Желікке ерген «жеңімпаз» емес
Желікке ерген «жеңімпаз» емес
985
оқылды
Қазір құмар ойынның құрбанына айналғандар көп. Елдегі казино біткенді жұрт көзінен жасырып, қала сыртына көшіргенімен, амалын тауып астыртын жұмыс істейтіндер карта ойындарының компьютерлік баламасын тауып, адамдардың санасын улап жатыр. Қысқасы, «біреу тойға айналғанда, біреуі қойға айналыптының» кері келгендей. Олай дейтініміз, құзырлы орындар казиномен күрес жүргізіп жұрттың назарын сол жаққа аударып жүргенде құмар ойынның да түр-түрі шыға бастады. Ең сорақысы, оларды ұйымдастырушылар өз «кәсібін» ашықтан-ашық жарнамалауға көшті. Тіпті, мемлекеттік және халықаралық жарыстарды букмекерлік кеңселердің демеушілігінсіз өткізе алмайтын күйге жеттік. Бәрі көлденең табыстан басталады Осы күні әлеуметтік желіге кір­сең болды, букмекерлік кеңселердің жарнамасы жылтыңдап алдыңнан шыға келеді. Ал есік алдындағы шағын дүкендердің ішіндегі қаз-қатар тізілген ойын автоматтарында қашан көрсең де кісі қарасы үзіл­мейді. Бос қиялға берілген егде жас­тағылар да жастардан қалыс­пайды. Техника тілін түсінбейтін­дердің өзі миллиондаған ақша ұтысына сеніп лоторея билеттері үшін барын беретін болды. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр қаңтар-қыр­күйек аралығында қазақстан­дық­тардың құмар ойынға салған қара­жат көлемі 456,2 млрд теңгені құ­рапты. Бұл оның арғы жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көп екенін көрсеткен. Ал осы қаражаттың үш­тен бір бөлігі шетелдік бәс тігу компанияларына құйылған екен. Мұндай ойындар көрсеткіші спорт, мәдениет, өнер саласындағы көр­сет­кіштерден де асып түскен. Биыл жарты жылдың өзінде құмар ойын­дар мен бәс тігуді ұйымдастыру бо­йынша қызмет көлемі 294,4 млрд теңгені құрап, былтырғы 6 аймен салыстырғанда 8,3 есе артыпты. Осының өзі қазір құмар ойындарға құныққандардың қатары жыл санап көбейіп отырғанын көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойындарға тәуелділікті «психикалық дерт» ретінде қарас­тырады. Яғни, ойынқұмарлық на­шақорлық, токсикомания және алко­голизммен қатар эмоционалды тәуелділікке жол ашатынын мо­йындайды. Психологтердің пайы­мынша, тәуелділікке түсіретін кез келген құбылыс құмарлыққа же­телейді. Тіпті, құмар ойынға тәуел­ділік героинге қарағанда күшті болатын көрінеді. Дауасы жоқ дерт
Ойынқұмарлыққа салынатын­дар­дың дені бастапқыда өздеріне толық сенімді болғандар. Психолог Балабек Сақтағанов «Алдыма кел­ген емделушілердің көбі өзін то­лықтай бақылауда игеріп тұрғанына, кез келген уақытта ойынды тоқтата алатынына, ойнағысы келмесе тас­тап кетуге қауқары жететіндей алдамшы түсінікте болғандар. Көп адам өзін асыра бағалағандықтан, шектен шығып жатады» дегенді айтады. Оның сөзінше, осындай түсініктегілердің көбі соңында кре­диттен кредит алып, ұрлыққа түсіп, ойнаймын деп от басқандар. Ма­манның алдына 18-29 жас ара­лығындағы науқастар жиі ем іздеп келеді екен. Олардың ішінде 16-17 жастан бастап құмар ойынға құ­мартқандар көп. Оның себебі, біздің елде 21 жастан бастап заңды түрде бәс тігіп, ойнауына шектеу жоқ. Ал әлемдік тәжірибеде бәс тігуге белгілі бір деңгейде шектеу қоятын елдер бар. Мысалы, Англияда 25 жастан бас­тап қана бәс тігуіне рұқсат бе­реді. Өйткені ол жаста