Азар елдің белгісі – есірткіге елтиді
Азар елдің белгісі – есірткіге елтиді
929
оқылды
Қазақстанға бір қауіп төніп тұрғанын құзырлы органдардың мәліметтерінен байқауға бо­лады. Бір мезгілде бірден бірнеше қалада тонналап, қаптаған қапшыққа толтырылған есірткі қо­ры тәркіленді. Оның бәрі ел ішінде сатылғанда, қаншама қазақстандықтың тү­­біне жетуі ық­ти­­мал еді. Осы орайда Қазақстанда Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған жаңа, кешенді жоспарының жобасы әзір­леніп отыр. Енді не өзгереді? Ушығып бара жатқан қауіпті құбылысты құрықтау үшін қан­­дай іс-шаралар жүзеге асырылмақ? Есірткі саудасы есіріп барады Шынында, кейінгі кезде осы салада жария бол­ған жаңалықтар қорқынышты жағынан бірі­нен-бірі өтеді. Мысалы, елімізде 5 жыл ішінде син­тетикалық есірт­кі тұтынатындар саны 14 есе арт­қан! Ақпарат және қоғамдық даму министрлі­гінің тұжырым­дауын­­ша, жастардың денсау­лы­ғына, пси­хикасы мен физикалық жағ­дайына теріс әсер ететін және мі­нез-құлқының бұзылуы­на әке­­­ліп соқтыратын проб­ле­малардың бірі есірткіні қолдану болып отыр. 2022 жылғы 1 шіл­­дедегі де­рек­­тер бойынша, пси­хоактивті заттарды пай­да­лану салдарынан 18-29 жас аралы­ғындағы 6 мың­­нан астам қазақ­стан­дық «пси­хи­калық мінез-құлық бұзылыстары» (ПМБ) диаг­нозымен дина­мика­лық бақылауға алынған. Олардың 46%-ы есірткі және психотроп­тық зат­­тарды қолданған.
«Психоактивті заттар арасында жаңа түр ретінде «синтетикалық есірткілерді» тұтыну санының күрт өсу үрдісі белең алды. Бес жыл ішінде балалар мен ересектер ара­сын­дағы соны тұтынатындар контингенті 14 есе өсті. Оны ерте жастан тұтыну тәуелділіктің даму қаупінің жоғарылауына әкеледі. Жас ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін психо­активті заттарды қолдану салдарынан олар­дың психикалық, мінез-құлық бұзылыста­ры­ның, сондай-ақ жастар арасындағы суи­­цид әрекеттердің алдын алуға бағыттал­ған іс-шаралар кешенін жүйелі түрде жүргізу қажет», – деген байлам жасады министрлік.
Жаңа 2023 жылдың басында, 6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің әр­түрлі өңірінде есірткі саудасымен айна­лы­сатын топтың жолын кесуге бағытталған арнайы операцияны іске асырды. Нәти­жесінде, Петропавл қаласында есірткі қыл­мысына қатысты топтың көмекшілері ұс­та­лып, олардан 5,5 тоннаға жуық апиын түрі алынды. Ал Өскеменде 1 тонна көкнәр ши­кізатын алып жатқан есірткі курьері ұс­талды. Қарағандыда жалға алған қоймаларда 10 тоннадан аса есірткі шикізатын сақтап келген топ ұйымдастырушылары ұсталған. Алдын ала тергеу анықтағандай, аталған есірткі шетелден Қазақстан аумағына тамақ өнімдері түрінде кіргізіліп, елдегі есірткіге тәуелді адамдар ортасында саудаланған. Қолға түскен есірткінің жалпы көлемі 16 тоннадан асты. Жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны, ал есірткі бизнесіне қарсы күрес жалғасқаны хабарланды. Мұ­ның алдында, 2022 жылғы шілде мен қазан аралығында қазақстандық ҰҚК өзбек­стан­дық, қырғызстандық, ресейлік әріптестері­мен 36 есірткіге қарсы бірлескен операция өткізген болатын. 11 халықаралық және 14 аумақтық есірткі трафигінің арналары жойылды. Синтетикалық есірткі өндірумен айналысатын 4 жасырын лабораторияның жұмысы тоқтатылған. Жаһанда да жағдай ушықты Бұл салада бүкіл әлемде күрделі ахуал қалыптасыпты. Шетелдік ақпарат құралда­ры, сарапшылар әлем арзан есірткіге «қа­рық болғанын» жариялап, дабыл қақты. ВВС мәліметінше, халықаралық деңгейде құзырлы органдар мен арнайы қызмет­терден бастап, экстремистік күштер және лаңкестік ұйымдардың ұяшықтары жұмыл­ған жаңа соғыс өрті қаулай бастады. Бұл соғыс есірткі саудасымен байланысты: кейбір аймақтарда оның таралуы апат ау­қымына дейін ушыққан. Мысалы, БҰҰ Таяу Шығыста тыйым салынған заттарды тұтыну проблемасы эпидемия дәрежесіне жеткенін мәлім етті. Ал Сауд Арабиясы есірткі сатушыларға өлім жазасын енгізуге мәжбүр болды. 