Халық банкті кім сатып алады?
Халық банкті кім сатып алады?
1,169
оқылды
Жиырма миллиондай халқы бар Қазақстанда ірі 5 қана банк қалды. Қалғандары – не ұсақ, не шығынды. Сарапшылар олардың кейбірі дәрменсіз жағдайға жетіп, жабылып тынуы немесе ірі банктерге қосылуы мүмкін деп болжайды. Бұдан тұтынушыларға зиян бар. Қазір банк секторының тиімді жұмыс істеуі тек қаржылық, экономикалық жүйенің жұмысына ғана емес, тұтастай мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына тікелей ықпал етеді. Ендеше шектен тыс олигополияланған отандық банк саласы елдің өркендеуіне тежеу болуы ықтимал. Халық банк сатыла ма? Ақпарат құралдарында тараған Halyk Bank сатылатыны туралы ақпарат сарапшылар ортасын ғана емес, дүйім халықты бір дүрліктіріп тас­тады. Мұндай қызығушылық бекер емес: осы алпауыт банк отан­дық банк секторының үлкен бө­лігіне ие. Қазақстандағы бүкіл банк актив­терінің үштен бірінен көбі жалғыз осы банктің меншігінде. Екіншіден, оған Тимур және Ди­нара Құлы­баевтар иелік етеді. Bloomberg «ахуалмен таныс дереккөздеріне» сілтеме жасай оты­рып, Динара және Тимур Құлы­баев­тарға тиесілі «Алмэкс» ком­паниялар тобы Халық банкіндегі үлесін, нақтылағанда, акциялар­дың миноритарлық пакетін сату­дың нұсқаларын қарастырып жат­қанын хабарлады.
«Халық банкі акцияларының 69,5%-ын бақылауында ұстайтын «Алмэкс» әлеуетті инвесторлардан өтініштерді жеделдетілген түрде жинау арқылы өз үлесін қысқарту мәселесін зерделеп жатыр. Ком­пания мәміленің нақты шарттарын ұсынған жоқ, сондықтан сатудың жай-жапсары нарықтағы жағдай­ға байланысты өзгеріп кетуі мүм­кін», – деп жазды Bloomberg.
«Алмэкс» баспасөз қызметі бұл ақпаратты толығымен жоққа шы­ғарып жатпады. Тек «әзірге қан­дай да бір нақты мәміле қарас­тырылып жатпағанын» нықтады: «Холдингтік топ Halyk Bank акция­ларының 18,52%-ын сататыны туралы ақ­парат шындыққа сәйкес келе ме?» деген сұраққа олар «ми­норитарлық пакетті сату мүмкіндігі әрдайым қарастырылатынын» мәлімдеді және компания осыған қатысты баспасөз хабарламасын сонау 2019 жылы жариялағанын еске салды.
«Сол хабарламада біз халық­аралық инвесторлар қоғамдас­тығының қаптаған өтінішіне жауап ретінде «Алмэкс» Halyk Bank ак­цияларының өтімділігін артты­рудың түрлі нұсқаларын қарас­тыру­ға дайын екенін атап өттік. Бұл «Ал­мэкске» тиесілі акцияларды бағалы қағаздар нарығында шағын пакет­термен ішінара өткізуді де көздейді. Бұл ретте бақылаушы пакетті, яғни акциялардың кем дегенде 51%-ын компания өзінде сақтап қалады», – деп түсіндірді ком­пания өкілдері.
«Алмэкс» Halyk Bank акция­ларының шағын, миноритарлық пакетін сататын болса, инвес­торлардың барлық пулын қарас­тыратынына сендірді. Яғни, мыса­лы, санкция қыспағындағы Ресейге сатады деген сөз жоқ. Әйтпесе, РФ басылымдарының хабарлауынша, ресейлік инвесторлар Қазақстан­ның ең ірі банкін алуға қызығып жүр.
«Біз әрдайым инвесторлардың нарықтық мүмкіндіктері мен қы­зығушылығының астарын бағам­даймыз. Бұл Halyk Bank акция­ла­рының өтімділігін арттыруға ықпал етуі керек. Кез келген нұсқалар қо­лайлы нарықтық конъюнктура тұрғысынан қаралатынын атап өткен маңызды. Біз ірі акционері ретінде Halyk Bank-тың капитал­дануын ұлғайтуға, өтімділігін жақ­сартуға, акционерлерінің қатарын көбейтуге мүдделіміз», – деп жауап қатты «Алмэкс» тобы.
