Талап күшейгенімен, талапкер азайған жоқ – Ануар Жангозин
Талап күшейгенімен, талапкер азайған жоқ – Ануар Жангозин
891
оқылды
Ертең «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдаудың бірінші кезеңі аяқталады. 2023 жылдың алғашқы конкурсы 9 қаңтарда бас­талды, биыл төрт мерзімді қамтып отыр. Бұрын-соңды жұмысы көктемде баста­латын бағдарлама­ның биыл ерте іске кіріскенінен де өзге бірқатар жаңалығы бар. Мәселен, қоян жылы ауылдан тапсыратын үміткер­лерге ғана емес, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен медицина маманда­ры­на да же­ңілдік көп. «Халықаралық бағдар­ла­малар орталығы» акционерлік қоға­мының басқарма төрағасы Ануар Жан­гозинмен «Болашақ» бағдар­ламасының жаңалығы туралы тілдескен едік. – «Болашақ» бағдарламасы­ның биылғы жаңалықтары қандай? – Соңғы жылдары үміткер­лерге тең мүмкіндік, іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету, бю­рократияны қысқарту мақсатында «Болашақ» бағдарламасы ау­қым­ды жаңғыртудан өтті. Стипендия тағайындау конкурсына қаты­судың басты талабы – бағдарлама ұсынатын шетелдік жетекші ЖОО тізіміндегі оқу орнынан шақырту алу. Ал ЖОО тізімге халықаралық үш рейтингте алдыңғы қатарда тұрған 250 университет енді. Екіншіден, биыл жаңа кво­талық санаттар енді. 2023 жылғы 9 қаңтарда үміткерлерден құжат қабылдау процесі басталды. Мем­лекет басышысының тапсыр­ма­сымен инженерлік-техникалық кадр даярлауға басымдық беріледі, осы атаумен жаңа жеңілдік санаты енді. Салалық министрліктер және Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен ме­дициналық қызметкердің квота­лық санаты бекітілді. Кемінде 1 жыл жұмыс өтілі бар медицина мамандарына шетелдік конкурсқа ЖОО-дан шартсыз шақыру ұсыну талап етілмейді. Сонымен қатар олар стипендияға ие болғаннан кейін шет тілінен тілдік дайындық курсынан өтеді. Бұған дейін ірік­теуге жеңілдетілген шартпен ауыл­ды жерлерден үміткерлер ғана қатыса алатын. Бұл – үлкен мүмкіндік. Инженерлік, техни­ка­лық, IT және медициналық ма­ман­дардың конкурсқа қатысуға ынтасы мен жігерін арттыруға ық­пал етеді деп ойлаймын. Үшіншіден, биыл біздің бас­тамамызбен конкурстық іріктеу процесін жетілдіру және тиімд­і­лігін арттыру мақсатында кан­дидатқа қойылатын талап кү­шей­ді. Жаңа ережеге сай, үміт­керлер шет тілінің сертификатын тек шетелдік ЖОО-ға тапсырмай, бізге де ұсынуы шарт. Сондай-ақ бүгінде «Бола­шақ» стипендиясы аясында қоса қар­жыландыру тетігін енгізіп жа­тырмыз. Яғни, үміткер шетелдік жоғары оқу орнынан грант ұтып алса, бағдарлама тұру, тамақтану, ұшу, оқулықтар сатып алу сияқты қалған шығынды өтейді. Бұл бюд­жет қаражатын айтарлықтай үнем­деуге, жоғары оқу орындар географиясын кеңейтуге мүм­кіндік береді. Мұндай стипендиат­тар үшін еңбек өтілі 1 жылға дейін қысқартылады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар Ас­тана, Алматы және Шымкент қалаларында еңбек өтілі 5 жылдан 4 жылға, өңірлерде 3 жылдан 2 жылға қысқартылады. – Стипендиатқа қойылатын талапты күшейту бағдарлама үшін қаншалықты тиімді болды? – Біздегі деректерге назар сал­сақ, талаптардың күшейгеніне қарамастан «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша оқуға түсуге ниет білдіргендер саны 20 пайызға өсті. Былтыр комиссия кандидат­тардың 1 700 өтінімін қарап, оның 461-і грант алды. Сонымен қатар әлемдегі ең пайызы беделді уни­верситеттерде оқуға ниет білдір­гендердің қарқыны да жоғары. Мысалы, бүгінде Ұлыбри­тания­дағы стипендиаттардың 70 па­йызы Оксфорд университеті сынды беделді жоғары оқу орын­дарынан тұратын Russel group-та білім алып жатыр. 50 қазақстандық АҚШ-тағы Гарвард, Принстон, Йель секілді әлемдегі үздік оқу орындарының Шырмауық лига­сында білімін шыңдауда. Бұл еліміздің аумағында да үздік шетелдік жоғары оқу орнына түсуге сапалы түрде дайындалуға болатынын көрсетеді. – «Болашақ» бағдарлама­сының грантын иеленген адам енді ағылшын тілінің дайындық курсын оқи алмайды (ауыл тұрғындарын есепке алмағанда). Ағылшын тесті­лерінен қанша жерден жоғары балл алсаң да, шетелде академиялық білім алу, ол ортаға бейімделу оңай емес. Не себепті мұндай шешім қабылданды? – Биыл инженерлік-техника­лық және медициналық кадрлар үшін де тілдік дайындық курстары енгізілді. Мұның себебі – осы ба­ғытта