Үні жеткеннен үміт етеді
Үні жеткеннен үміт етеді
694
оқылды
Президенттің «Орталық атқарушы орган басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығының шыққанына 1 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында бұл Жарлық билік пен бұқара арасында берік байланыс орнатуға ықпал еткендей. Әсіресе, Астанадағы Министрліктер үйінің маңайынан алысқа ұзай қоймайтын министрлердің алыс ауылдарға барып, халықтың жағдайын көзбен көруі ел ара­сын­дағы шынайы жағдайды бағамдауға мүм­кіндік берді. Олардан үлгі алған әкімдер де ара-тұра шалғайдағы елді мекен­дерге жиірек ат ізін салды. Әйтсе де, ақ жаға­лы­лардың арасында әлі де халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдаумен іс бітпейтінін түсіне алмай жүргендер бар. Обалы не керек, Президент пәрмен берген соң министрлер мен әкімдер жер­гілікті жерлерде халықпен кездесіп, көшпелі қабылдаулар өткізуге көшті. Өткен жылы бірінші басшылар 216 жеке қабылдау өт­кізген. Бұл қабылдауға 1 498 азамат арыз-ша­ғымын айта келіпті. Оның 74 пайызы оңы­нан шешілсе, қалғандарын орындаумен мем­лекеттік органдар әлі айналысып жатыр. Құлақ салудан қолға алу маңызды Бір қуанарлығы, бұл кездесулер атмі­нерлердің фотоесеп үшін өткізілетін кез­десулері күйінде қалмай, қордаланған мә­селелерді шешудің алаңына айналған. Мә­селен, Оқу-ағарту министрінің ха­лық­пен кез­десуінің қорытындысы бо­йынша мем­лекеттік мектептерде оқу­шы­ларды тамақ­тандыру қағидаларына өзге­рістер енгізіліпті. Ішкі істер министрі сол­түстік­қазақ­стан­дықтармен жүздесуден соң жергілікті спорт мектебі «Динамо» де­не­шы­нықтыру-спорт қоғамының қам­қор­лығына алды. Басшылардың бұқарамен бетпе-бет кездесуін бақылау функциясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктел­ген. Аталған ведомство мемлекеттік ор­гандардың ашықтығын бағалау әдістемесіне «Халықпен кездесу» атты жаңа индикатор енгізілгенін жеткізді. Енді министрлердің халықпен кездесуімен бірге оның нәтижесі де ескерілмек. Бұл орайда Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі Дархан Қы­дырәлінің әріптестеріне халықпен кез­десулердің тиімділігін арттыру бойынша айтары бар. Министр жұртшы­лықпен жүздесуді Мәдениет үйлерінде және Ор­талық коммуникациялар қызметінің алаң­дарында ғана өткізумен шектелмей, аза­маттардың өтініштерінде көрсетілген проблемалық мекенжайларға барып, жағ­дайды көзбен көруді құп көреді. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды хабардар ету мақ­сатында министрлердің өңірлерге сапарын орталық атқарушы органдардың сайтта­рында ғана емес, жергілікті деңгейде де жариялауды ұсынады. Ең бастысы, ми­нистрлермен қатар, вице-министрлер мен ведомство төрағаларына да өңірлерге шы­ғып тұру артық болмайды. [caption id="attachment_239368" align="aligncenter" width="1377"]инфографика © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Ал Ұлттық экономика министрлігі жергілікті әкімдіктердің халықпен кездесуі­не және олардың тиімділігіне талдау жүр­гізеді. Ведомство басшысының айтуын­ша, мұндай кездесулерде көп жағдайда тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық мә­селелері сөз болады.
«2022 жылдың ІІ жартыжылдығының өзінде жергілікті жердегі әкімдер халықпен 19,8 мыңға жуық кездесу өткізді. Олардың ба­рысында тұрғындар әлеуметтік және тұр­ғын үй-коммуналдық инфрақұрылым ны­сандарын салу, экологияның жайы, жолдарды жөндеу, жер мәселелері және тағы басқа сұ­рақтар бойынша 33,4 мыңнан астам мәселе көтеріп, өз ұсыныстарын айтты. Кез­десу­лер­дің нәтижесінде жергілікті атқа­рушы органдар 33,1 мың мәселенің шешімін тапты», – дейді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Әкімдердің халықпен жүздесуінің нә­тижесі бойынша атқарушы органдар, ұлттық холдингтер және компаниялар дең­гейінде шешілетін мәселелердің тізімі де жасалған. 62 сұрақты қамтитын бұл тізімдегі түйткілдердің түйінін тарқату үшін респуб­ликалық бюджеттен қаражат бөлу қажет. Қазірдің өзінде аймақтарда халықты мезі еткен 5 өзекті мәселені реттеу үшін респуб­ликалық бюджеттен 20,2 млрд теңге қарас­тырылыпты. Ал тағы 13 мәселеге қажетті 61,2 млрд теңге сомасында қаражат бөлу мүмкіндігі 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарастырылмақ. Тыңдай білген тындыруды білсе... 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізген. Онда 63 мың мәселе көтерілсе, оның 75,5 пайызы шешілген. Тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, оларды шешуде Ақтөбе, Қостанай облыс­тары мен Алматы қаласы өзге өңірлерге үлгі бола алады. Аталған өңірдің әкімдіктері тұрғындардың талап-тілегінің 90 пайыздан астамын қанағаттандырған көрінеді. Ке­рісінше, Алматы облысының әкімдігі ха­лықпен кездесіп, тұрғындарды тыңдағандай болғанымен, олардың қалауын орындауға асықпай отыр. Өйткені облыстағы барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуінде 1 029 мәселе көтерілгенімен, оның бар болғаны 28,5 пайызы ғана шешіліпті. Сол секілді Батыс Қазақстан облысының әкім­дігі де жергілікті тұрғындарды мезі еткен мәселелерді реттеуге келгенде салғырттық танытқан. Батысқазақстандық әкімдер ха­лықпен кездесуде көтерілген 3 751 мәселені қойын дәптерлеріне түртіп алғанымен, оның 1 895-ін ғана шешкен. Осы сияқты Атырау облысының әкімдігі де көп түйт­кілдің тең жартысының ғана түйінін тарқата алған екен. Мұнда атыраулықтардың кез­десуде көтерген 2 808 мәселенің 1 533-інің шешімі табылыпты.