Жалпы, кезінде бұл толығымен мемлекеттік банк болған. 1998 жыл­ғы шілдеде акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен банк 100% Үкімет меншігіндегі жа­бық типтегі акционерлік қоғамнан ­«Қа­зақстан Халық жинақ банкі» ашық акционерлік қоғамына ай­налдырылды. 2014 жылы ол Қазақстандағы HSBC банкінің 100% акциясын са­тып алды. 2018 жылы Кеңес Ра­қы­шевтан және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан Қазком­мерцбанкті 1 теңгеге сатып алды. Сонда Үкімет бұл қадамды дәр­менсіз жағдайға жеткен Қазкомды сауықтыру үшін Халық банк өз иы­ғына ауыр жүк артты деп баға­лаған. Ал сарапшылар банктің май­шелпек инфрақұрылымға, ке­піл­заттарға қол жеткізгенін жазды. Бұдан бұрын Қазком БТА банкін өзіне қосып алды. Айтқандай, бүгінде елдегі әрбір екінші банкомат – Halyk Bank-тікі. Оның елдің қаржылық нарығында қандай орынды иеленгенін осыдан-ақ байқауға болады. 2022 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша банктің активі 13,7 трлн теңгеге жеткен. Қазақстан қор биржасының (KASE) дерегінше, Halyk Bank на­рықтық капитализациясы 3 млрд доллардан асады. Қандай банктердің шоқтығы биік? Сарапшылар елде банк сала­сының белгілі қаржылық топтар қолында шоғырланып жатқанын, салада бәсеке азайып кеткенін айтып, біраздан дабыл қағып ке­леді. Тәуелсіздік таңында, 1993 жы­лы Қазақстанда 204 банк бо­лыпты. Бүгінде соның он пайызы ғана қалды. Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары ел тұр­ғындарының жинақтары бірне­ше ірі банкте ғана шоғырлана баста­ғанына назар аудартты. Мұны Ұлт­тық банктің деректері да растады.
«Халықтың салымдары бір жыл ішінде 2,8 триллион теңгеге өсті. Әйткенмен, қазақстандықтар өз жинақтарын тек бірнеше ірі банкке ғана сеніп табыстауға дайын. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бо­йынша жеке тұлғалардың депо­зиттерінің көлемі 15,7 триллион теңгеге жетті. Яғни, бір ай ішінде 566 миллиард теңгеге, ал бір жылда 2,8 триллион теңгеге өсті», – деп талдады агенттік сарапшылары.
Олардың байламынша, осы бір жылда елде көп өзгеріс болды. Ел экономикасы «коронакризис» сал­дарынан толыққанды арыла ал­мады, оған Ресейдің Украинаға шапқыншылығынан туындаған геосаяси дағдарыс, экономикалық қиындықтар қосылды. Осы кезеңде отандық банк секторы елеулі өз­герістерден өтті. Кейбір ойын­шы­лар нарықтан кетті, бірқатар банк­тің қожайындары ауысты. [caption id="attachment_238389" align="aligncenter" width="1280"]Коллаж банк © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Нәтижесінде, бүгінде Қазақ­станда 21 банк қана қалды. Салыс­тыра кетсек, небәрі 7 миллионға жуық халқы бар көрші Қырғыз Республикасында – 22, 10 миллион тұрғыны бар Тәжікстанда – 20, ал Өзбекстанда 32 банк жұмыс істейді. Қазақстан Ұлттық банкінің дерегінше, былтыр халықтың жи­нағын тарту жөнінен Kaspi көш­басшы атанды: бір жыл ішінде оған азаматтар 895,2 млрд теңге қара­жатын салған. Нәтижесінде, бұл банкте қордаланған халық депо­зитінің көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті. Екінші орынға Halyk Bank банк жайғасты: жеке тұлғалардың 806 млрд теңге депозитін тарта алған. Онда жалпы саны 5 трлн теңге жинақ қордаланған. Үштікті ЦентрКредит банкі тұйықтады: жеке тұлғалардың ондағы салымы былтыр 784,4 млрд теңгеге көбе­йіп, жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. Мамандар банк порт­фе­лінің осынша өсуін оның былтыр санкцияға түсіп қалған ресейлік Альфа-Банкті өзіне қосып алуымен түсіндіреді. Жалпы, 2022 жылы