адам фи­зиологиялық және психологиялық тұрғыдан толық жетіледі. Бұл жаста адамның көзқарасы, қызығушы­лығы, бағыты белгілі болады. Осы­лай деген Балабек Сақтағанов: «Бұл жаста адам құмар ойынға бейімділігі аз болады. Демек, ол кезде жан-жағын бағамдай алады. Ал оған дейін кез келген нәрсе қызық кө­рінеді. Жастықтың буымен шалыс басқан әрекет өзін-өзі тежеуге мүмкіндік бермейді. Арты өз-өзіне қол салуға итермелейді. Әсіресе, бәс тігушілермен жұмыс істеу өте қиын және өте ұзақ. Олармен терең әрі үздіксіз жұмыс істеу талап етіледі. Кейде біз қауіптің бетін қайтар­ғанымызбен, ол адам кез келген уақытта сыртқы және ішкі фактор­лардың әсерінен қайтадан ойынға салынып кетуі мүмкін», – дейді. Демек, жұмсалған тер мен еңбек, емге төленген ақша желге ұшады деген сөз. Сондықтан ойынқұмар­лықтан 100 пайыз арылтуға ешкім кепілдік бере алмайды. Ойынқұ­марлықтан оңалту мүмкін, ары қарай адам үнемі жақындарының бақылауында болуы керек екен. Егер бұрынғы ортаның шетін кез­дейсоқ көрудің өзі бұрынғы құмар­лықты өршітіп, «емделді» деп ер­кіндікке қоя берген адамның қайта сол жолға түсуі ғажап емес. Оның үстіне, біздің елде құмар ойындарға қарсы күрес жүріп жатқаны ша­малы. Ол дегенің ойынқұмарлықтан арылтудың тым қымбатқа әрі ұзаққа созыларына толық себеп.
[caption id="attachment_238701" align="aligncenter" width="1390"]казино © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, қандай да бір кездей­соқ­тыққа байланысты қаржылай әре­кет құмарлық тудыратынын ай­тады. Мысалы, адамдар ойын авто­матта­рының қандай да бір фи­гура­сын кездейсоқтықпен басқанда бір­дей сандардың шығуы, болып-болмай­тыны белгісіз тәуекелі өте жоғары іс-әрекеттің барлығы «құ­мар ойын» ретінде қарастырылады. Сондықтан құмар ойын тек қана казино немесе карта ойнау дегенмен шектелмейді. Өкінішке қарай, қазір адамдар те­лефонда отырып алып түрлі құмар ойынның көрігін қыздырады.
– Қазір онлайнда отырып-ақ түрлі букмекерлік кеңсеге ұтыс қоя берсеңіз болады. Салдарынан соңғы кезде құмар ойындарға байланысты өте көп шағым айтыла бастады. Бұл дерт жасөспірімдер арасында да асқынып отыр. Мәселен, құмар ойыннан қиналып жүрген ең жас емделушімнің жасы 16-да. Жоғары білімді, қызмет істеген кісілердің өзі ойынқұмарлықтан арылудың жо­лын іздеп келген сәттері болды. Қырықтан асқан кісілердің ара­сын­да да құмар ойынға еліктеушіліктен, қызыққаннан, құныққаннан, қа­жет­тіліктен барғандары бар. Оның барлығы сол, аз уақыттың ішінде мол ақша табуға деген ынтызар­лық­тан туады, – дейді психолог. Ойынқұмарлық – өте күрделі мәселе. Құмар ойынға құмарлық ішімдік пен нашақорлыққа тәуел­діліктен ешқандай айырмашылығы жоқ. Ойынқұмарлық та сондай адамға бір сәттік жан рақаты мен ләззаттын береді. Басы айналып, тек соны ойлап, соның жетегіне еріп кетеді. Дегенмен әрбір аурудың емі, әрбір мәселенің шешімі бо­латыны секілді ойынға тәуелділікті емдеудің жолы да бар. «Ойынқұмар адамды да есірткі мен маскүнемдікке салынғандардың әдісімен емдейміз. 3-4 ай бір жерге қамап, телефонға, бәс тігуге ешқандай жол бермеудің жолын жасау керек. Сол уақытта онымен психологтар тоқтатпай жұмыс істеуі тиіс. Кейбір адамдар өз әрекетін балалық шақта алған жарақатқа жабуға тырысады», – дейді Ержан Мырзабаев.
