Ауыл тұрғындары алаяқтарға алданып қалмауы үшін «Құқықтық көмектің» пайдасы көп – Абзал Құспан
Ауыл тұрғындары алаяқтарға алданып қалмауы үшін «Құқықтық көмектің» пайдасы көп – Абзал Құспан
432
оқылды

«AMANAT» партиясы  «Құқықтық көмек» жобасын іске қосты. Пилоттық жоба аясында Атырауға белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан арнайы келіп, Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандарының жергілікті тұрғындарын қабылдады. Сонымен бірге қабылдау Атырау қаласы маңындағы ауылдарда да жалғасты. Қабылдау аясында азаматтарға әлеуметтік, тұрмыстық, өзге де мәселелер бойынша құқықтық кеңестер берілді. Біз құқық қорғаушыдан аталған жобаның құндылығы, маңызы туралы әңгімелеп беруін сұрадық.

– «Құқықтық көмек» жобасының мақсаты неде? – Жоба халыққа құқықтық көмек көрсетуді көздейді. Әзірге, бұл пилоттық жоба ретінде жұмысын бастап отыр. Біз елмен етене жақын еңбек етуді көздеп отырмыз. Яғни, жобаның мақсаты – халықтың ортасында жүру арқылы, мәселелерді шешу. Сол себепті, біз мақсатты аудитория ретінде бірінші кезекте шалғайдағы ауылдарды таңдап алдық. Алыс ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл тұрғындарымен етене байланыс орнату арқылы   халықтың құқықтық, қаржылық сауаттылығын арттыруды мақсат етіп отырмыз. – Жалпы, Атырауға сапардың алғашқы нәтижелері туралы айта отырсаңыз. Қандай проблемалар қалқып шықты, нендей мәселелерге назар аудару керек? – Атырау облысына сапарым аясында мейлінше аудандарды аралауға тырыстым. 100-ге жуық азаматты қабылдадым. Қабылдау барысында азаматтар арасында жеке мәселесімен кеңес сұрағандар көп болды. Сол арқылы Атырау өңіріне қатысты көптеген проблемалық мәселеден хабардар болып отырмыз. Олардың қатарында  несие серіктестері арқылы берілген несиенің заңсыздығы, жеке сот орындаушыларына байланысты проблемалық мәселелер өте көп. Қаржы алаяқтарынан зардап шегіп жатқандары да жетерлік. Неге біз ауыл халқымен кездесуді таңдап отырмыз? Өйткені қалада тұратын азаматтар басшылардың қабылдауына тікелей жазылып немесе онлайн формада өтінім қалдыру арқылы мәселелерін шеше алатындай мүмкіндіктері бар. Облыс орталықтарында құқықтық кеңес беретін арнайы орталықтар да жеткілікті. Алайда  ауылдық елді мекендердің азаматтары осындай мүмкіндіктерді пайдаланудан шет қалып қойып жатыр. Сол себепті, «Құқықтық көмек» жобасын ауқымды деңгейде жалғастыруды жоспарлап отырмыз. – Қаржы алаяқтары деп айтып қалдыңыз. Расымен, қазір бұл мәселе өте өткір тұр. Заң алдындағы жауапқа тартылып жатқан қаржы алаяқтары көп бола тұра, неге біздің арамызда әлі күнге дейін адалынан тапқан ақшасын өз қолымен алаяқтарға беретіндер көбейді? – Расымен де, бұл өте өзекті мәселе болып отыр. Нақты тетіктер іске қосылмайынша, азаматтарымыздың арасында құрғақ уәдеге сенім артып, алданып қалатындар қатары азаймауы да мүмкін. Нақты тетік деп не үшін айтып отырмын? Себебі  бұл жерде халықтың өзімен етене байланыста болатын кешенді жұмыс керек. Біреу білсе, біреу білмес, 2020 жылы Қазақстанда Парламентаризм институты құрылды. Еліміздегі заңнамалардың жұмыс істеу тиімділігін сараптайтын орган  жанынан Сарапшылар кеңесі жұмыс істейді. Мен сол кеңестің құрамында бармын. Сарапшы ретінде, көптеген құжатпен танысамыз. Міне, сол құжаттардағы статистика көрсетіп отырғанындай, қаржы алаяқтарына алданып жатқан азаматтардың дені – көп жағдайда қазақтілді азаматтар. Оның себебін зерттесек, қазбалай беруге болады.  