еліміздегі үш ресейлік банктің екеуі жабылды. Сбербанкті мемлекет, яғни «Са­мұрық-Қазына» қоры сатып алып, оның базасында «Береке банкті» ашты. Ресейдің көшбасшы қаржы­лық ұйымы саналатын Сбер ком­паниялар тобы Батыстың ауыр санкцияларының қыспағына түс­кенде, халық пен бизнес оның Қазақстандағы еншілес ұйымы – Сбербанк Қазақстаннан өз салым­дарын жаппай әкете бастады. Нәтижесінде, Сбербанктен рекорд­тық 794,9 миллиард теңге депозит кетіп қалыпты. Отандық банк сек­торының тарихында мұндай дерек ешқашан болмаған, тарихи рекорд саналады. Яғни, ұлттық әл-ауқат қорына ресейлік банктің құр сүл­дері, скелеті ғана тисе керек. Бі­рақ қор Сбербанкті қаншаға са­тып алғанын сол бойы жарияламады. Ресейлік банктер арасынан қалғаны ВТБ банкі, одан жеке тұл­ғалар 68,1 миллиард теңге жинағын шешіп алған. Антилидерлер қата­рында RBK банкі (минус 69,4 млрд теңге), Jusan банкі (минус 52,8 мил­лиард), Нұрбанк (минус 3,8 мил­лиард теңге), Ситибанк Қазақстан (3,2 млрд), Қазақстандағы Қытай банкі (минус 1,3 млрд) бар. Жалпы алғанда, өткен жыл қорытындысында 8 ірі банк қана халықтан жүз миллиард теңгеден астам салым тарта алған.
«Қазақстанның банк секторына жүргізілген талдау олардың өздеріне жүктелген функцияны лайықты атқара алмай отырғанын көрсетті. Мысалы, бұл сектор экономикадағы ресурстарды қайта бөлу, эконо­микалық агенттердің, бизнестің кредитке деген сұранысын қана­ғаттандыру қызметін атқаруы тиіс, бірақ бұл жұмысы мүлдем тиімсіз. Жеке және заңды тұлғалардың банктерге апарған салымдары жыл сайын триллиондап өсуде, ал кә­сіпкерлер, компаниялар ұзын кредиттер таба алмай сенделіп жүр. ЖІӨ-ге шаққанда экономиканы несиелендіру көлемі құлдырап барады. Банктер көбіне өндірістік емес саланы несиелендіруде, қара­пайым тілмен айтқанда бұқараға кепілсіз тұтынушылық кредиттер таратып жатыр. Қазақстандық банктердің ссудалық порт­фель­дерінің әртараптандырылу деңгейі төмен», – дейді қаржылық кеңесші Ернұр Назаров.
Оның дерегінше, ЖІӨ-ге шақ­қандағы жалпы кредиттер үлесі елде банктер саны көп болған 2007 жылы 56,5%-ға жетіпті. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 19,9%-ға дейін құлдыраған. Бұл тарихи минимум саналады. Бірақ шыңыраудың түбі емес, әлі де құлайтын түрі бар. Ұлттық банк өз талдауында экономикаға кредиттер 2022 жылы өсуді жалғастырған жеке тұлғаларға кредит беру есебінен көбірек ұл­ғайғанын хабарлап отыр. Мем­лекетке несие кешіріп, банкроттық заңын қабылдап, халықты шамадан тыс қарызға батырған банктердің былығын тазалауға тура келді. Сонымен бірге банк активте­рінің шоғырлануы жалғасты. Бүгінде бүкіл сектор активтерінің 66% астамын небәрі 5 банк қана иеленіп отыр. Сарапшы банк секторына ре­форма қажеттігін нықтады. Жалпы алғанда, бұл салада Үкімет алдында бизнесті кредиттеуді ынталандыру, банкроттық және қарыз алушы­ларды оңалту тетіктерін жетілдіру, жұмыс істемейтін активтер нары­ғын құру, банктердің бизнес-про­цестері мен рәсімдерін жетілдіру жөніндегі міндеттер тұр. Мұның сыртында қарыздарды қайтару те­тіктерінің тиімділігін арттыру, банк­тердің қолына көшкен кәсіп­орындар, инфрақұрылым және басқа кепіл мүлкін экономикалық айналымға тарту, стрестік активтер нарығында жеке инвесторлар мен басқарушылардың пайда болуы үшін институционалдық және заңнамалық ынталандырулар түзу жөнінде шаралар қабылдау жос­парлануда. Жаңарған Қазақстанда банк саласының қалай дамитыны алдағы уақытта айқындалады. Әзірге бұ­рыннан қордаланған проблемалар ары қарай артып барады.