"Адамдарды табыстырғандағы сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес" – Ольга Тультаева
"Адамдарды табыстырғандағы сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес" – Ольга Тультаева
567
оқылды
        «...Жо-жоқ, әлде...         Тағдыр ма?!» деп Дархан Аманжолұлы жазғандай, із-түссіз жоғалғандардың тағдыры кімді алаңдатады? Әрине, жақындары мен ағайын-туғаны іздер. Ал сырт адамдарға  оның келіп-кетері де жоқ. Алайда іздеуде жүргендерді жақындарымен табыстыруға тырысып, аз да болса қол ұшын беретін адамдар жоқ емес, бар.  width= Еріктілер еш ақысыз, тегін, табандарынан тозып жүріп іздейді. Жоқ іздейтін «Lider.kz Астана волонтерлары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ольга Тультаевамен аз-кем тілдескен  едік. [caption id="attachment_23792" align="alignleft" width="306"] width= Эллина Кульдин[/caption] – Қаладағы адам іздеумен айналысатын волонтер топтың бірі – сіздердікі. Бұған қалай келдіңіздер? Жоғалған жандарды іздеумен айналысуға не түрткі болды? –  Осыдан төрт жыл бұрын мамыр айында 1 жас 6 айлық бала жоғалды. Есімі – Эллина Кульдин. Бұл хабарламаны әлеуметтік желіден көріп қалып, іздестіруіне көмектескім келді. Әйтпесе, онымен ешқандай туыстығым да, жақындығым да жоқ еді. Аналық сезім бе, сезімталдығым ба, білмеймін, бірақ бұл жағдайды жүрегіме жақын қабылдадым. Жоғалған сәбиді өз баламдай көрдім. Өкінішке қарай, кішкентайыммен отырғандықтан іздестіру жұмыстарына шыға алмадым.  width= Соған қарамастан,  қолыма кішкентай қызымды алып, Эллинаның жоғалғаны жайында жазылған парақшаларды жер-көкке таратып, аялдамаларға жабыстырып шықтым. Тым болмағанда бір адам оның іздеуде екенінен хабардар болып, табылуына үлес қосар деп үміттендім. Шыны керек, кішкентай қыз адасып кеткен болар деп ойладық.
 width=Сөйтсек, суға кетіп қалған екен. Оның мәйітін он күннен соң, Қошқарбаев ауылынан 4 шақырым жерде балық аулап жүрген балықшы тауыпты. Негізі Эллина Нұра өзенінің бойындағы отбасылық демалыста жоғалған екен. Олар үйге жинала бастап, заттарды көлікке реттеп жатқанда, оны көзден таса жіберіп алған.
 Міне, осы жағдайдан кейін кез келген көмектің артықтығы болмайтынын түсіндім. Сол кездері әртүрлі қала мен ауылдардан 100-ден аса адам іздестіруге атсалысты. Қарағандыдан Ирина есімді қыз екеуіміз жоғалған адамдарды іздестіретін үлкен волонтерлік қозғалыс жасадық. Сөйтіп, 2017 жылы қозғалысымызды Rina.kz деп атадық.  –  «Lider.kz Астана волонтерлары» дегеніңіз сол қозғалыстың жалғасы ма?  – Бастапқыда Rina.kz деп аталды. 2019 жылдың ақпанында өз ішінен Lider.kz болып бөлініп шығып, желтоқсанда ресми түрде «Lider.kz Астана волонтерлары» қоғамдық ұйымы ретінде Әділет министрлігінде тіркелді. Аты өзгергенімен, заты сол қалпында қалды. Әрине, басында топтың өзін жинақтау қиын еді. Бірге жұмыс істесуге де ешкім келісе қоймады. Бірақ тынымсыз еңбектің арқасында бүгінде жаңалықтар арнасы мен полиция қызметкерлерімен жақсы байланыс орнаттық.  width=
Қазір 36 қалада тобымыз бар. Мұнда әр қызметкер әрбір жағдайға қол ұшын беруге тырысады. Әйтеуір, қоғамға пайдасын тигізгісі келеді. Қазір көпбалалы отбасына, қарияларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесетін қоғамдық ұйым көп. Соның арасында жоғалғандарды іздестіретіндер санаулы-ақ.
