Петропавл қаласын қоқыс басып кетті. Көпқабатты үйлердің аулаларынан қатты тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды. Әр аула үлкен қоқыс үйіндісіне айналған. Бұған коммуналдық қызмет ақысының төмендігі себеп. Қоқыс шығару қызметін ұсынатын компаниялар төлемақыны қымбаттатуды сұрап отыр.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығында бұл мәселе туындағалы бірнеше айдың жүзі болды. Қоқыс контейнерлері аузы-мұрнынан шыға лық толған. Орын болмағандықтан тұрғындар қоқыс салынған пакеттерін контейнердің жанына тастай салады. Оны ешкім жинамайды. Содан аулаларды сиықсыз үйінділер басып барады. Қалалықтар үйлерінде тышқан мен егеуқұйрық пайда бола ма деп алаңдаулы. Түрлі инфекциялық ауру тарауы мүмкін деп те қобалжып отыр. Көшелерде қолданылған дәретхана қағазы, полиэтилен пакет сияқты қоқыс ұшып жүр. Қалғанын қаңғыбас иттер тасып, шашуда. Петропавлдықтар қаланы ластамас үшін бір-бірін тым болмаса қоқыс пакеттерінің аузын байлауға шақыруда. Тілі өткірлеу қалалықтар Петропавл қаласы қоқыс көрмесін өткізуге дайындалып жатыр деп қалжыңдайды. Бұл байқауда ең көп қоқыс жиналған ауланы анықтау туралы ұсыныс жасаушылар да бар. Кейбіреулер бар қалдықты жинап, қалалық әкімдіктің жанына үйіп тастау керек деседі. Әсіресе, қоқыс коллапсына әкімді кінәлаушылар қала басшысын халықтың өзі сайлау керек, ұнамаса оны босатып, басқасын таңдау керек деген пікір айтуда. Экологтарды да кабинеттерінен шығып, қаланың ішінде жұмыс істеуге шақырушылар бар. «Көрмес, түйені де көрмес» дегендей, тіпті әкімшілік ғимараттарының маңайындағы көпқабатты үйлердің аулаларын қоқыс басып жатқанын аңғармай жүрген шенеуніктердің қылығына халық аң-таң.
ТАРИФ ТӨМЕН
Коммуналдық қызмет көрсетушілер тарифтің төмендігін алға тартуда. Петропавл қаласында қатты қоқыс шығару тарифі 2017 жылдан бері өзгермепті. Қатты тұрмыстық қалдықты шығарумен айналысатындар осыны айтып, дабыл қағып жүргелі көп болды. Олардың айтуынша, одан бері жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, басқа да қажетті заттар бірнеше есе қымбаттады. Сондықтан қоқыс тасымалдаушы фирмалар шығынмен жұмыс істеп жүрген көрінеді. Тіпті, күнде қоқыс қопарып жүрген қызметкерлерінің еңбекақысын да көтере алмайды. Жаңа техника сатып алуға қауқарсыз. Әбден тозған техника жиі істен шығады. Сондай кездері қаланы қоқыс басып кетеді.
Бүгінгі күні көпқабатты үйлердің тұрғындары қатты қоқысты шығару үшін адам басына 220 теңге, жекеменшік сектордағылар 234 теңгеден төлейді. Заңды тұлғалар үшін – 1 текше метрі үшін 2530 теңге.
Петропавл қалалық мәслихатының депутаттары тарифті екі еседен астам сомаға ұлғайту туралы ұсыныс жасады. «Петропавл қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге халық үшін тарифтерді бекіту туралы» қаулының жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланды. Құжаттың қосымшасына сәйкес көпқабатты үйлердің тұрғындары адам басына 480 теңге, жер үйде тұратындар 510 теңгеден төлейтін болады. Заңды тұлғалар үшін 1 текше метріне – 2782 теңге шығындайды. Бұл құжат қаңтардың 26-сына дейін талқыланады. Одан соң тариф көтерілмек.
Бұл да болса халықтың наразылығын туғызып отыр. Себебі, еңбекақы өсірмейінше, тарифті қымбаттатуға болмайды деп есептеушілер көп. «Баға шарықтап барады. Бірдеңе арзандады дегенді естімейміз. Ал еңбекақы бір орында тұр. Мұндай тарифті қабылдау үшін ең алдымен халықтың жалақысын екі есе көтеруді неге ойламайды? Біздің табысымыз қашан артады?» – дейді петропавлдық Айнаш Кеңпейілова.
Жекеменшік секторда қоқыс шығару мәселесі бұған дейін де өзекті болатын. Кейбір шағын аудандарда тіпті контейнерлер де орнатылмаған. Қоқыс уақытылы шығарылмағандықтан, тұрғындар оны пешке жағуға мәжбүр. Солардың бірі Любовь Рыжова: «Қысы-жазы қоқысты өртейміз. Бізге дұрыс қызмет көрсетілмейді. Контейнерлер аз, бірнеше шақырым қашықтыққа апаруымыз керек. Айына бір рет қоқысты контейнерге тастағаным үшін 1530 теңге төлеуім керек пе? Жалпы, неліктен жекеменшік сектордың бағасы қымбат дегенге компания қызметкерлері бау-бақша үшін деп жауап берді. Біз қоқыс өсіреді екенбіз. Тарифті қымбаттатқаннан жұмысшылардың еңбекақысы өседі, техника сатылып алынады дегенге сену қиын. Алдымен қоқыс шығару кестесін реттесін», – дейді.
Бағаны ырыққа көндіре алмаған шенеуніктерді теңгемен жазалау туралы ұсыныс айтқандар да кездеседі. Мәселен, петропавлдық Павел Патрушев: «Баға өсе берсе, оны шенеуніктер ұстап тұра алмаса, өндірістегі сияқты олардың еңбекақысының 10 пайызын ұстап қалу керек. Бұл жағдай тағы қайталанса, жалақысының 50 пайызынан, ал мүлдем қолдарынан түк келмесе 100 пайызынан айырудың артықтығы жоқ. Жарты жылдан соң қоқыс шығарушылар тағы да шығынға баттық демесіне, сол кезде баға тағы екі есе қымбаттамасына кім кепіл?», – деді.
Тарифті қымбаттату туралы ұсыныс жасаған депутаттарды кінәлаушылар бар. Олардың ойынша, халықты қанай бермей, коммуналдық қызметтердің шығындарын жабудың басқа жолдарын іздеген жөн. Мәселен, техника сатып алуға грант бөлу, субсидия беру сияқты амалдарды қарастыру артықтық етпес еді деседі.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен төрт компания айналысады. «Олардың балансында 24 қоқыс жинайтын техника бар. Бірақ барлығы дерлік ескі, сондықтан жиі істен шығады. Кәсіпорындар материалдық-техникалық базасын жаңартуға қауқарсыз. Тариф 2017 жылдан бері өзгерген жоқ», – деді жауапты бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Бұл компанияларға борышкерлердің қатары қалың. Олармен тиісінше жұмыс жүргізілмей ме, әлде басқа себебі бар ма, қарыз айдан-айға қордаланып қалуда. Бүгінде қалалықтардың қарызы 25 миллион теңгеден астам. Олармен жұмыстың тиімді тетігін тауып, тіпті жаза қолдануды да ұсынушылар бар.
ШЫРША ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ШУ
Жаңа жыл мерекесінен кейін петропавлдықтардың біразы үйіне орнатқан шыршасын қайда жіберерін білмей дал болды. Ағаштарды контейнерге тастауға тыйым салынды. «Қоқыс бактары тек қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған. Көркейту ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (70 мың теңге) айыппұл қарастырылған. Шыршаларды шығару үшін коммуналдық компанияға тапсырыс беру керек», – деп ескертті Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімі. Көлік жалдау құны – 15 мың теңге.
Бұл мәселеге келгенде петропавлдықтардың пікірі екіге жарылды. Кейбіреулері мұны қолдап, орманға зиян келтірмей, жасанды шырша алу керек десе, басқалары тірі шыршаны сатуға тыйым салынсын, қоқысты уақытылы шығармағаны үшін компания да айыппұл төлесін деген ұсыныс білдірді. Тыйым салынғанына қарамастан шыршаны контейнерге тастаған он адам анықталды. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, олардың ешқайсысына айыппұл салынған жоқ, тек ескерту жасалды. Көп кешікпей, облыста ешкі сүтінен ірімшік жасаумен айналысатын кәсіпкерлер қылқанжапырақтыларды тегін алып кетуге дайын екенін хабарлап, мәселені шешуге ат салысты.
Солтүстік Қазақстан облысы