Атыраулық кинолог "құтқарушы" иттердің ерекшеліктері туралы айтып берді
Атыраулық кинолог "құтқарушы" иттердің ерекшеліктері туралы айтып берді
930
оқылды
Бала күнімізде «Комиссар Рекс» фильмін көріп отырып, «мұндай иттер тек кинода болады» деп ойлайтынбыз. Есейе келе, «Комиссар Рекс» сияқты көмекшілердің арамызда жүргенін көзбен көрдік. Шын мәнінде кинолог­тар­мен бірге арнайы опе­ра­цияларға қатысып жүрген қызмет­тік «жауынгер» иттердің әр күні ер­лік­ке толы десек те болады. Тұрар Сәрсенғалиев – Аты­рау облысы төтенше жағ­дайлар де­партаментіне қарасты Жедел құт­қару жасағының бас құтқарушысы. Қазір ол Гром, Олли есім­­ді қыз­мет­тік ит­­терді жауапты мис­сияны ат­қаруға баули­ды. Жедел құт­қару жасағында 2012 жылдан, Ки­но­ло­гия бөлім­ше­сінде 2016 жылдан бері ең­бек етіп келе жат­қан Тұрар төрт аяқ­ты достары өмірінің бір бө­лігіне айналып кет­кенін айтады.
«Кинология – ит өсіру, иттерді зерттеуге ар­­­налған ғылым. Біздің мін­детіміз төрт аяқты дос­­тарымызды зерттеумен, оларды тәрбие­леумен байланысты. Кез келген адам кинолог бола алмайды. Өйткені кинологқа ынта, сабыр, шыдамдылық қажет», – дейді Тұрар Сәрсен­ға­лиев.
Қазіргі уақытта мұнда Гром мен Олли бас­та­ған «жауынгер» иттер техногендік және табиғи апат жағдайында құтқару жұмыстарына үйре­тіліп жатыр. Мамандардан білгеніміз, кинолог көше­ден кез келген итті әкеліп оны белгілі бір дағдыларға үйрете алмайды. Кинолог үшін арнаулы қызметке тартуда иттің тегі де маңызға ие. Қазір Атыраудағы құтқарушылармен бірге қыз­мет етіп жүрген «жауынгер» иттердің шығу тегі бельгиялық. Туған сәттен бастап, ерекше режимде тәр­биеленіп жатқан бұл иттердің сезу қа­білеті, ішкі түйсігі өте жоғары дамыған. Олар адам бара алмайтын үйінділердің арасына оңай кіріп, зардап шеккендерді жылдам табады.
«Мәселен, Гром техногендік сипаттағы апат ке­зінде құтқару операциясына арналған оқу-жат­тығу кезінде небәрі 10 минут 30 секунд ішін­де 5 адамды тауып, республика бойынша үздік нә­тижені көрсетті. Бұл күн сайын жұмсап жат­қан күш-жігер, еңбектің нәтижесі», – дейді ки­­­нолог Тұрар Сәрсенғалиев.
Иттер бірден құтқару операциясына жі­берілмейді. Олар шамамен 2 жыл бойы арнайы дайындықтардан өтеді. Осынау мер­зім ішінде кинологқа иттің мінезін, темпера­мен­тін біліп, сол бағытта жұмыс жүргізеді.
«Біз күшіктерді бір айдан бастап тексере бас­таймыз, ондағы міндетіміз күшіктердің нақ­ты қай бағытта жұмыс істей алатынын байқау. Бар­лық бағыттың өзіндік ерекшелігі бар. Мы­салы, полицияда қызмет ететін иттерді ал­сақ, қылмыскерді ұстау кезінде көмекші ретінде аг­р­ессивті иттерді дайындайды. Барлаушы, кү­зет­ші, жарылғыш заттарды іздеуші иттердің өзіне тән ерекшеліктері болады. Сол сияқты та­биғи және техногендік апат кезінде көмекке ке­летін құтқарушы иттерде сезіну, иіс сезу қа­бі­леттері мықты дамыған болуы керек. Біле-біл­генге кинология саласы өз алдына ерекше әлем», – дейді Тұрар Сәрсенғалиев.
ит жаттықтырушы Байқағанымыздай, әр иттің өзіндік ерек­шеліктері болады екен. Мысалға, ки­но­лог түрлі себептермен басқа қызметке ауысып ке­туі мүмкін. Мұндай жағдай «жауынгер» итке ауыр тиеді. Себебі, оның жаңа иесіне үйренісіп ке­туі қиын. Ол үшін тіпті екі жылдай уақыт ке­теді.
«Мысалға, біз жұмысқа келген сәтте иттерді қа­рап шығамыз. Яғни, оның жағдайы, көңіл күйі, бабы келісіп тұруы керек. Сосын оларды серуенге алып шығамыз. Түскі асын береміз. Түс­тен кейін арнайы жаттығулардан өтеді. Жат­тығу кезеңі шамамен екі сағат уақыт алады. Жә­не аптасына екі рет практикалық сабақтан өтіп отырамыз», – дейді кинолог Тұрар Сәр­сен­ғалиев.
Бұдан бөлек, «жауынгер» иттер Алматы об­лы­сында жылына екі мәрте атестаттау­дан өтеді. Сертификат алған иттер, техногендік және табиғат апатта құтқару жұмыстарына қатысады. Атап өтерлігі, «жауынгер» иттердің қызмет ету мерзімі әртүрлі. Ол иттің денсаулық жағ­дайы­на, жұмысына және күтіміне тікелей байла­ныс­ты. Көп жағдайда иттер сегіз жасқа дейін, ал си­рек жағдайларда ғана кейбіреулер 10, 12 жыл бойы адал жұмыс істей алады. «Отставкаға» шық­қан иттерді кинологтар үйіне алып кетеді екен. «Қазір біздің құтқару жасағында 4 кинолог, 5 құт­қарушы ит қызмет етіп жатыр. Алайда ки­нология саласында арнайы мамандар, оқыту ор­талықтары аз. Шын мәнінде, қызметтік ит­тердің пайдасы өте зор. Сондықтан бұл саланы дамытуға көбірек көңіл бөлу керек.
Біздің мамандық жануарға деген жылулық­тың болуымен ерекшеленеді. «Жауынгер» кө­мек­шілеріміз бәрін сезінеді. Көңіл күй бол­май жатса, олар жігерлендіруді де біледі. Иттер әрқашан өзінің иесімен кездесуді асыға күтеді. Мен үшін Оллидің де, Громның да орны ерекше» деді бізбен қоштасып тұрып Тұрар Сәрсенғалиев.
 

«Ит – адамның досы» дейміз. Ебін тауып, пайдалана білсе төрт аяқтылар адамзаттың сенімді көмекшісіне айналуы да бек мүмкін. Бұл істе иттің жан дүниесін сезіне алатын кинолог мамандардың кәсібилігі сыналады.

Атырау облысы