Қазақстандық ғалымның жобасын АҚШ-тың 46 мектебі қолданысқа енгізуге дайын
Қазақстандық ғалымның жобасын АҚШ-тың 46 мектебі қолданысқа енгізуге дайын
1,094
оқылды
Алдағы 5-10 жылдықта Қазақстаннан ғылым саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері шығуы мүмкін дегенге сенесіз бе? Қазақ ғылымының қазіргі жағдайына қарап «әй, қайдам» деп бас шайқайсыз. Өзімізде де алғашында дәл осындай пессимистік көзқарас басымдау болған. Дегенмен соңғы 5 жылдан бері көзі әлсіз көретін немесе мүлдем көрмейтін жандарға арналған түрлі қондырғыны ойлап тапқан SEZUAL командасының мү­шесі Ғалымжан Ғабдрешовпен әңгімеден кейін бұл ойымыздан айнығандай болдық. Қазірдің өзінде халықаралық ғылым кеңістігінде өздерін мойындатып үлгерген команданың болашағы зор үміт күттіреді. Тығырықта табылған жол Расында, елдегі 160 мыңға жуық за­ғип­тың жанына батқан түрлі мәселесін ғы­лыми жолмен шешуді ұсынған ғалым­дардың жобаларының өміршеңдігінде күмән жоқ. Бір ғана көзі көрмейтін жан­дарға арналған электронды жолдың өзі көп түйт­кілдің түйінін тарқатқалы тұр.
«2019 жылы мен команда мүше­лерімен белсенді геолокациялық жанар деп ата­латын жобаны сынақтан өткізіп жүрдім. Бір күні әріптестерімнің бірі сол сынаққа қа­тысып жүрген зағип әйел­дердің мәсе­лесін жеткізді. Оларға мон­шаға бару қиын­­­дық туғызып жүр екен. Мен оларға мон­шаға геолокациялық аппараттың көмегімен баруды ұсындым. Бірақ олар бәрібір жолды таба алмай­тынын айтты. Ал оларға бекітілген әлеу­меттік көмекші­лердің уақыты шектеулі. Бұл көмекшілер зағип жандарды қалаған кезінде моншаға апара алмайды. Ойлап қарасам, шынымен бас қатыратындай-ақ мәселе», – деп бастады әңгімесін Ғалымжан Ғабдрешов.
Осылайша, зағип жандарға арналған бір жобаны сынақтан өткізіп жүрген ғалым келесі бір ноу-хоуды ойластыра бас­тайды. Рас, мұндай санатқа жататын жан­дарды алып жүретін әлеуметтік көмекшіден бөлек, үйретілген иттер бар. Қарғыбауын қолына ұстаған иесін қалаған жеріне бастап жүретін төртаяқ­тыларды қоғамдық орындарда ара-тұра кезіктіріп жатамыз. Дегенмен бұл жо­баның құны тым қымбатқа түсетін кө­рінеді. Әрі иттерді белгілі бір аумақтағы иесі жиі соғатын ғимараттарды ажырату­ды үйрету үшін де бірнеше жыл кетеді екен. Қысқасы, ғалым зағип жандарды жетектеп жүретін аппарат ойлап табуға бел буады. Алғаш ойына келгені кәдімгі балалардың ойыншық автокөлігінің үлгісіндегі электронды құрылғы бо­лыпты. Есептей келе, бұл жобаның да қымбатқа түсетіні байқалады. Оның үстіне, мұндай құрылғыға енгізілетін GPS-тің дәлдігі төмендеу. Яғни, карта 5-6 метрден кейінгі кедергі туралы ақпаратты нақты бере алмауы мүмкін. Ал зағип жандардың емін-еркін жүруі үшін әрбір миллиметр маңызды.
«Осылайша, арнайы құрылғы жасап, оны зағип жандарға арналған таяқпен байланыстыруды ойластырдым. Қол­дағы таяқ әр жерге қойылған радиоқа­былдағыш үлгісіндегі шағын құрылғыдан ақпарат алып, оны зағип жанға жеткізеді. Осы тұста тағы бір мәселемен бетпе-бет келдік. Біз алғашында ойлағандай ар­найы қондырғыдан келген ақпаратты дыбыстық хабарлама арқылы жеткізсе, ол көшенің шуынан естілмей қалуы мүмкін. Сондықтан да ең дұрысы діріл (вибрация) деп таптық. Оны кез келген шуда сезуге болады. Соны қосып тә­жірибе жүргізіп көрдік. Нәтижесі көңіл­ден шықты. Тіпті, тәжірибе кезінде арнайы құрылғыларға өте көп ақпарат енгізуге болатынын анықтадық. Оны енгізу жолын қарастыра бастадық», – дейді ғалым.