 width= Өз басым сыртқа шығып, адамдардан сұрастырып іздестірсем, пайдам тиетіндей көрінеді. Неге екенін білмеймін, өзімнің жаныма осы жақын. Сондықтан жанымды беріп істеймін.   – Осы төрт жылдың ішінде қанша адам табылды? Әлі қаншасы іздеуде?   – Ағайын-туғандарымен байланыс үзілгендерді қоссақ, қазір 3 500-ден астам адам іздеуде жүр. Соның 1 500-ге жуығы табылды. Оның арасында полицияның көмегімен табылғандар мен үйлеріне өздері қайтып келгендер де бар.  width=
Қазір Нұр-Сұлтанның өзінде із-түссіз жоғалған – 70, туыстық байланысын жоғалтқан 150 адам бар. Осы уақыт ішінде елорданың өзінде 40 адам табылды. Алайда бұл қатып қалған нақты саны емес, ол күн сайын өзгеріп отырады. Сондықтан бүгінгі қолда бар мәліметті атап отырмын.
 width=  – Жалпы, сіздерге адам жоғалғаны жайында хабарлама қалай келеді? Іздеу жұмыстары қалай басталады?  – Адам жоғалғаны жайында хабарлама әуел бастан жақындарынан не болмаса  әлеуметтік желі арқылы келеді. Бірақ іздеу жұмыстарына волонтерлер полицияға арыз түскенде барып қосылады.
Содан ол жайында бүкіл ақпаратты жинап, пошымы, түр-келбеті, қандай да бір ерекшелігі болса, соны анықтаймыз. Жинақталған мәлімет бойынша аурухана, мәйітхана, баспанасыздар орталығына хабарласып, ол жақта бар-жоғын тексереміз.  
Оның жоғалғаны жайында хабарламалар қала бойынша жабыстырып, әлеуметтік желілерге таратылады. Іздестіру тобы жасақталып, жоғалған мекені бойынша қарауға шығады.  width= Нұр-Сұлтанның өзінде 50-ден астам волонтеріміз бар. Оған қоса, ортақ чатта отырмайтын штаттан тыс қызметкерлер тағы бар. Қажетті кезде оларды да қосамыз. Әлеуметтік желіде адам жоғалғаны жайында ақпарат таратуға, парақшаларды жабыстыруға, іздестіруге бізде жұмыс істемесе де кез келгені көмектеседі. Әсіресе, жасы ұлғайған адам немесе бала жоғалғанда бәрі атсалысады.  width=
Өкінішке қарай, орта жастағыларды іздестіргенде мұндай нәрсе байқалмайды. Іздестіру жұмысы барынша жүрсе де, көпшілік бейжай қалады. Адамдар көбіне «жора-жолдастарына қыдырып кеткен болар, қайтып келеді» деп іздесуге атсалыспайды.
Соның ішінде шынымен де із-түссіз кететіндердің болатынын ұмытпаған абзал. Ал ондай жағдай жетіп артылады.  width=Іздестіру барысында сондай жағдай сіздерде болды ма? – Басымыздан ондайдың талайы өтті. Бір отбасының қуанышына куә боламыз деп отырғанда, қайғыға душар болды. Жақында ғана бір адамды іздеп жүріп, көпқабатты үйлердің балконында жатқан ер адамды көріп қалдық. Алыстан көрсеңіз, мекені жоқ қаңғыбастардың бірі деп ойлайсыз.