Қармаққа іліндің, құрдымға кеттің Сондықтан маман адам пси­хологиясына әсер ететін кез келген дүниені жарнамалауға жол бермеу керегін жеткізді. Өкінішке қарай, қазір ең ауқымды шараларға демеу­шілік көрсететінін букмекерлік кеңселер ашықтан-ашық көрсетеді. Тіпті, футболдың ресми серіктесі ретінде-ақ құмар ойынның клиент­терін оп-оңай шақыруға жол ашып беріп отырмыз.
«Футбол – ең көп көрермені бар, ең үлкен жастар аудиториясын қамтитын спорт түрі. Сол футбол­дың ресми серіктесі букмекерлік кеңсе. Олар демеуші болмаса тур­нирді өткізе алмай ма? Біздің елде қаншама ұлттық компания бар. Ме­ніңше, заңды түрде осындай бәс ті­гетін компанияларды демеушілік көрсетуіне тоқтау салу керек. Құмар ойын үшін қарызға батып ұрлық жасап жатқандар, кредит алып, бан­крот болғандарды жоғарыдағылар көрсе де, көруге тырыспайды. Се­бебі мұндай мекеменің артында «де­­меушілік» көрсететін мықты адам­­дар бар», – дейді Ержан Мырзабаев. Оның айтуынша, букмекерлік кеңселердің қызығы мұнымен бітпейтінін айтады. Мысалы, жа­рыстың үстінде жанкүйерлерді жа­ғалап үгіт-насихат жасайтын қысқа белдемшелі қыз-келіншектер 30 адам келсе, барлығына жеке-жеке барып бәс тігуге қолқалайтын кө­рінеді. «Өзіміз де «Астана аренаға» жарысқа барамыз. Сол кезде жаны­ңа жақындап «Бәс тігесіз бе, сыйлық береміз» деп жүгіріп жүреді. Ал жа­рыс кезінде эмоцияға беріліп, қы­зуқанды болып тұрған адам логи­калық түрде ойлануға мұршасы болмай тұрып бәс тігіп жібереді. Онда сәтте «ұтылып қаламын, тәуелді болып кетемін» деген ой болмайды. Олар да психологтар ғой. Адамға қандай кезде жақындау керек, қандай кезде ұсыныс айтуды жақсы біледі. Бір рет қармағына іліп алды ма, құрдымға кеттің деген сөз», – дейді психолог.
Ойынқұмарлық есірткіден қауіпті деуіміз бекер емес. Себебі құмар ойынның соңына түскен­дердің кейбір күйзелістен арылу үшін есірткіге тәуелді болып қалады екен. Мұны нарколог Сапар Рах­меншеев те растайды. Былтыр депутаттар еліміздегі ойынқұмарлардың мәселесі әлі де тиімді шешімін таппай отырғанын айтып дабыл көтерген. Себебі ойын­­құмар қазақстандықтың қары­зының орташа мөлшері 10 миллион теңгеге жеткен. Ал отау құрған 10 жұп­тың 7-еуі құмар ойындардың кесірінен ажырасып тынады екен. Салдарынан қылмыстық әрекеттер мен суицид жағдайлары да жиілеп кеткен. Соған қарамастан заңнамада құмар ойындарды жарнамалауға тыйым жоқ. Заңгер Мәди Мырзаға­раевтың айтуынша, біздегі «Ойын бизнесі туралы» заңда мемлекет құмар ойындардың заңдылығын реттеуді ғана міндеттейді. Яғни, мем­лекеттен жасырып заңсыз құ­мар ойындарын салуға тыйым салынады, бірақ олардың «кәсібін» көпшілікке қандай жолмен жар­намалап жатқанына жауапкершілік алмайтынға ұқсайды.