Сынақ – сапаның сүзгісі
Сынақ – сапаның сүзгісі
© коллаж: Елдар Қаба
645
оқылды
Соңғы жылдары білім беру мекемелерінің сапасына қатысты жиі сын айтылып жүр. Осыған орай, былтыр балабақшалар, мектептер мен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтті. Соңғы 5 жылдағы білім ошақтарының жағдайына мониторинг жүргізілді. Бірақ мектеп-балабақшалардың 77 пайызы алғашқы мемлекеттік аттестациядан сүрінген. Мәселенің мән-жайын анықтап көрдік. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баевтың айтуынша, білім беруді дамытудың маңызды құралы – сапаға мән беру. Осы орайда білім мекемелері мемлекеттік ат­тестаттаудан өтеді. Соңғы 5 жылда мем­лекеттік «емтихан» өткізілмеді және білім беру қызметтерінің сапасына нара­зы­лықтың артқаны байқалды. Сондықтан сынақтың бұл түрі қайта қолға алынды. Ол мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бармай-ақ жаңа форматта өткізіледі. Министрдің мәліметінше, былтыр 2 363 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өтті.
 – Оның 77 пайызы алғашқы сәттен өте ал­мады. Олардың қатарында Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Түркістан және Алматы облыс­тарының білім мекемелері бар. Одан бөлек, мектептер мен колледж­дерді лицензиялау кезінде көптеген мәселе туындады. Мұн­дағы проблема – құжаттарды дұрыс рә­сімдемеу. Осы орайда қызметін лицен­зиясыз атқарғаны үшін 34 мектепке айып­пұл салынды. Білім беру ұйымдары ли­ценциясыз жұмыс істемеуі керек, – деді Ғани Бейсембаев.
Құжатты қашықтан тексеру – қателік Аттестаттау 5 жылда бір рет жүргізіледі. Былтырдан бастап балабақша, мектеп пен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өте бастады. Аттестаттау – сыртқы мониторинг және білім беру ұйымдарының белгіленген стандарттар бойынша орындаған жұмыс­тарын бағалайтын құрал. Сондықтан ми­нистрлік аттестаттауды ұзақ уақыт бойы талқылаған. Ең бастысы, аттестаттау тек проблемаларды айқындаушы репресивті құрал емес, анықталған проблемаларды жоюға бағытталған нақты ұсыныстар беру тетігі болуы керек еді. Ол арқылы білім беру ұйымдарында берілетін білімнің сапасы анықталып, ата-аналар, оқушылар мен педагогтер арасында сауалнама жүргізіледі, материалдық-техникалық база, кадр құ­рамы және басқа да аспектілер бойынша бел­гіленген талаптарға сәйкестігі бағала­нады. Яғни, аттестациялау мектепке бар­май, қашықтан бағаланады. Астана қаласы 90 гимназия директоры Аятжан Ахмет­жанұлының пікірінше, аттестацияға қо­йылатын талапты күшейтсе, мектептердің 90 пайызы аттестациядан өтпей қалар еді. Себебі қазіргі аттестацияның шарттары тым жеңіл.
– Комиссия мектептерге бармай, қа­шықтан тексеру жүргізеді. Қағаз жүзінде барлығын тып-тиянақтай етіп жасаған кез келген мектеп аттестациядан оңай өтіп кетеді. Өз басым, аттестациядан қашықтан өткізуді қателік деп ойлаймын. Мектептерге нақты бақылау жүргізілуі керек. Өйткені мектептегі білім сапасы мен тәрбиенің қай деңгейде екенін құжат дәлелдей алмайды. Мектептердің материалдық жағдайы ли­цензия алатын кезде бір-ақ рет тексеріледі. Одан кейін мектеп базасын ешкім қада­ғаламайды. Уақыт өте материалдық жағдай қандай болады? Мектеп бүгінгі күннің та­ла­бына сай келе ме? Аттестацияны осы жа­ғынан жетілдіріп, қойылатын талабын күшейту керек, – дейді Аятжан Ахмет­жанұлы.
