Атырауда туған қыздарын ұрып-соғып, намаз оқуға мәжбүрлеген «әке» туралы ақпарат шу болып жатыр. Өзін Кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығының өкілімін деп таныстырған Дильназ Адильжановна есімді Facebook желісінің қолданушысы 11 жастағы қыз баланың қорлыққа шыдамай үйінен қашып кеткенін жазыпты.
«20 қаңтар күні Кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына 2011 жылғы қыз бала түсті. Әкесінің көрсеткен қорлығына шыдамаған балғын үйінен қашып кеткен. Толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан қыз баланы бірнеше жылдан бері әкелері күштеп намазға жығып, ұрып-соғып келген», – деп жазылған постта.
Белгілі болғандай, қыз баланың анасы сотталған. Бостандыққа шыққаннан кейін, балаларынан бас тартып, жөніне кеткен.
Қорқыныштысы сол, туған әкенің қорлығы салдарынан бұғанасы қатпаған қыз баланың тіпті қабырғасы да сынған. Пост авторы Дильназ Адильжанованың жазуынша, өткен жылдың қарашасында қыз бала нағашы әжесінен өзін ауруханаға апаруын өтінген. «Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері баланың бірнеше қабырғасының сынғанын анықтаған. Және көптеген жарақатты анықтаған. Алайда әкесінен қорыққан қыз бала ол жолы дәрігерлерге шындықты айта алмаған. Бірақ туған әкенің көрсетіп отырған қорлығына шыдай алмаған қыз бала қаңтар айында үйінен қашып кеткен. Сыныптас қызының үйінен пана сұраған. Сол уақытта сыныптас құрбысының әкесі қыз баланы полицияға тапсырған», – делінген жарияланған постта.
Қазір Атыраудағы Кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығының басшысының міндетін атқарушы Камшат Испусинова қыз баланың орталықта жатқанын растады. Атырау облысы Полиция департаменті аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Аталған жағдай бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 1-бөлігі 2-тармағы бойынша іс қозғалды», – деп хабарлады Атырау облысы Полиция департаменті.
Атырау облысы бойынша балалар құқығын қорғау өкілі Арайлым Нұғманова жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.
Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.
Қыз бала бүгінде өзінің кішкентай сіңлілері үшін уайымдайтынын айтқан. Өйткені бұғанасы қатпаған бүлдіршін қыздарын ұрып-соғып, хиджабқа орау арқылы «тәрбие» беру әкелері үшін қалыпты жағдай болып отыр.