Астанада Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтіп жатыр. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров пен өңірлерден келген 200-ден астам БАҚ өкілі қатысты. Бұл жиында басылымдардың барлық мәселесі жан-жақты талқылануда.
Ең алдымен, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов қазіргі заманда ақпараттың анық-қанығын ажыратып, шынайы мәліметті елге жеткізе білу өте маңызды екеніне тоқталды.
«2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде ұзын саны 5 мыңнан асты. Оның 70 пайызы баспа мен мерзімді басылымдар. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен оның болшағының зор екенінің дәлелі. Отандық медианың әлеуетін одан әрі дамыту үшін алдымызда ауқымды міндет бар. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, азаматтық қоғаммен байланысты жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы орайда, өңірлік БАҚ-тың оқырманының саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек», – деді Алтай Көлгінов.
Журналистердің ресми мәліметтерге қолы жете бермейтіні ақиқат. Бұл мәселеге қатысты министр Дархан Қыдырәлі журналистің сауалын жауапсыз қалдырған мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылатынын айтып өтті. Алдағы уақытта журналистердің сауалдарына жауап беру мерзімі 3-5 күнге дейін қысқарады.
«Осыған дейін медиа индустрияны дамыту үшін Astana Media Week халықаралық медиа апталығын, Орталық Азия медиа форумын өткіздік. Қазақстанда өткен жиынға шетелден экс-президенттер, Пулицер сыйлығының иегерлері, медиа саласының майталмандары, бас-аяғы 300-ден астам делегат қатысты. Алқа мәжілісінде БАҚ мәселесін талқыладық. Енді мерзімді басылымдардың ахуалын талдап, бағыт-бағдарын саралауды қолға алып отырмыз. Мерзімді басылымдар – журналистиканың алғашқы мектебі. Қазақтың көптеген көрнекті тұлғасы тырнақалды туындыларын жергілікті БАҚ-та жариялап, елге танылды. Баспасөздің қай уақытта да қоғамда алатын орны ерекше», – деді Дархан Қыдырәлі.
Екі күндік форум аясында қазақстандық БАҚ саласының мамандары тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи медиа кеңістіктегі басты мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салады. Бұл орайда форумда «АЙҚЫН-ЛИТЕР» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев менеджменттің тетіктерін білу арқылы оқырман санын әлдеқайда көбейту мәселесін сөз етті.
«Кез келген газетке жарнама берген тұтынушы ең алдымен сол газеттің сапасы мен санына мән береді. Әлеуметтік желідегі парақшалар қаншалықты жылдам болса да, газеттердегідей ақпаратты жан-жақты толыққанды бере алмайды. Сол себепті газет пен сайттың ұжымы бөлек. Олар бір-біріне бағынбайды, сондықтан да олар дербес», – деді ол.
Алдағы кезеңде бұл форумды дәстүрлі түрде өткізілмек. Бастысы, жиында көтерілген жергілікті басылымдардың өзекті мәселелері тиісті деңгейде қаралады.