2019 жылы жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес, есірткі контрабандасына айыпталған 3 адам­ға қатысты өлім жазасы жүзеге асырыл­ған. Оның екеуі – Мысырдың, біреуі – Па­лестинаның азаматы. Мемлекет кең қанат жайып бара жатқан халықаралық есірткі саудасымен күресті күрт күшейтті. Есірткі заттары алапат көлемде жеміс жеткі­зілім­деріне жасырылып тасылғандықтан, Сауд Арабиясы 2021 жылы Ливаннан жеміс импортына тыйым салып тастады. Азия елдеріне есірткі заттары негізінен, Ауғанстаннан, Сириядан таралады. Иорда­ния Қарулы күштерінің полковнигі Зайд ад-Даббас BBC News сұхбатында Сирияның оңтүстігінде заңсыз тауарларын дрондармен тасымалдайтын ең кемі 160 ірі контрабан­дис­тер тобы қимылдайтынын жеткізді. Үрей­­­лендіретіні сол, соңғы уақытта контра­бан­дис­терге қарулы әскери топтар ере жү­ретін бол­ған. Мемлекеттердің көбінде есірт­кі та­сы­малдаушылармен бірінші кезек­те шекара­шылар күреседі, демек қарулы топ­тар­мен бет­пе-бет келу қаупі күшейген­діктен, шека­рашыларды мықтап қарулан­дыру мәселесі күн тәртібіне шықпақ. Жедел талдау және зерттеу орталығының (COAR) анали­ти­гі Ян Ларсонның пікірінше, бұл күресте тек қатал жазалармен ғана шектелуге болмайды.
«Тыйымдар, өлім жазасы адамдарды нашақорлық жолына, есірткіні тұтына бастауға итермелейтін себептерді, фактор­ларды, проблемаларды жоймайды. Сауд Арабиясында адамдар наша тұтыну үстінде ұсталып қалса, әдетте оны екі жыл мерзімге түрмеге қамаумен жазалайды. Шетелдік бол­са, еліне депортациялайды. Бұл ел на­шақорларға қатысты БҰҰ ұсынымдарын ұс­тануға тырысады. БҰҰ есірткі тұтыну­шы­ларды ерекше емдеуге және көмекке мұқтаж сырқаттар ретінде қабылдауға кеңес береді. Алайда мемлекет емдеу немесе көмек бағдарламаларын әзірлемейді», – деп назар аудартты сарапшы.
Arab Centre мамандары корольдіктің билігі, сондай-ақ өзге елдер синтетикалық және басқа да есірткі заттары түрлерін тұты­нудан қандай зиян, залал келетінін халыққа кеңінен түсіндіргені, осы бағыттағы күш-жі­герді жандандырған жөн деген кеңес берді. есірткі Әйтпесе, мысалы Қазақстанда да жастар арасында амфетаминдер (экстази, «ско­рость», метадон), ЛСД, өзге синтети­калық есірткілер танымал болды, оған олар «зияны шамалы» деп жеңіл қарайды. Шынында, наркологтардың түсіндіруінше, есірткіге, соның ішінде синтетикалық есірткіге басы байланған нашақорлардың бойын үнемі үрей буады, алапат депрессия қыспаққа алады, психозға ұшырайды. Есірткінің бұл түрі ыдырамай, адам ағзасынан сыртқа шығарылмай, химиялық элемент ретінде ұзақ сақталады. Мүлдем метаболизмнен өтпейтін есірткі түрлері пайда болуда. «Синтетиктің» жастардың бас миында, жұлын миында, иммундік және репродук­тивті жүйелерінің жасушаларында жи­нақ­талуы мамандарды қатты алаңдатады.
– Осылай иммундік жүйесін күйреткен нашақорларда түрлі инфекция өршиді, денесіне түскен жарақат ұзақ жазылмайды. Бас миының жұмысы бұзылып, ерте алжасу дамиды, назарын белгілі бір нысанға ұзақ шоғырландыра алмайды. Кейбірі тіпті мә­тінді оқи алмайтын жағдайға жетеді. Қазіргі нашақорлар ізіне үнемі біреу түсіп, қуғын­дап жүргендей қорқып, қуыстанады, немесе ұдайы әлденені жоғалтқандай мазасыз сезімнен арыла алмайды. Практикада кез­десті, мысалы нашақорлар белгісіз бір затты іздеп, бүкіл үйдің ішін астан-кестен етіп төң­керіп тастайды. Олар қасына жолаған, тіпті жанынан өтіп бара жатқан әрбір адам­ды өзінің жендеті санап, тап беруі мүмкін. Бұған қоса, олар адамдарды басқа кейіпте көріп, галлюцинациялардан арыла алмауы ықтимал, – деді нарколог Полина Уманская.