Galanote – ғаламат тіл Көп өтпей зағип жандарға ақпаратты жеткізудің тәсілі табылды. Бұл тәсілді әлемдегі барлық зағиптың өмірін тү­бегейлі өзгертетін ғылыми жаңалық деуге болатындай.
«Құрылғыға енгізетін ақпарат өте көп. Әрі оның әлемдегі барша зағипқа түсінікті болуы үшін Galanote деген арнайы тіл де ойлап таптық. Бұл тіл зағиптарға арналған Брайль қарпіндегі 6 нүктеге негізделген. 7-нүктедегі ақ­парат бірде бар, бірде жоқ. Маған бұл музыкадағы 7 нотамен үйлесетіндей көрінді. Нотаның кез келген комбина­циясының бірігуінен әуен шығады. Сол секілді Брайльдағы әр таңбаны бір ак­кордқа ыңғайласақ, музыка болып шы­ғады. Оны есте сақтау да оңай. Құ­рыл­ғыны өзіміз шығарған тілмен байланыс­тырып, ақпаратты жеңіл түсінетіндей етіп жасадық. Ойлағанымыздай, екі-үш күннен кейін зағиптар құрылғының тілін меңгеріп алды. Тіпті, зағиптардың ішіндегі музыкант жігіт тілді тез үйреніп алып, Galanote тіліне жаңа сөздерді енгізуге үлес қосты. Осыдан кейін зағип жандар өздері қалаған жеріне баратын болды. Үй маңына серуенге шықты», – дейді Ғ.Ғабдрешов.
SEZUAL Ғалымның айтуынша, Galanote тілі әлемге ортақ, қарапайым эсперанто деп аталатын жасанды тілге негізделген. Бұл әлемдегі кез келген зағипқа электронды жолмен барар жеріне жетуіне мүмкіндік береді. Дәл осы тілді тұрмыстық техника­ларға енгізетін болса, көзі көрмейтін жан­дардың өмірі жеңілдей түспек. Тіпті, өндірістік құрылғыларға Galanote-ны енгізіп, зағип жандардың жұмыспен қамтылуына да жағдай жасауға болады екен. Тактильді жолға қарағанда тиімді Шын мәнінде, зағиптарға арналған электронды жолдар – бізде қолда­ны­латын тактильді жолдарды түбегейлі ал­мастыра алатын жоба. Тактильді жол­дармен зағип жандар тура кері немесе оңға, солға жүреді. Әрі олар көзге қораш көрінеді. Қар түскенде бұл жолдармен жүру тіптен мүмкін емес. Қар тазалайтын машина да ол жолдарды сындырып кетіп жатады. Сондықтан тактильді  жолдар­ды жыл сайын жөндеп отыру қажет. Бұл тұрғыдан қарағанда электронды  жол жобасы әлдеқайда арзанға түседі. Бас­тысы, құрылғылар әр 20 сантиметр сайын орнатылса болғаны. Ақ қар, көк мұзда да жұмыс істей береді. Ғалымдар 1 шақырым жолға осы құрылғыларды орнату үшін 950 мың теңгеге жуықтай­тынын алға тартады. Мәселен, бір ғана Астанадағы негізгі көшелерге электрон­ды жол жүйесін енгізу үшін 3-4 мил­лиард теңгедей қаржы керек екен. Өкініштісі, елімізде тиімділігі жо­ғары әрі қаржылық тұрғыдан  әлде­қайда арзанға түсетін жобаға қызығушы­лық тым төмен екен. Салаға жауапты ме­кемелер бүгінде әлемнің алпауыт мем­лекеттері қызығып, өздерінде іске қосуды асыға күткен ғылыми жаңалықты кәдеге жаратуға асығар емес.
«Алғашқыда қажетті құрылғыларды өз қаржымызға сатып алып, белгілі бір аумаққа орнатып шықтық. Түрлі тә­жірибелер арқылы жобаның тиімділігіне көз жеткізген соң оны іске асыру туралы ұсы­ныспен мемлекеттік органдарға шық­тым. Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігіне хат жол­дадым. Хатта сынақ тобының зағиптарға арналған электронды  жолды жоғары бағалағанын айттық. Министрліктен сырғытпа жауап келді. Тіпті, жобаны қолданысқа енгізу үшін пара сұрағандар да болды», – дейді ғалым.
Тек қазір «ЦентрКредитбанк» қана 40 дыбыстық жолсерікті сатып алып, қолданысқа енгізіпті. Банк барлық филиалға осы қондырғыларды орнатпақ. Әлемде баламасы жоқ жоба Қазір Ғалымжан Ғабдрешов өз жо­басын патенттеп алған. Әдетте, жаңадан ұсынылған кез келген жобаны 3 жыл бойы зерделейтін патент қоры бұл жолы 3 айда сүйіншілетіп қоңырау шалыпты.
– Мен патент алу үшін Швейцарияның патент қорына құжаттарымды тапсыр­ғанымда олар 3 жыл күтетінімді ескертті. Халықаралық қағида солай екен. Бірақ маған бар болғаны үш айдан кейін хабарласып, патентімнің дайын екенін айтты. Таңданысымда шек болған жоқ. Сосын оларға маған патент алу үшін ұзақ күтудің себебін түсіндіріп берді. Сөйт­сем, патент қоры әуелі ұсынылған жаңа жобаның баламасын іздейді екен. Ба­ламасы болса, жаңадан ұсынылған жоба­ның одан артықшылығы зерде­ленеді. Жер бетінде күніне патент алуға миллиондаған өтінім түседі екен. Ал патент қоры құрылғалы зағип жандарға арналған бар болғаны 10 ғана патент болған көрінеді. Оның ішіндегі төрт патент қазір қолданыста. Швейцарияның патент қоры біз ұсынған жобаның баламасын сұрап, АҚШ-тың, Израильдің патент қорына өтініш жасаған екен. Олардан мұндай жоба әзірге ұсынылмады деген хабар алған соң маған патент беруге асыққан сияқты, – дейді Ғалымжан Ғабдрешов.
АҚШ-тың аңсары ауды Негізінен, көзі әлсіз көретін немесе мүлдем көрмейтін адамдардың өмірін жеңілдетуге арналған ғылыми жаңалық ашуға көп ғалым тәуекел ете қоймайды. Себебі бұл салада ашылған ғылыми жаңа­лықты қолданысқа енгізудің қар­жыландыру тетігі қарастырылмаған. Әйтсе де, мұндай жобалардан пайда табудан бұрын, жаңа технологияның зағип немесе мүгедектігі бар жандарға үміт сыйлайтынын түсінетіндер аз.
«Біз өз жобамызды АҚШ-тың Бостон штатындағы зағип жандарға арналған Перкинс мектебі мен Техастағы арнайы мектебіне ұсынып көрдік. Бұл мектеп­терді зағип балаларды оқытатын ең үлкен және ең ескі мектептердің қата­рында. Зағиптарға арналған электронды  жолды біз әуелі осы екі мектепке, кейін­нен сол оқу орындары орналасқан қалаға енгізуді жоспарлап отырмыз. Бара-бара мұндай жолдар АҚШ-тың барлық штатында пайда болады. Жалпы, АҚШ-та қазірдің өзінде 46 мектеп менің жаңалығымды қолданысқа енгізуді күтіп отыр. Тіпті, көшіп-қону шығынын кө­теруге дайын. Маған 10 жылға виза берді. Ғалымдарға арналған арнайы бағдара­ламасын да ұсынды», – дейді ғалым.
SEZUAL сыйлаған сәуле Ғалымжан Ғабдрешовтің айтуынша, АҚШ-тың  шеттен тыс қамқорлығының астарында үлкен сыр жатыр. Себебі елде қазір 1 миллионға жуық зағип жан бар екен. Олардың 10 пайызы – балалар. Демек, мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елдің әлеуметтік маңызға ие жо­баға қызығушылық танытуы бекер емес. Сонда да болса ғылымдағы жылт еткен жаңалыққа аса сақтықпен қарай­тын америкалықтар бұл жобаны да мұқият зерделепті.
