Мемлекеттік бюджет есебінен түсірілетін фильмдердің мазмұны қатаң бақылауда болуы керек. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов хабарлады.
– «Мәдениет саласын дамытуда кино индустрияның әлеуеті зор. Себебі, халық арасында тартымдылығына байланысты – кино мемлекеттік мәдениет саясатын іске асырудың пәрменді құралы. Бізге киноның басты көрермені саналатын жастар арасында отансүйгіштікті, еңбекқорлықты, отбасылық құндылықтарды, жауапкершілікті, салауатты өмір салтын, білім алуды насихаттайтын тартымды картиналар керек. Министрлік мемлекеттік бюджет есебінен түсірілетін фильмдердің осы талаптарға сәйкес болуын қатаң бақылауға алуы керек», – деді Алтай Көлгінов Мәдениет министрлігінің алқа мәжілісінде.
Сонымен қатар, Алтай Көлгінов басқа да коммерциялық жобалардың қоғамдық нормаларға қайшы болмауы министрліктің назарында болуы тиіс екенін тапсырды.
– «Қазір көрермен талғамының өскенін байқап отырмыз. Сондықтан, фильмдерді көрермен пікірін ескере отырып, мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру механизмін ойластыру қажет. Бұл ретте фильмдер мониторингінің бірыңғай ақпараттық жүйесін іске қосу маңызды. Осы ақпараттық жүйе арқылы әрбір фильмнің прокатын онлайн-режимде қадағалауға мүмкіндік туады. Мұндай ақпараттық жүйе кино саласының дамуына өте қажет. Бұл отандық кино нарығын дамытуға оң әсерін тигізетін болады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Осы орайда, ол фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждау мәселесіне арнайы тоқталды.
– «Министрлік үздік фильмдерді қазақ тіліне аудару мәселесін қолға алуы тиіс. Жастар және балалар қызыға тамашалайтын фильмдердің қазақшалануы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге оң әсерін тигізетін болады. Жалпы, киноөндіріс саласын дамытуда тиісті қауымдастықтармен бірлескен жұмысты жандандыру керек. Осы орайда, Мемлекет басшысы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясын қазіргі заманға сай модернизациялауды тапсырды. Бұл бағытта нақты жоспарлар жасалған, оны тағы да пысықтап, тиянақты іске асыруды сұраймын», – деді Алтай Көлгінов.