Ақмола өңірі Оспан Сүлейменұлының есімін бұрыннан біледі. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған педагогтің жалпы еңбек өтілі – 57 жыл. Қоғамның қай саласында болсын азаматтық позициясын айқын танытып, ел дамуына үлес қосып жүрген Оспан Сүлейменұлы биыл жетпістің бел ортасы 75 жасқа толды. Осыған орай, мәдениет қайраткерімен тілдестік. – 60 жылға жуық педагогика саласында еңбек еттіңіз. Ұстаздықты жүрек қалауыңызбен таңдадыңыз ба?
– Сонау балалық шағыма көз жүгіртсем, бастауыш сыныпта дәріс берген ұстазым Мәкен Тыныбекова есіме түседі. Одан кейін алғаш рет өлеңге деген құштарлығымды оятып, талабымды ұштаған Бәтеш Шомова, Қазали Мәуленұлы мен Илал Аманжолұлын да айтпау мүмкін емес. Әсіресе, «жас келсе – іске» дегендей, Мұғалімдік училищені бітіріп келген ауылымыздан шыққан жас мамандарға қарап бой түзеп өстік. Сондықтан да менің ұстаздық жолды таңдауыма мектепте тәлім берген мұғалімдерім әсер етті.
– Тәуелсіздік алған жылы елімізде ең бірінші болып «Қазақ ұлттық музыка мектебін» ашуға мұрындық болыпсыз. Осы жайлы айтып беріңізші...
– Сол жылдардағы солақай саясаттың кесірінен елімізде қазақ мектептері тегіс жабылды. «Осы тығырықтан қалай жол тауып шығамыз? Тілімізді, ділімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді қалай сақтап қаламыз?» деп елін, халқын сүйетін аға-апаларымыздай біз де іздендік, талаптандық, талпындық. Таза қазақ халқы тұратын Қорғалжын ауданының мен қызмет істеген Балалар музыка мектебінде домбыра сабағынан басқа барлық сабақ орыс тілінде жүретін. Талантты, талапты қазақ мектебінде оқитын оқушылар 2-3 сыныпта орысша түсінбей, оқуды тастап кететін. Осы жағдай мені көп толғандырды. Аудандық Мәдениет бөліміне басшылыққа ауыссам да сол мектеп ойымнан кетпей қойды. Жолым түсіп, 1982 жылы Эстония астанасы Таллиде Бүкілодақтық ғылыми практикалық конференцияға қатыстым. Арасында әдейілеп іздеп Музыка мектебіне барсам, онда сабақтары тегіс эстон тілінде жүреді екен. 1983 жылы осындай конференция Украина астанасы Киевте өтті. Онда оқушылары өз ана тілдерінде оқиды екен.
1984 жылы Новосибирск қаласында болғанда балалар орыс тілінде оқитынын көрдім. Көп ізденістің арқасында бағымызға қарай 1990 жылы Қызылорда қаласында «Елім-ай» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған сол кездегі Білім министрінің орынбасары Шәмші Беркінбаева қатысты. Сол кезде министрге «Қазақ ұлттық музыка мектебін» ашу туралы ұсынысымызды айтып, қолдау таптық.
– Жалпы, қазір мектепке домбыра пәнін енгізу жайлы жиі айтылады. Сонда домбыра пәнін музыка пәнімен қатар оқыту керек пе?
– Бірнеше жыл бұрын домбыра пәнін бірнеше мектепке пилоттық жоба ретінде оқытты. Нәтижесі жаман емес. Қазақтың қай баласының да ұлттық аспапқа икемі бар. Ал домбыраны мектепте әр оқушы үйреніп шықса, бұл жүрегі ұлтым деп соғатын нағыз патриоттардың өсіп келе жатқанының нышаны. Дегенмен домбыра пәнін ән-күй сабағымен біріктіріп өткізген жөн деп ойлаймын. Ол үшін мамандар сондай оқу бағдарламасын жасауы керек. Домбыра пәнін нақты қай сыныптардың оқитынын да нақтылап алған жөн.
– Көпке топырақ шашпаймыз. Дегенмен музыка мұғалімдері күндіз мектепте сабақ берсе, кешке отырыстарда ән шырқайды. Бұл тұрғыда музыка мұғалімдеріне арнайы талап қойылуы керек пе?
– Иә, кезінде мұғалімдердің еңбекақысы аз кезде музыка мұғалімдері отбасыларын асырау үшін сырттан нан табуға мәжбүр болды. Себебі музыка пәнінің сағат саны математикадай көп емес. Енді қазір ұстаздардың мәртебесі артып, жалақысы да жақсарды. Сондықтан әрбір педагог ұстаз деген есімді қадірлеп, құрметтеп, өз орнын білгені дұрыс.
– Астана туралы алғашқы әнді осыдан 25 жыл бұрын жазыпсыз. Қазіргі заманауи музыка өнерінің бағытына қандай баға бересіз?
– Алдында айтқандай, 1991 жылы Қазақ ұлттық музыка мектебін ашып, бір жыл істеп, екінші жылы қаладан кетуге тура келді. Туған жерім Целиноград ауданындағы орта мектеп пен Балалар музыка мектебінде директордың орынбасары болып қызымет атқардым. 1994 жылы Президентіміздің бұйрығы шықты. Астана Ақмолаға көшеді деді. Әрине, сол кездегі астана Алматыда біреулер қарсы болып жатса, бұл жақта біз қуанып жаттық. Осы қуаныштан ән туды. Бірінші сөзін, соңынан әнін жазып, өз ортамызда орындай бастадым.
Сәті түсіп, 1996 жылы ауданымыздың Тамыз жиналысында тұсауы кесілді.
Сол конференцияға облыс әкімінің орынбасары Светлана Жақиянова келген болатын. Жаңа әнді естіп соңына дейін тыңдап: «Мына ән кімдікі», – деп сұрады. Сөзін де, әнін де жазғанымды айттым. «Астана туралы жазылған әнді бірінші рет естіп тұрмын», – деп қолымды қысты. Сосын «сен мұнда қайдан жүрсің?» – деп сұрады. Мен «төртінші жыл осында істеймін», – дедім. Үндемей, мектепке кіріп кетті. Жанында облыстық оқу бөлімінің бастығы Елена Дмитриенко, облыстық Білім жетілдіру институтының директоры Файна Ешмұқанова бар. Жақсының шарапаты деген – осы. Үш күннен кейін Елена Дмитриенко облысқа қызметке шақырып алды. Облыстық Білім жетілдіру институтында істеп жүргенде «Ақмолам-Астанам» өлеңімді нотасымен «Арқа ажары» газеті жариялады. Президентіміз Ақмолаға көшіп келген күні таңертең аэропортқа күтіп алуға баруға жиналып жатқан кезде газеттің бас редакторы Жомарт Әбдіғалықова аға құттықтап тұрып: «Бұл газет қазір Президентіміздің алдында жатады», – деп қолыма берді. Одан кейін қалалық «Ақмола ақиқаты» газеті, «Сары Арқа» журналы да сол жылы басып шығарды. Міне, оған да 25 жыл болыпты. Ал қазір Астанаға мыңдаған әндер арналды. Әрқайсысы әртүрлі жанрда. Жалпы, қазір жастардың талғамы да бөлек. Дегенмен классикалық әндер ешқашан ескірмейді.
– Әңгімеңізге рақмет!