Жақындай келе оның ондай емес екенін байқадық. Өйткені әлгі ер адам біраз киім-кешекті астына салып, қалғанын үстіне жауып алыпты. Үсті-басы таза, тоңып қалған екен. Сұрастыра келе, оның Сарыағаштікі екенін білдік.
 width= Нәпақасын табу үшін Нұр-Сұлтанға келген. Артынан сырқаттанған ол, тапқан табысының бәрін еміне жұмсаған. Сөйтіп жүргенде жұмыстан шығып қалған. Пәтерге төлейтін тиыны болмаған соң, одан да шығарылып, далада қаңғып қалған. Ауылға хабарласып, көмек сұрағанға ұялған. Оның үстіне анасын уайымдатқысы келмеген. Ол жайында сөз қозғағысы келмеген соң, жедел жәрдем шақырып, оны ауруханаға жатқызды.
 width=   «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» дегендей, сөйлесе келе анасының есімін және оның «одноклассникиде» парақшасы барын білдік. Сол жерде Серіктің анасын тауып алып, оның сырқат екенін хабарлап едік, бізге сенбеді. Сөйтсек, бізді біреудің қайғысына ақша жасап жүрген алаяқтар деп қабылдаған.
Соған қарамастан анасының барлық досына хабарласып, мән-жайды түсіндіріп шықтық. Арада біраз уақыт өткен соң, Серіктің анасының өзі бізге хабарласты. Ұлының табылғанына таңданған анасы оның Сарығашта іздеуде жүргеніне бір жыл болғанын жеткізді.  width=
Оның елордада жұмыс істеп жүргенін білгенімен, қандай жерде, қайда тұратынын, қаланың қай жерінде тоқтағанын білмеген. Ұлы хабарсыз кеткен соң, анасы іздеу салған екен. Сөйтіп, анасы қалаға келетін болды.
Бірақ өкініштісі, әлгі ана ұлын көзі тірісінде көре алмады. Себебі Серік ауруханаға түскен күннің ертесі бас дәрігері бізді шақырып, оның қазасын естіртті. Біріншіден, оның жүрегі шыдамаған. Екіншіден, өкпесі қабынып, суық өтіп кеткен. [caption id="attachment_23822" align="alignnone" width="1024"] width= ©2-3 күнде табылға ұл бала[/caption]
Міне, осындай жағдайда не жыларыңды, не жұбатарыңды білмейсің. Тірісінде ұлын көре алмағаны бір жағынан қынжылтса, екіншіден, туған жерінде жерленіп, ағайын-туғанның қасында болып, құран бағыштай алатыны – жұбаныш. Кім біледі, бізге жолықпағанда, сол балконда қалар ма еді? Не белгісіз біреу болып жерленер еді. Ал анасы болса,  өмір бойы оның келуін күтіп өтер еді.
 width= Елге айтарым, қашанда жақындарыңызға қайда және кіммен жүргендеріңізді ескертуді ұмытпаңыздар. Бұл дүниеде бәрі де мүмкін... Сақтанғанды Құдай сақтайды емес пе?! – Биыл волонтер жылына орай, мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау бар ма? Қызметкерлеріңіз ерікті азаматтар екені белгілі. Бірақ оларға ақы төлене ме?  width=  – Шыны керек, мемлекет тарапынан  көмек беріліп жатқаны сезіліп тұрған жоқ. Әйтеуір, қазір полицияның тез арада іске қосылатыны бізді қуантады. Бірақ бәрін жоққа шығаруға болмайды. Жыл енді ғана басталды емес пе?! Бізге бастысы өмірде мейірімді жандардың көбейе бергені. Олар көбейген сайын өміріміз жақсара түседі деп сенеміз. Әрине, іздеуге қажетті құралғылар: рация, тепловизор, дрон, жарық түсіретін шамдар жетіспейді. Бәрін сатып алатындай қаржының жетіспеушілігі тағы бар. Әйтпесе, бәрін-ақ істегіміз келеді. Бір білетінім, волонтерлар үлкен-кішілігіне қарамастан, аздық етеді. Жалақысы жоқ жерде кім жүреді дейсіз? Бірақ осында нағыз шынайы жандар бар. Олар ақы үшін емес, жан рақаты үшін жұмыс істейді. Адамдарды тауып, табыстырғандағы қуанышты көру, оны сезіну сәтіндегі бақытты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өмірімнің босқа өтпегеніне қуанамын. Сондықтан бұл ісімнен ешуақытта бас тартпаймын.