Білім саласында тағы да реформа. Енді 10-11-сынып оқушылары колледж дипломын мектепте алатын болды. Осылайша, небәрі 17-18 жастағы жасөспірім арнайы орта білім алып, еңбек нарығына ерте қадам баспақ. Оқу-ағарту министрлігі ұсынған жоба қаншалықты тиімді? Қос деңгейлі білім берудің бір қайнауы кем емес пе?
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жүзеге асырылатын пилоттық жоба аясында 10-11-сынып оқушылары бір мезетте мектеп пен колледжде қатар оқи алады. Қос деңгейлі білім беру тәжірибесін экс-министр Асхат Аймағамбетов енгізген еді. Қазірше эксперимент 16 мамандық бойынша әр өңірде 2 колледжде жүргізіледі. Биыл 9-сынып оқып жатқан оқушылар келесі жылдан бастап аталған эксперименттік жобаға қатысып, бір уақытта диплом мен аттестатын бірдей алып шығады. Қазір пилоттық жоба аясында Шымкентте екі колледжбен келісімшарт жасалыпты.
– Бұл жерде мектеп, колледж, ата-ана тарапынан үшжақты келісім жасалып, ерікті түрде жүзеге асырылады. Егер бала түске дейін мектепте білім алатын болса, түстен кейін колледжде білім алуына болады. Колледждегі білім беру 4 сағаттан артық болмауы керек. Жалпы, бізде жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі менен тамақтандыру индустриясы және сервис колледждерінде осы экспериментті жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бір колледж тігіншілерді дайындаса, екіншісі аспаздарды дайындайды. Бүгінде бұл мамандықтар сұранысқа ие, – дейді Шымкент қалалық Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жанар Алтаева.
Мамандықты оқушының өзі таңдайды әрі ол бюджет есебінен жүзеге асырылады. Әзірге мұндай мүмкіндікті мегаполисте 9-сынып оқып жатқан 19 мыңға жуық оқушы пайдалана алады. Егер тиімділігі дәлелденсе, болашақта жобаны жандандыру көзделген. Әдетте оқушылар 9-сыныптан кейін мектеппен қоштасып, колледжде 2 жылдан аса уақыт оқыса, бұл жоба арқылы 1 жыл 5 айда дипломын қолына алып, бір мамандық иесі атана алады. Әрі 11-сыныпты аяқтап, аттестатқа да ие болады.
Оқу жоспары өзгеріске дайын емес
Дегенмен білім сарапшыларының пікірінше, дәл осындай жобаны іске асыруға әлі ерте. Себебі еліміздің білім беру жүйесі бұған дайын емес. Мысалы, Германияда мектептің өзі бірнеше топқа бөлінеді. 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушылар не гимназияны, не орта мектепті таңдайды. Гимназияға түсетіндер келешекте жоғары оқу орнына түсіп, ғылымды игеретіндер. Ал орта мектепке болашақта жұмысшы мамандығын таңдап, колледжге түсетіндер барады. Ал бізде барлық мектеп бұлай жіктелмеген. Сондықтан әр баланың қабілет-қарымы әртүрлі. Колледждің дипломдарын беру біріншіден, жоғары білім алуды қалайтын жастардың болашағына кері әсер етуі мүмкін. Екіншіден, қоғамдағы техникалық білімнің беделін түсіреді. Сол себепті техникалық мамандыққа оқушыларды баулу мақсатында курстар ұйымдастыруға болады. Ал кәсіп игеріп, бірден диплом алып шығуға әлі ерте. Өйткені колледждің 1-2 курсындағы білім беру бағдарламалары мектептің 10-11-сыныбының бағдарламасымен бірдей. Яғни, оқу бағдарламалары қайталанады. Сондықтан ең бірінші оқу бағдарламасын саралау керек.
