Қант қайта қат бола ма?
Қант қайта қат бола ма?
923
оқылды
Елімізде қайта қант тапшылығы болуы мүмкін. Сауда орындарында қантқа таласу қалыпты жағдайға айналуы бек мүмкін. Өйткені еліміздегі 4 зауыттың мәселесі бастан асады. Тіпті, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұр деп дабыл қағуға да хақымыз бар. Енді осыны тиісті органдар естіп, алдын алуды ойласа болғаны. 4 зауытқа тән 4 проблема Қазір қант зауыттары жабылудың алдында тұр деуге болады. Мұнда айрықша атар 4 мәсе­ле бар. Оның ең негізгісі – газ тапшылығы. Нақ­тырақ айтқанда, 2022 жылдың 12 желтоқ­санында қант зауыттарына газ жеткізуші «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ, «ҚазТемірТранс» АҚ және «QazaqGaz» ҰК» АҚ компанияла­ры­нан үшбу хат келген. Хат мазмұнында Орынбор Газ өңдеу зауы­тындағы жоспардан тыс жұмыстарға қатысты және соған байланысты еліміздегі ірі кен орындарында тауарлық газды дұрыс өңдемеуіне байланысты ішкі нарыққа ресурстарды жеткізу азайтылатыны және өнеркәсіптік нысандардан газ тұтыну көлемін 30 пайызға азайту табанды түрде талап етілетіні айтылған.
 «Газ пайдалануды азайту – қант өндірісін тоқтату деген сөз. Өйткені мұндағы өңдеу жұ­мыстары көгілдір отынмен тікелей байланысты. Оның үстіне, қант қызылшасы шикізатын қайта өңдеу маусымы аяқталған жоқ. Егер газ беруді азайтса, онда қант зауыттары шикізат қорын толықтай өңдеп тауысып үлгермейді де, мұның соңы қанттың тапшылығына алып келуі мүмкін. Ал оның арғы жағында азық-түлік қауіпсіздігі жатыр. Дәл қазіргі жағдайда біздің үш зауытқа айына 9041 мың текше метр газ керек. Одан азайтуға болмайды», – дейді Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева.
Бұл ретте Орынбор ГӨЗ-дегі жағдайдың біздің елде газ тапшылығын тудыруға қатты әсер ететінін бұған дейін де білеміз. Тіпті, 2016 жылы ол Қарашығанақ кен орнына ие консорциумға 24 млн доллар шығын әкелген болатын. Бұл ретте қанша опық жесе де, ауызы күймеген біздің Үкімет 1974 жылы құрылған ескі зауыттың әлі талай қолайсыз жағдайға қалдыратынын енді-енді түсіне бастаған сияқ­ты. Еліміздегі газ өңдеу зауыттарының, өнді­руші компаниялардың қуатын арттыруды, жаңа кен орындарын барлауды ойлана бастады. Жаңа зауыт салу да күн тәртібінде тұр. Бірақ бұлар осыған дейін-ақ шешілуі тиіс дүниелер болатын. Қазақстан билігі осыдан 10-20 жыл бұрын мұнай-газ саласын дамытуда батыл ше­шімдер қабылдаған болса, бүгінгідей өзге елге кіріптар болып отырмас едік. Мұның ақыры еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін, соның ішін­де қант өндірісін тығырыққа тіреп отыр. Мұн­дағы тағы бір мәселе – мазут жетіспеушілігі.
«Еліміздегі 4 қант зауытының біреуі – «АқсуҚант» ЖШС газдандырылмағандықтан, М100 маркалы мазутпен жұмыс істейді. Оның түпкі өнімнің өзіндік құнындағы үлесі 20 па­йыз. Өйткені мазут қымбат отын, әрі жылдан-жылға бағасы шарықтап барады. Мысалы, соңғы 5 жылда екі есеге өскен. Оның үстіне, ішкі нарыққа да мазут экспорттық бағамен са­тылады. Ал жеңілдік жасау үшін зауыт жылу­мен қамту кәсіпорны санатына жату керек. Амал жоқ, өндірісті тоқтатпау үшін жылына қажетті 10 мың тоннадан көп мазутты зауыт бас­шылығы әрең тауып отыр. Былтыр Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қазанда Жетісу облысына келген сапарында «Көксу қант зауы­ты» ұжымымен кездесіп, екі зауыттың өндіріс­тік қуатын 100 пайызға арттырып, 2026 жылға дейін өнім көлемін 180 мың тоннаға жеткізуге тапсырма берген болатын. Бірақ мынадай проблемалармен зауыттар жабылып тынатын сияқты», – дейді Айжан Абақанқызы.
қант тапшылығы Тәтті қантты қат еткелі тұрған тағы бір жайт – «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС-ның ло­ко­мотивтік сүйреу бағасын 14,67 пайызға кө­теріп жібергені. Енді соның тізбегіндей болып вагондардың да жалдау ақысы қымбаттамақ. Онсыз да жабық вагондар жетіспейді. Мәселен, қант зауыттарына күн сайын 11 вагон керек, бірақ олар тек 3-5 вагон ғана ала алып отыр. Ал қоймалар күннен-күнге толып барады. Осы ретте тасымалдаушы компанияға хабарлас­қанымызда өзін таныстырудан бас тартқан өкіл, локомотивтік сүйреу бағасының қымбат­тауы соңғы бес-алты жылда үздіксіз көтеріліп келе жатқан мәселе екенін және нарыққа сай қабылданған шешім екенін жеткізді. Үкімет деңгейінде мақұлданған бұл қадам еліміздің теміржол тасымалын тұралатып алмау үшін жасалып отырған көрінеді. Ал вагондар же­тіспеушілігі бірінші кезекте олардың экс­порт­тық немесе транзиттік бағытқа жұмылдырылып жатанымен байланысты. Одан соң вагон иелері жекеменшік компаниялар. Мұнда да сұра­нысты нарық реттейді екен.
Сонымен, төрт қант зауытына тән төртінші проблема – жом өнімін (қант қызылшасының қалдығы) Қытайға экспорттауға тыйым са­лынған. Ал Ресей мен Беларусь елдерінен ол өнім біздің елдің үстінен транзитпен өтіп жатыр. «Қытайда жомға ұлкен сұраныс бар. Қазақстан неге осыны пайдаланбайды? Жом экспортына рұқсат қашан беріледі және не үшін тыйым салынған?», – дейді олар.
Проблема бар, шешім жоқ Осылайша, қант зауыттарының зарын жеткізбекке тиісті ведомстволарға хабарластық. Тұшымды жауап жоқ. Тек Ауыл шаруышылығы минстрлігі мен «AMANAT» партиясы шын жа­нашырлық танытып, мәселені Үкімет дең­гейінде көтеретінін айтып отыр. Ал Энергетика министрлігі газ туралы жағдайдан хабардар. Бірақ дәл бір қант зауыттарына қатысты нақты шектеу жоқ екенін айтады.
«Газды жеткізу тауарлық газды бөлшек саудада өткізу шарттарына сәйкес жоспарлы режимде жүзеге асуда. Ал «Ақсу Қант» ЖШС жылумен жабдықтаушы ұйым емес болған­дықтан, оларға «2022-2023 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде әлеуметтік-өндірістік объек­тілер мен мекемелерге мазутты жеткізу бо­йынша мұнай мен мұнай өнімдерін негізгі ресурс ұстаушыларға бекіту кестесі шеңберінде мазут көлемін бөлу көзделмеген. «Мұнай өнім­дерінің жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңы­ның 24-бабының 3-тармағына сәйкес мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өңдеу жоспарларында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған алдағы жылы жылумен жабдықтау­шы ұйымдарға жылу беру кезеңіне жеткізу үшін қажетті мұнай өнімдерінің көлемін ес­кереді», – делінген Энергетика министрлігінің ақпаратында. Олардан гөрі Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабы көңілге қонады. «Бұл мәселелерді зерделеп жатырмыз. Ел­дегі қант тұтыну нарығы импортқа қатты тә­уелді екенін ескере отырып, Энергетика ми­нистрлігіне үш қант зауытына («Көксу қант за­уыты» ЖШС, «Меркі қант» ЖШС, «Тараз қант зауыты» ЖШС) газды толық көлемде үздіксіз беру туралы өтініш хат жолдадық. Одан бөлек, отандық қант өндірісінің бәсекеге қа­білеттілігін арттырудың әлеуметтік маңыз­ды­лығын ескере отырып, қазір «Ақсу Кант» ЖШС-ын мазутпен қамтамасыз ету мүмкіндігі және «ҚТЖ ҰК» АҚ-мен бірлесіп қант шикізаты мен дайын өнімді тасымалдауды ло­комотивтік тартумен қамтамасыз ету мәселе­лері және өңірлерден қант зауыттарына отан­дық шикізатты тасымалдау үшін бағаны тө­мендету коэффициентін қолдану мүмкіндігі Премьер-Министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманға­риннің Энергетика, Индустрия және инфра­құрылымдық даму және Ұлттық экономика министрліктеріне берген тапсырмасы шең­берінде пысықталуда», – дейді министрлік өкілі Дамир Егізбаев.
Оның айтуынша, жом өнімін экспорттауға тыйым салынбаған. Жомды түйіршіктеуге ар­налған жабдықтың қымбаттығына байланысты қалдықтардың бұл түрі экспортталмайды екен, өйткені өзін-өзі ақтау мерзімі ұзақ. Сондай-ақ көлемі аз. Осыған байланысты кейбір зауыттар жомды жергілікті шаруа қожалықтарына са­тумен шектеліп отырған көрінеді. Ауыл ша­руашылығы ведомствосы тарапынан бұл тұр­ғыда қант зауыттарына көмек көрсетерлік тетік жоқ екен. Министрліктің қолынан келері суб­­сидия болса, Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемле­кет­тік реттеу туралы» заңында аталған мәсе­лелер бойынша субсидия, басқа да қаржы көз­дері қарастырылмаған. Егер ондай мүм­кіндік қарастырылса, министрлік көмек көр­се­туге дайын. Сондықтан ендігі үміт «АМАNАТ» пар­тиясында. Өйткені бұл мәселе таяуда партия жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен коми­тетінің кезекті отырысында да көтерілген болатын. Ауыл шаруашылығының көптеген мәселесі сөз болған жиында бұл секторды жан-жақты дамытудың маңызды­лығына кезекті рет назар аудартылды. Өйткені мұның арғы жа­ғында Ұлттық қауіпсіздік жатыр. Сондықтан да қант өндірісін қазіргі тығырықтан алып шығу бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Ендеше қат болса да қант тәтті, ал тәуелсіздіктің баға жетпес бал дәмі одан да тәтті!