Тексерудің бұл формасын министрлік халықаралық тәжірибе аясында қабыл­дадық деп отыр. Яғни, талап бойынша, оқушылардың білім деңгейі бағаланады, кешенді тестілеу өткізіледі. Бастауыш сыныптарда – екі пән, негізгі орташа білім үшін – үш пән, ал жалпы орта білім алу­шылар төрт пән бойынша тест тапсырады. Кәсіби-техникалық білім беру ұйымда­рында екі салалық пән бойынша тестілеу ұйымдастырылады. Ал мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу аясында ата-аналар арасында сауалнама жүргізіледі. Ендеше аттестацияның қашықтан өткізілуі мектептің сапасының нақты көрсеткіші емес. Лицензиясыз мектептер бар Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйым­дарына мониторинг жүргізу бары­сында 56 мектеп лицензиясыз жұмыс іс­тегенін анықтаған. Оның ішінде 40 мем­лекеттік, 16 жекеменшік мекеме бар. 42 мек­тепке қатысты сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл тағайындады. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, лицензиясыз жұмыс істейтін мектептердің ең көбі Астана және Алматы қалаларына, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түр­кістан, Жетісу, Маңғыстау және Жамбыл облыстарына тиесілі. «Бүгінде 11 мектеп білім беру қызметіне лицензия алды. Үш мектептің материалы соттың қарауында. 42 мектепке қатысты сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл тағайындау ту­ралы қаулы шығарды» деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауеновтің айтуынша, заңнамаға сәйкес, барлық мек­тептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. Мектепке білім берумен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап қана беріледі. Лицензияның жоқ­тығы мектептің жарамдылық тексеруінен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжат­тарды тапсырмағанын білдіреді.
– Лицензиясыз мектептер білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, яғни не­гізгі және жалпы орта білім туралы аттес­таттарды бере алмайды. Лицензиясыз жұ­мыс істейтін мектептерге қатысты ми­нистр­ліктің аумақтық департаменттері әкімшілік іс қозғады. Бүгінде сот шешімімен 42 мектепке лицензиясыз білім беру қыз­метін жүргізгені үшін айыппұл салынды, – дейді Ернұр Дауенов.
Министрлік өкілінің айтуынша, егер мектеп заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жұмысын тоқтатады. Жалпы, қазір министрлік аттестациядан өтпеген, лицензиясы жоқ мектептерге нақты шара қолдана алмай отыр. Себебі жүздеген бала оқып жатқан бір мектепті жабу білім саласына үлкен ауыртпалық әкеледі. Айталық, аттестаттаудан өте алма­ған мектептерге құқықтық шара қолда­нылып жатқан жоқ. Мектеп мемлекеттік аттестациядан өте алмаған жағдайда оның директорымен келесі өту мерзімі бекітіледі. Ол екі аптадан кейін немесе жарты жылдан кейін болуы мүмкін. Осылайша, екінші рет аттестацияға құжаттарын тапсырады. Егер де екінші рет өтпеген жағдайда онда бұл мектеп профилактикалық бақылауға ілігеді. Кейін аттестаттау аяқталған күні мектепке қорытынды беріледі. Ал тексе­рістен өте алмаған жағдайда мектеп 5 күн ішінде олқылықтарды түзетуге арналған жоспар жасауы тиіс. Қайта аттестаттау мерзімі кемінде 10 күннен бастап бір жылға дейін созылуы мүмкін. Яғни, мектеп жа­былып, директор орнынан босатылмайды. Аттестациядан қалай да болсын өтеді. Білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлының ай­туынша, аттестациядан өткізу білім са­пасын жақсартып жібермейді.
– Білім ошақтарын аттестациялаудан бұрын кемі 5 жылдық толық инвентаризация мен аудит өткізіп тұрмаса, ешқандай аттес­тация жемісті болмайды. Себебі қазіргі мектептердің біразы Кеңес заманынан бері жұмыс істеп келе жатыр. Олардың мате­риалдық-техникалық базасы толық емес. Жаңартуға қаржы бөлінгенімен, көп жағ­дайда ол ақша директорлардың қалтасына кетеді. Мектеп директорлары мен меңге­рушілері мықты менеджер емес. Сондықтан аттестацияны өткізгенмен ештеңе шешіл­мейді. Ең бірінші, қазіргі мектеп пен ба­лабақшалардың жағдайын, деңгейін толық зерттеп алу керек. Қолда барды құнттамай жүргізген кез келген реформа нәтижесіз аяқталады, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Иә, шетелдік тәжірибе де, жүзеге асып жатқан реформалар да құлаққа жағымды естіледі. Бірақ құжат бойынша мінсіз мек­тептің шынайы жағдайына көз жеткізбей аттестациядан өткізу оңай. Сондықтан көп сөзден нақты іске көшетін уақыт келді.