– Еңбек кодексінде әр адамның апталық жұмысының мөлшері көрсетілген. 16 жасқа дейінгі балалардың білім алу уақыты 36 сағаттан аспауы керек. Мектепте 36 сағат оқыған баланың шамасы түстен кейін колледжге баруға жетпейді. Диплом дегеніміз – біліктіліктің деңгейі. Халықаралық біліктілік жүйесі бойынша біліктілігі 4-тен кем маманға диплом бермейді. Төрттік деңгейі бар көлік жүргізушісі жүк машинасын жүргізе алуы керек. Қауіпсіздік ережесінде ол үшін кем дегенде 70 сағат рөлде үйренуі керек делінген. Сондықтан жоғары сынып оқушыларына диплом беруге асықпай, бірінші куәлік беру керек. Ол мектеп бітірген соң баланың еңбек нарығына араласа алатынын растайды,– дейді Talap КАҚ президентінің кеңесшісі Қадырбек Қозыбайұлы.
– Екі жылда мектеп оқушыларынан сапалы кадр дайындау мүмкін емес. Бұрын әр мектеп жоғары сынып оқушыларына тракторист, тігінші сияқты кәсіпке баулып, курсты бітіргеннен кейін жүргізуші, тігінші куәліктерін беретін. Бірақ ол үшін мектепте трактор, тігін машиналары, кадрлар, әртүрлі жабдықталған кабинеттер болуы керек. Сондықтан мектептің техникалық базасы жетпегендіктен, бұл курстар тоқтатылды. Көп жерлерде оқушылар 9-сыныптан кейін колледжге кетіп қалады. Мысалы, кейбір ауылдарда оқушы саны қысқарып барады. Бұл жоба мектептердің жабылмауы үшін де жасалуы мүмкін, – дейді Мейіржан Темірбек.
Сарапшының айтуынша, оқушыларға уақыт жетпейді деп күзден бастап мұғалімдердің сағаты қысқарған. Бірақ оқу жылын 31 мамырға созды, жоғары сыныптарды колледжде қосымша оқытуға белді бекем буып отыр. Бұл жерде министрліктің бір жобасы, екіншісіне қарама-қайшы екенін байқауға болады.
Онымен қоса, Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек биыл Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ алдында кәсіптік бағыттау функциясын іске қосатынын айтып еді. Осылайша, оқушылардың қабілетін анықтайтын арнайы тест енгізілмек. Бір оқушының басына бірнеше міндетті үйіп берген қаншалықты дұрыс? Оқушыға кәсіптік бағдар керек пе, техникалық біліктілік керек пе?
– Сапалы, қоғамға керек маман дайындау үшін ең бірінші оқушыларға кәсіби бағдар беруіміз керек. Жоғары сынып оқушыларының барлығына техникалық бағытта білім берген дұрыс емес. Себебі әр оқушының бейіні әртүрлі болады. Елімізде кәсіби бағдар беруге көп көңіл бөлінбеген. Министрлік заңнамалық актілерге өзгеріс енгізіп, кәсіби бағдар беруді міндетті пәндер қатарына кіргізбекші. Әлемдік практикада кәсіби бағдар балабақшадан басталады. Біз олай жасай алмаймыз, 9-сыныптан басталса оның өзі жақсы. Кәсіби бағдар беру болашақта болатын көптеген проблеманың алдын алады. Сондықтан 10-11-сынып оқушыларына колледждің дипломын бермес бұрын бірінші кәсіби бағдарын анықтап алуымыз қажет, – дейді сарапшы Мерей Аманов.
Осылайша, мектептегі жоғары сынып тағы да эксперимент алаңына айналмақ. Білім саласы өссін десек, ең бірінші оқушыларға кәсіптік бағдар беруіміз керек. Олай болмаса, өз ісін сүймейтін, нарыққа жарамсыз кадрлар көбейеді. Ал біздің білім нарығы қос деңгейлі білім беруге әлі дайын емес. Сондықтан текке диплом таратқаннан ешнәрсе шешілмейді.