Маманның айтуынша, синтетикалық есірткілер адамды ұйқысынан айырады. Есірткіге тәуелділіктен емделіп шыққанның өзінде адам бірнеше ай бойы дұрыстап ұйық­тай алмай жүреді екен. Қазіргі есірткі түр­ле­рін тұтынатын адамдар, жастар айна­ласы түгіл, өз өмірін, өзі душар болған проб­лема­ны дұ­рыс, саналы бағалай алмай қалады. Ақыл­ға са­лып, ойлау қабілетін жоғалтады. Бар ойы – қаржы тауып, есірткі сатып алу ғана болады, бұл жолда ол ештеңеден тайынбайды. Жаңа жобаның жаңалығы неде? Ішкі істер министрлігі әзірлеп шыққан «Қазақстанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдар­ға арналған кешенді жоспарының» жобасы 76 шараны қамтиды. Бірақ ондағы мұраттар­ды өршіл, асқақ деуге келмейді. Құжат заң­сыз айналымнан алынған есірткі, психо­троп­тық заттардың жалпы санындағы син­те­тикалық есірткілердің үлесін 2023 жыл­ғы 1,5%-дан 2025 жылы 1,7%-ға, героиннің үлесін 0,5%-дан 0,7%-ға артты­руды қарастырады. Денсаулық сақтау министрлігі динами­калық бақылаудағы «нашақорлық» диаг­нозы бар адамдардың жалпы санында ұзақ ремиссияға қол жеткізген, динамикалық бақылаудан алып тасталғандарының үлесін 2023 жылғы 15,8%-дан 2025 жылы 16%-ға дейін ұлғайтуы тиіс. Кешенді жоспар аясында 2023-2025 жылдары 40 миллиард 336 миллион теңгеге әртүрлі типтегі ұшқышсыз ұшу аппараттары, яғни дрондар сатып алынбақ. Бұл сома бір қарағанда, көп көрінуі мүмкін. Алайда тұр­мыстық техника дүкенінде сатылатыны емес, мамандандырылған, әскери дрондар­дың құны 5 миллион доллардан бастала­тынын ескерсек, бұл сома соның 16 бірлігін алуға ғана жетуі мүмкін. Мемлекет қауіп­сіздік үшін сала шығындарын арттырғаны маңызды. «Бүркіт» арнайы мақсаттағы әскери бөлімдерін техникалық барлау құралдары­мен жарақтандыруға осы кезеңде 10 млрд 805 млн теңге жұмсау жоспарланған. Үш жыл ішінде күреске тартылған меморган­дарда интернеттегі құқыққа қайшы ко­н­тентті анықтауға арналған TRITON, Argus сияқты заманауи аппараттық-бағдарла­малық кешендерді енгізуге жалпы сомасы 2 млрд 240,5 млн теңге жұмсалады. Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлініс­терінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2023-2025 жылдары 3 млрд 126,8 млн теңге бағытталады. Сот сараптамасы органдарын заманауи аспаптық базамен, химиялық реактивтермен, шығын мате­риал­дарымен, синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін зерттеу жөніндегі стандартты үлгі­лермен жарақтандыру үшін үш жылда 13 млрд 898,7 млн теңге шығындалады. Жаңа психикалық белсенді заттарды, синтетика­лық есірткілерді зерттеу бойынша сот са­рапшыларының біліктілігі артты­рылады, осы мақсатта семинарлар, тре­нингтер, оқыту курстарын өткізуге 150 млн теңге көзделмек. Ал шекара қызметі бөлімшелерін тек­серу жабдықтарымен, шекаралық бақылау­дың техникалық құралдарымен, байланыс арналарында радиоқабылдау жабдық­та­рымен жарақтандыруға, қызметтік иттермен қамтуға, жабдықтар мен қызметтік иттерді сатып алуға 2023-2025 жылдары небәрі 4,9 млрд теңге бөлінбек. Құжатта бұқаралық ақпарат құралдарын тартып, халықтың барлық тобы арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кеңауқымды акциялар, конкурстар мен дөңгелек үстелдер өткізу (15,7 млн теңге), БАҚ және әлеуметтік желілерде саламатты өмір салтын насихаттау бойынша медиа тұлғаларды, блогерлерді, шоу-бизнес өкіл­дерін және басқасын тартып, нашақорлық­тың алдын алу бойынша аудио-бейне роликтерді әзірлеу және ротациялау (54,4 млн теңге) жоспарланды. Мамандардың бір бөлігінің сынына ұшыраған метадонға қатысты бағдарлама жалғасатынға ұқсайды. Республикалық бюджеттен опиоидты агонистермен қол­даушы терапия бағдарламасына қатысу­шыларды дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтауға 213,3 млн теңге бағыттау ұсынылды. Қалай болғанда, мемлекеттің осы проб­лемаға баса назар аударғаны ел үшін өмірлік маңызды. Себебі қазіргі заманда әлдебір елді күйрету, болашағына балта шабу үшін шапқыншылық жасаудың қажеті болмай қалды. Жас ұрпағын шетінен арзан есірткіге отырғызса, ұлт өзі-ақ азғындалып бітпек. Сыртқы зәлім күштердің қаскөй пиғылы жүзеге аспауы, Ұлы даламыз бос қалмауы үшін мемлекет пен қоғам болып, әрбір жас­ты «жалғызым» деп танып, оның әр­қайсы­сын нашақорлықтан аман сақтап қалу – елдің ендігі стратегиялық басты бір міндеті болмақ.