Жасыратыны жоқ, қазір әнші-ақын, блогер сияқты мамандықтардың иелері, бизнес-тренер, коучтардың арасында қауіпті тенденция тарап барады. Бәрі бірдей болмаса да, араларында тексерілмеген, күмәнді жолмен оңай ақша табуға шақыратын жарнамаларды желінің түбін түсіріп жариялап жүргендері жетерлік. Осындай қызыл-жасылды жарнаманың соңы пирамида болып шығады. Енді қараңыз, әлеуметтік желі атаулыда көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан оңай ақша жарнамасы салдарынан алданғандардың арасынан өзге ұлт өкілдерін табу қиын. Өкінішке қарай, біздің елдегі бірде-бір әлеуметтік институт осы мәселеге байланысты зерттеу жүргізбейді. Сондықтан да біздер «Құқықтық көмек» жобасының мақсатты аудиториясы ретінде ауыл тұрғындарын таңдап алып отырмыз. Яғни, өкінішті болса да, бұл картина қазақтілді азаматтардың қаржылық, құқықтық сауаттылығын арттыру керек екенін көрсетіп отыр. – Тағы қандай мәселелерге назар аударған дұрыс? Жоба қайткенде өміршең болады деп ойлайсыз? – Қаржылық сауаттылықты арттыру мәселесін мектеп қабырғасынан бастауды ұсынамын. Жоғары сыныптың оқушыларына осы тақырыпты меңгеретін арнайы курстар, тіпті сабақтар өтсе дұрыс болар еді. Рас, мектептің жоғары сыныптарында «Құқықтану» пәні жүреді. Бірақ сабақты көп жағдайда саланың мамандары  өткізе бермейді. Өзім зерделеп қараған жағдай көрсетіп отырғанындай, бұл пәннен көп жағдайда арнайы курстардан өтіп алған мамандар сабақ беруде. Осы өзім айтып отырған «Құқықтану» курсының оқу бағдарламасын қарап шыққанымда, көзге ұрып тұрған көп кемшілікті байқадым. Негізінде, заң бір ғана құқықтан тұрмайды. Құқықпен бірге, адамның міндеттері, жауапкершілігі де бар. Яғни, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесіне біз заңның белгілі бір баптары, тармақтары деп қана емес, азаматтың жауапкершілігі, міндеттері тұрғысында қарауымыз керек. Әр азамат өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға ұмтылатын болса, қоғамдық сана одан әрі өседі. Ал қоғамдық сананың өсуі – бұл ең басты құндылық. – Тұрғындардың қаржылық сауаттылыған арттыру үшін, әсіресе ауылдарда қандай жобаны іске асыру керек? – Өзіңіз білесіз, біз қазір жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Атомдық жылдамдықпен дамып жатырған ақпараттық тасқын заманында заң үнемі өзгеріп отыр. Қарапайым ғана мысал, еGov.kz қызметін алып қарайтын болсақ, қазір үйде отырып-ақ, мемлекеттік қызметтің бірнеше түрін алуға мүмкіндік бар. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба болса жеткілікті. Бірақ біздің азаматтарымыздың арасында еGov.kz қызметін пайдаланбақ тұрмақ, өтінішін немесе арызын сауатты түрде жаза алмайтындары да бар. Сондықтан «AMANAT» партиясының облыстық, аудандық деңгейдегі филиалдарының әлеуетін азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығын арттыруға пайдалану мәселесін қарастыратын боламыз. «AMANAT» партиясы,  Адвокаттар алқасы, Заңгерлер палатасы секілді ұйымдардың ресурстарын пайдаланып, «Құқықтық көмек» жобасын өміршең етуге мүмкіндік мол. Яғни, «Құқықтық көмек» бірреттік емес, шын мәнінде әлеуметтік маңызға ие жоба болады.

Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА