«Жаңа адамдар» қозғалысының мүшелері мемлекеттік қызметтегі азаматтарға арнайы күнделік шығарды. Бұл күнделіктің басты ерекшелігі әр апта Мемлекет басшысының 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауының үзінділерінен басталады. Күнделіктің тұсаукесері бүгін Ұлттық академиялық кітапханада өтті.
«Екінші республика құрылысшысының күнделігі» атты кітапшаның алғашқы даналарын «Жаңа адамдар» қозғалысы 2023 жылы тағайындалған жаңа жас министрлерге, шенеуніктер мен судьяларға табыстауды ұйғарыпты.
«Жаңа адамдар» қозғалысының мүшесі Нарбек Қожахметовтың пікірінше, Жаңа Қазақстанға тиімді басқару жүйесі сәйкес келуі тиіс. Бұл жүйенің негізі – жаңа жас буын шенеуніктер. Олардың жұмысындағы басты мақсат – жеке мансап емес, қарапайым адамдардың мүдделері болуы керек.
– 2023 жылы 4 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктердің жаңа басшыларын тағайындау туралы бірқатар Жарлыққа қол қойды. Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің басшылары ретінде 32 жастан асқан болашағы зор жас мамандар тағайындалды. Үкіметтегі жаппай кадрлық өзгерістер және оның құрамын жасарту қадамы – Президент тарапынан Екінші Республиканы құруға таңдалған бағыт аясында бастаған реформалардың қисынды жалғасы болды. Біз осы күнделікті мемлекеттік қызметте жүрген жас мамандарға арнап шығардық,– дейді Нарбек Қожахметов.
Бұл күнделікті қолжазбаның басты ерекшелігі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі дәйексөздері. Күнделіктің әр 52 аптасы Президентіміздің дәйексөздерімен басталады.