оқуға түсетін студенттердің шет тілін білу деңгейі көбіне тө­мен, ол шетелге түскенде айтар­лық­тай кедергі келтіреді. Ал білім беру, әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша оқуға түсетіндердің әдет­те шет тілін меңгерудің дең­гейі жоғары болады. Оған қоса, ин­женерлік-техникалық және ме­ди­цина саласының ерекшелік­те­рін, күрделі кәсіби термино­ло­гиясын ескерсек, бұл саладағы ма­мандар үшін сапалы тілдік да­йындық өзекті. Жаңа ережеге сай, олар «Болашақ» бағдарла­масының іріктеуіне қатысу үшін шет тілінің деңгейі орташа екенін дәлелдесе жеткілікті. Кейін олар білімін шың­­­дау үшін еліміздің аумағында 6 ай­ға дейінгі, шетелде 3 айға де­йінгі тілдік дайындықтан өтеді. Мұндай курстар үздік шет­елдік универси­­тет жанындағы, ұлттық немесе халықаралық аккре­дитациясы бар беделді ұйымда өткізіледі. – Бір кездері шетелде білім ал­ған стипендиат оқуын бітірген соң оған тәжірибе жинау үшін шетелдік компанияларда 1-2 жыл жұмыс істеуге рұқсат ету туралы ұсыныс болған еді. Бұл ұсыныс қолданысқа енді ме? Енбесе, осындай ұсыныс­тар қарастырылып жатыр ма? Болашақ – Оқуын аяқтап, Global Fortune 500 тізіміндегі жетекші ком­паниялардың біріне жұмысқа тұрғандарға жеңілдік беріледі. Олар Қазақстанға оралмай, бір жыл сол кәсіпорында қызмет ете алады. Global Fortune 500 – бұл Fortune журналы жыл сайын жа­риялайтын тізім, онда Apple, Amazon және тағы басқа АҚШ-тың 500 жетекші мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорны енеді. Қазір бұйрықтың жобасы мемлекеттік органдармен келі­сіліп жатыр. Әзірге біз осындай жұмыс үшін 12 ай мерзімді қа­растырып отырмыз. Дегенмен алда бұл мерзімдерді ұзарту мүм­кіндігін ойластырамыз. – Шетелде оқу бітірген стипен­диат әрі қарай сол елде жұмыс істеу үшін қалатын жағдай көп пе? Елге оралмағандарға қандай да бір шара қолданыла ма? – «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келгендерге Ха­лық­аралық бағдарламалар орта­лы­­ғы ерекше көңіл бөліп, жұм­ыс­қа орналасуға қолғабыс етеді. Оқуын бітірген стипендиаттың елге орал­май қалуы сирек кезде­сетін жағ­дай. Тіпті, еңбек өтілін өтеп бітіп, Халықаралық бағдар­ламалар ор­талығы алдындағы мін­деттемесін толық аяқтаған «Бо­лашақ» тү­лектері елден көшіп кетеді деген жалған пікір бар. «Бо­лашақ» бағ­дарламасының 30 жыл­дық та­рихында шетелде қа­лып қой­ған түлектер 1,3 пайыздан аз не­месе бар болғаны 180-ге жуық адам. Орталықта «Болашақ» бағ­дарламасы түлегінің еңбек өтілін бақылайтын арнайы жұмыс бас­қармасы бар. Былтыр қатаң ба­қы­лау нәтижесінде өз міндетін орын­дамаған бірқатар стипен­диаттан бюджетке 1,6 млрд тең­геден астам қаражат қайтарылды. Оның үстіне, магистратура, док­торантура және резидентура оқи­тын стипендиаттар кепілдік ны­саны ретінде жылжымайтын мү­лік ұсынады. Ал тағылымдамадан өтушілер 2 жеке тұлғаны кепілгер ретінде көрсете алады. – «Болашақ» бағдарламасы­мен шетелдік университеттерде оқып келген студенттердің елге оралған соң жұмысқа орналасуы қалай реттеледі? Олардың шетелде алған білімін жергілікті өндірісте кәдеге жаратып-жаратпай жат­қанына зерттеу жүргізіле ме?«Болашақ» стипендиясын тағайындау механизмі жыл сайын мемлекеттік органдардан, ква­зимемлекеттік және жеке ұйым­дардың кадрларға деген қажет­тілігін зерттеп, жинақтауды көз­дейді. Биыл ғана 120-ден астам өті­німге талдау жүргізіп, мемле­кеттік органдар, индустрия және бизнес өкілдерімен сараптамалық кездесулер өткіздік. Яғни, елімізге қажетті маман даярлау мақса­тын­да еңбек нарығының қажеттілігі мен ортамерзімді болжамын тал­дау тұрақты түрде жүргізіліп оты­рады. Бұл жұмыстың нәтижесі мынадай: мониторингтегі 2 781 түлектің 2 753-ы немесе 99 па­йызға мамандығы бойынша еңбек етіп жүр, 28 адам жақында ғана оқуын тәмамдап, қазір жұмысқа орналасып жатыр. – Былтыр жыл басында Пре­зидент «Болашақ» бағдарламасын Ресейдің оқу орындарына қарай бағдарлау жөнінде айтты. Бұл бастама қалай жүзеге асты? 2022 жылы оқуға түскендердің статис­тикасы қандай? Ресейге оқуға тап­сырғандар саны көбейді ме? – Былтыр Ресейдің жоғары оқу орындарына түсуге ниет біл­дірушілерден 9 өтінім келіп түсіп, 5 адамға стипендия таға­йын­далды. Әзірге Ресейге оқуға тап­сыратын адам санының өскені байқалмайды. – Әңгімеңізге рақмет!