«Алғашында жобаны іске асыру ішін қажетті жартысын өз қалтамнан шығар­дым. Америкалықтар жобаға бірден қаржы құя қоймайды. Оның үстіне, әлемдік ғылыми қауымдастық­тағы Қазақстанның беделі қай деңгейдегі екені белгілі. Бұл тұрғыдан америкалық­тардың күмәні орынды. Сондықтан өз күшіммен жобаны жүзеге асырып, оның тиімділігіне көз жеткізу қажет болды. Шетелден келген мықты сарапшылар да алғашында маған сенімсіздік танытты. Тек эксперименттен кейін ғана күмән-күдігі сейіліп қаржыландыруға кірісті», – дейді кейіпкеріміз.
Жалпы, электронды жол SEZUAL командасының зағип жандарға жалғыз жобасы емес. Жоғарыда атап өткеніміз­дей, қазақстандық ғалымдар бұған дейін белсенді геолокациялық жанар деп ата­латын жобаны ойлап тапқан. Жоба көзі көрмесе де ұшып-қонып тіршілік жасай­тын жарқанаттың тіршілік ету дағдысына ұқсас. Неврологияда да адамның осы тәсілмен көре алатыны туралы ги­потеза болған. Дегенмен бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген америкалық, француз ғалымдардың ізденісі нәтижесіз аяқталыпты. Ғалымжан Ғабдрешов бұл жобамен мұқтаждықтан айналыса бастағанын айтады. 2017 жылы моншада көзін ыс­тық будан зақымдап алған ғалым көзі байланса да айналаны көріп-сезу үшін ойлап тапқан. Кейін жобаға Дүние­жүзілік банк қызығушылық танытып қаржыландырған екен. Тіпті, дәл осы құрылғымен айналасын көріп, бағдар­лауға үйренген жандар 1 жылдан кейін атыс алаңына барып, нысанаға атуға машықтанып алыпты.
 «Біріккен Ұлттар Ұйымынан келген сарапшылар зағиптарды атыс алаңына алып барғанымда ерекше таңданыспен қарады. Бірақ олардың нысанаға дөп тигізе бастағанда барып, жобаның тиімділігін мойындап, қолымды алды. Тіпті, кейбірі сынақтан өтіп жүрген жандардың зағип екеніне күдіктеніп, олардан медициналық анықтама сұрап әлекке түсті», – дейді ғалым.
Қызығы, бұл құрыл­ғы­ға әлемдегі жаңа техноло­гия мен ноу-хоу­дың отаны сана­ла­тын Оңтүстік Корея мен Жапо­нияның өзі қы­зығушылық таныт­қан. Тіпті, оң­түс­тік­ко­рея­­лық­­тар за­­ғип­тар­дың біріне арнайы құ­рыл­ғыны ұр­лауға тапсырыс та берген екен. Жа­­понияның мүге­дектігі бар аза­­мат­тардың ісі бойынша үкі­меттік ұйымы да хабарласып, па­тентті көргенін, бірақ техноло­гиясын түсіне алмағанын айтқан. 2001 жылдан бері сан түрлі са­ла­да ғылыми жаңалық ашқан Ғалымжан Ғабдрешов – онкологиялық ауруларды электронды тіркеу жоба­сының да ав­торы. Әйтсе де, ғалымның әлемнің ау­зын айға білеген елдерінің ғылыми қауым­дастығынан жоғары бағасын ал­ған жобаларын Қазақстанда қолданысқа енгізу оңай болмай тұр. Оны Ғалым­жан­ның өзі әлеуметтік қорғау, инфрақұры­лымдық даму салаларындағы жемқор­лықпен байланыстырады. Шынында, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық үш аталым бойынша БҰҰ-ның арнайы сыйлығын алған ғалымның сағын сындырып, көңілін қалдырғаны өкінішті-ақ. Табыстан бұрын ойлап тапқан жаңалығының зағип жандардың өмірін жеңілдетуге үлес қоса алғаны маңызды екенін айтып жүрген ға­лым­ның қадірін жете алмай жүргеніміз қынжылтады.