Атырау университетінде Зейнолла Қабдолов атындағы аудитория ашылды
Атырау университетінде Зейнолла Қабдолов атындағы аудитория ашылды
998
оқылды
Қазақ ғылымы мен руханиятының көрнекті өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Зейнолла Қабдоловтың 95 жылдығына орай, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бірқатар іс-шара өтті. Сонымен қатар, білім ордамыздан ғалымның әдеби танымдық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында атаулы дәрісхана ашылды.    width= Дәрісхананың лентасын қию рәсімі Қырғыз Республикасы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Акматалиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Жанғара Дәдебаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Ісләмжанұлына ұсынылды.
«Замануи озық технологиялармен жабдықталған, жазушының шығармашылық мұрасына бай ​ дәрісхана сөз бен тіл өнеріне сусындаған болашақ мықты мамандар тәрбиеленетін орталыққа айналады деп сенеміз», – дейді Халел Досмұхамедов атындағы университет ректоры Саламат Идрисов.
 width= Сондай ақ, Атырауда «Зейнолла Қабдолов: Әлем және қазақ әдебиеттану мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шара барысында Мемлекет басшысының құттықтау хатын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ф.ғ.д, профессор, ҰҒА академигі Бауыржан Омаров оқып, табыстады. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтан арнайы құттықтау хатын университет ректоры Саламат Идрисов оқыды. Конференцияға Қазақстан және Түркия, Қырғыз елдерінің профессор ғалымдары арнайы келіп, тұтас ғұмырын қазақ әдебиетінің кемелденуіне арнаған әдебиет зерттеушісінің көптеген еңбектері мен шығармашылық қырларына, жазушылық, ғалымдық, ұстаздық портреті және проза жанрында, әдебиеттану ғылымында, ұстаздық жолында қалдырған мұрасы жөнінде әртүрлі баяндамалар жасады. Мазмұнды жиынға елімізге танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, құқық қорғау органдары басшылары, педагогтар, студенттер қатысты. Конференция аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің​ профессоры, филология ғылымдарының докторы Бисенғали Зинол-Ғабден Қабиұлы «Қазіргі қазақ әдебиетінің мәселелері» тақырыбында және А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, филология ғылымдарының докторы Жамал Айтқалиқызы Манкеева «Тіл білімінің жаңа бағыттары» тақырыбында қонақ дәрісін оқыды.