Атырау облысының әкімі Серік Шәп­кенов халықпен кездесуде жыл сайын тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық, ин­женерлік-инфрақұрылым жүргізу, әлеу­меттік нысандардың құрылысы мен олар­ды жөндеу мәселелері көтерілетінін айта­ды. «Оларды шешу үшін құны 108 млрд теңгені құрайтын іс-шаралар жос­пары әзірленіп, облыстың, қаланың, аудан және елді ме­кендердің даму жоспарларына енгізілді. Бү­гінде 1 533 мәселе шешілді. Қал­­ған мәсе­ле­лер орындалуда. Олар не­гізінен ұзақ­мер­зімді және қомақты қа­ражатты талап ететін жобалар», – дейді Атырау облысының әкімі.
Мұнайлы өңір басшысы халықпен жиі кездесу өткізудің нәтижесінде әкімдікке арыз-шағымын арқалап келетіндердің саны 7 пайызға азайғанын айтады. Қысқасы, Президент пәрменімен ха­лық­пен кері байланыс орнатуда, мемле­кеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету ісінде сең қозғалғандай. Десе де, мұндай кездесулерде саннан сапа маңызды екенін ұмытпаған жөн секілді. Рас, қарапайым ауыл тұрғынының мәселесіне Астанадан министрдің келіп құлақ түруінің тиімді тұсы көп. Әйтсе де, бірінші басшылардың тұр­ғындар көтерген мәселенің айтылған же­рінде қалдырмай, қорытынды шығарғанға дейінгі әрекеті одан да маңызды. Бастысы, бұл механизм халықтың билік органдарына деген сенімін нығайтудың тетігіне айналмақ. Мәселен, Президенттің «Орталық атқарушы орган басшыларының халықпен кездесу­лерін өткізу туралы» Жарлығы өткен жыл­дың наурыз айында шықты. Ал Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерт­теулер институтының тамыз айында жүр­гізілген өңірлік әлеуметтанулық мониторинг нәтижелері Үкіметке, облыстар мен рес­публикалық маңызға ие қала әкімдеріне деген сенімнің сәл де болса жоғарылағанын көрсетті. Мәселен, 2022 жылдың ақпан айын­да респонденттердің 53,2 пайызы Үкіметке сенім білдірсе, мамыр айында бұл көрсеткіш 68 пайызға дейін ұлғайыпты. Әрине, бұл көрсеткішке әсер еткен басты фактор меморган басшыларының ауыл-аймақ тұрғындарымен кездесуі деуге бол­мас. Сонда да болса, тұтас бір министрлікті басқарып тұрған азаматтың қарапайым қазақстандықтармен бетпе-бет келуі, талап-тілегін тыңдауы, оларды реттеу бойынша шаралар қабылдауы бұқара мен билік арасындағы кері байланыстың түзілуіне ықпал еткені анық. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Ермек Тоқтаров халықпен кері байланыс мем­лекеттік қызметтегі жоғары лауазым иеле­рінің негізгі міндеті екенін алға тартады.
– Халықпен уақытылы коммуникацияда болу – әкімдер мен мемлекеттік органдар басшылары жұмысының тиімділігінің ма­ңызды факторы. Үкіметтің жұмысы ха­лыққа түсінікті болуы керек. Азамат­тардың мем­лекеттік органға сұрақ қоюға құқығы бар. Сол кезде мемлекеттік органдар қабыл­дан­ған шешім себептерін түсіндіруі керек. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасының іске асырыла бастағанын көрсетеді, – дейді Ермек Тоқтаров.
Рас, халықпен нәтижелі кері байланыс түзу мемлекеттік орган жұмысын тиімді ету­дің басты шарты. Азаматтардың тұрғы­лықты жеріне, қызметіне қарамастан қа­лауын ауыл әкімін былай қойғанда, ми­нистрмен бетпе-бет отырып талқылауының нәтижелі боларына сенім мол. Бастысы, халық үніне құлақ асқан басшылар енді соны іске асыруды мақсат етсе болғаны.