшін ағылшын тілін жақсы меңгеру керек. Сол үшін Голливудқа қатты құлшынысым жоқ. Отандық кинода жүріп те, көрермен жадында сақталатын жақсы рөлдер сомдауға болады. «Сержан братан» жеңіл рөл емес YouTube-тегі арналардың біріндегі «Сержан братан» рөлінен кейін ел арасындағы танымалдығыңыз арта түсті. Сахнадағы салмақты рөлдерден кейін 90-жыл­дардың рэкеттерін ойнау оңайға соқ­ты ма? Бұл рөлге келісуіңіздің себебі қандай? – YouTube арна ұсынған барлық жоба жеңіл-желпі деп айтуға келе қоймас. Мен ой­наған рөлдер керісінше, өте ауыр, салмақ­ты. «Сержан братан» қақаған қыста, аязды күні далада түсірілді. Уақыттың тығыз­дығына байланысты кейбір сахналарды жылдамырақ түсіруге тура келді. Мұның барлығы қаншама жүйке мен қаншама энергияны қажет етеді. Сондықтан да бұл образ оп-оңай келе салды деп айта алмай­мын. Кейбір көрермен Сержан братан рөлін қабылдай алмай жүр. Сахнадағы рөлдер мен кинодағы образдарды екіге бөліп тастауға болмайды. Сахнаның өз құдіреті, өз қиын­дығы бар. Дәл сол сияқты кноның да өзіне тән қиындығы кездеседі. Сондықтан YouTube арнасына түсіп жүрген рөлдерімді оңай деп айта алмаймын. Олар да киноның принциптерімен түсіріледі. Жалпы, рөлді жеңіл шығара салу деген ұғымды түсінбей­мін. Қандай рөл алса да актер үлкен жауап­кершілікпен қарауы керек. Танымалдық мәселесіне келетін болсақ, бұл фильмсіз-ақ мені көрермен танитын. Бірақ «Сержан братаннан» кейін жастар арасындағы танымалдылығым арта түсті. Мені іздеп жас көрермендер театрға келе бастады. Осы­лайша, олар театрдағы рөлдеріммен де танысты. Одан кейін жас көрермен менің бұрын түскен фильмдерімді іздеп, тауып, қарай бастады. Жалпы мен туралы деректер қызықтыра бастады. Соған қуанамын. YouTube сериал осы жағынан ұтымды болды. Бұзақының рөлін ойнау үшін бұзақы болу міндетті емес. Бірақ 90-жылдар мен үшін айға барғандай жат кез емес, өзіміздің көзімізбен көріп, басымыздан өткізген жылдар. «Сержан братанның» рөлі таби­ғаты­ма жақын болды. Сол кездердің жар­гон­дары, сөйлеу мәнері, қалай жүру керек, куртканы, бас киімді қалай кию керек еке­нінің барлығы есімде. Сценарийді жазған режиссер Әлішер Утев басында материалды дайындап, мені тауып, маған арнап, лайық­тап, рөлді жазып шықты. Жазып шыққан соң сценарийді толық оқып шықтым. Маған бірден ұнады. Бұл шығармашылық тан­дем, байланыс деп аталады. Әлішер нақты не түсіру керек екенін, актерлермен қалай жұмыс істеу керек екенін жақсы білетіндіктен, халықтың көңілінен шығатын киноны түсіре білді. – Сіз талғамы жоғары актерсіз. Жеңіл-жел­пі сценарийлерге неге бет бұрдыңыз? YouTube арнадағы сериалға түсу қажеттілік пе? – Мен бірінші киноның сценарийіне мән беремін. YouTube арна ұсынған сце­нарий жеңіл-желпі емес. Сценарий ұна­ғандықтан, рөл ұнағандықтан келісім бердім. Ол жердегі рөлде актердің жасайтын, ізденетін тұсы көп. Актер ретінде бірқалып­тылықты ұнатпаймын. Актер театрда да, кинода да өзінің барлық қалпын көрсетуі керек. Сәтсіз де, сәтті де рөлдер болады. Дегенмен актер осы кезеңнің барлығынан өтуі қажет. Сондықтан да сценарий жақсы болса, YouTube арнаға түспеймін деп қарап отыруға болмайды. Жетісіп тұрған қаламақы жоқ – YouTube арнада қаламақы көп төлене ме? – Қазір қай киноға барсаңыз да, жетісіп тұрған қаламақы жоқ. Біздің актерлердің деңгейімен қаламақы өте төмен деп айтуға болады. Менің негізгі мақсатым қалам­ақыға тіреліп қалмайды. Әрине, өз деңгейіме қарай қаламақы сұраймын. – Білуімізше, тұрақты түрде күнделік жаза­сыз. Театр мен әдебиетті егіз ұғым десек, алдағы уақытта драматургияда қалам тер­беуіңіз мүмкін бе? – Күнделік жазу әдетімде бар. Бала күннен, студент шақтан бері күнделік жазамын, бірақ барлығы көшіп жүріп сақталмай қалды. Біразын жоғалтып алдым. Арасында күнделіктен бөлек өз ойымды жазғаным да бар еді. Ол да жоғалып кетті. Әлі күнге дейін жазып жүрмін. Оның да жазылу түрлері бар ғой. Мен барынша қарапайым жазғанды жақсы көремін. Өсек термеуді жөн көремін. Бірақ күнделікті, тұрақты жазып жүрмін деп айта алмаймын. Өйткені уақыт тапшы. Қол босаған кездерде керекті ойларымды түртіп тұруға тыры­самын. Ол өзім үшін. Болашақта драма­тургияға, жазушылыққа бару ойымда жоқ. Өйткені драматургия үлкен жанр. Сөздің шыны керек, қазір жазушылардың өзі драматургияға қалам тербей бермейді. Жазған күннің өзінде қорқа-қорқа кіріседі. Жазушының бәрінен драматург шығуы мүмкін емес. Киносценарий жазу, пьеса жазу оңай жұмыс емес. Сондықтан менде жазушы болып кетейін деген мақсат жоқ. Өзімнің актерлік кәсібімді жақсылап меңгеріп, халыққа рөлдерімді дұрыс жеткізе білсем сол да жетеді. Биыл ұстаздықты бастап жатырмын. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 30 баланы «Актерлік шеберлікке» 1-курсқа қабылдадым. Енді оларды 4 жыл оқытамын. Бар білгеніммен бөлісіп, шәкірт тәрбие­леймін. Бұл қадамға да көп ойланып қадам бастым. Неше жылдан бері академияға шақырып жүрді. Бірақ мен бұл ұсыныстан бас тартып келдім. Себебі ұстаздықты өте жауапты жұмыс деп есептеймін. Биыл біраз дайындықтан өтіп, шәкірт тәрбиелеуге бет бұрдым. Бастамасы жаман емес. Балалар бірінші семестрді аяқтады. Енді солардың ішінен бағана өзім айтқандай, таланттарын шыңдап, бойындағы бар қасиетін шыңдап, еліміздің беткеұстар актерлерін, адал аза­мат­тарын шығарсам ба деген ізгі мақсатым бар. Еліне қызмет ететін, толыққанды актер даярлау – мақсатым. – Әңгімеңізге рақмет !