Жыл сайын тұтас елді әбігерге салып, елді мекендер мен инфрақұрылымдарға орасан зор қауіп төндіріп, қыруар шығынға батыратын су тасқыны биыл да аса өткір күйде. Соңғы бірнеше жыл ішінде ел экономикасына қаржылай аса ірі мөлшерде зиян келтірген жағдайлардың алдын алу әлі де болса бір ізге салынбай келе жатқаны көңілге қаяу салады. Дегенмен көктемгі күрт жылынудан кейінгі тасқын судың алдын алатын тиісті шаралардың жеткілікті мөлшерде жүргізілмей жатқаны алаңдатады... Облыс дайындығын сынға алды Өзен-көлдердің арналары тазартылмауы, түбіне шөккен қоқыс пен қалың қамыстың судың ағып өтуіне кедергі туғызуы, апатты жағдайға жеткен гидротехникалық құрылымдардың жыл санап көбеюі түйінді жағдайларды одан сайын ушықтырып тұр. Ақмола облысында да 128 елді мекенге тасқын судың қаупі төнгенін төтенше жағдайлар қызметі алдын ала жария еткен. Аталған ауылдар мен қоныстарда 4071 үйде 13 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Яғни, осынша адамның тұрмысы мен тіршілігіне су тасқыны ауыр зардабын тигізуі мүмкін. Төтенше жағдайлар министрі де өңірде бірнеше елді мекендерде су тасқынына әзірліктің өте сылбыр екенін Үкімет үйіндегі отырыста қадап айтқан. Әсіресе, елорданың іргесіндегі Нұра өзенін жағалай қоныс тепкен Целиноград ауданына қарасты Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы жағдайды сын садағына алды.
– Ақмола облысы – су тасқыны қаупі аса жоғары аймақтардың ішінде алғашқылардың қатарында. Өңірде өзен арналарын тазарту жұмыстары толық көлемде жүргізілмеген. Елорда жанындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы ауылда Нұра өзенінің жағасын нығайту үшін қаржыландыру мәселесі әлі де болса шешімін таппай келеді, – дейді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.«Ауыл бейіті түгел құлайды» Рақымжан Қошқарбаев ауылының іргесіндегі бейіт бірнеше жылдан бері Нұра өзенінің жанынан құм мен қиыршық тасты елорда құрылысына таси бергендіктен опырылып құлай бастаған. Жайылған өзен арнасы бейітті шайып, қабірдегі мәйіт сүйектері жыл сайын өзенге ағып кетеді. Жергілікті тұрғындар жандарына батқан ащы жанайқайын жыл сайын көтергенімен күні бүгінге дейін аталған мәселеде еш әрекет жасалмаған. Тұрғындар жергілікті атқарушы билік пен облыстық мәслихат депутатының айтқан уәдесінде тұрмағанын ашына жеткізді.
– Бейітті одан сайын шаймас үшін өзен арнасын өзгерту мәселесі туралы былтыр облыс әкіміне кіре алмағандықтан арнайы хат жаздық. Әкім мәселені Целиноград ауданы әкімдігіне тапсырды. Жиын өткізіліп, жергілікті «Ен дала» ЖШС басшысы әрі облыстық мәслихат депутаты Тимур Пішенов пен жергілікті аудан әкімдігі күзге қарай бәрін «қатырамыз» деп уәдені үйіп-төкті. Бірақ күз түгіл, көктемге сәл қалса да күні бүгінге дейін шыбық басы сынған жоқ. Аудан әкімдігі жоба жоқ болғандықтан істеуге құқы жоқ екенін айтып шығарып салды. Бейітпен қоса, қазір ауылдың іргесіндегі бірталай үйлерді де сыз басып, су шаю қаупі төнген. Оған да бетон қоршау тұрғызу мәселесі қаралып, 40-45 миллион қаржы бөлінуі тиіс болған. Алайда құрғақ қасық ауыз жыртып, күзде де, қыс та да өзен арнасын нығайту, арнасын бұруға еш техника жолаған жоқ. Биыл бейітті толығымен құлатып та кетуі ғажап емес. Ондай болса мәйіт сүйектерін қапқа салып, алаңға шығудан басқа амалымыз жоқ, – дейді Рақымжан Қошқарбаев ауылының тұрғыны Сейіт Ыбыраев.Түйінді мәселенің қазіргі жайын білмек болып, Целиноград ауданының әкімі Бахидбек Оспанбековпен тілдеспек болдық. Бірақ бұл әрекетімізден еш нәтиже шықпады. Аудан әкіміне бірнеше күн бойы хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын көтермеді. Аудан әкімінің орынбасары Серік Оспановты де бірнеше мәрте телефон шалып жүріп, әзер ұстадық. Орынбасар қарамағындағы қызметкерлердің бірі хабарласатынын айтты. Ақыры әкімдік маманы Асылхан деген жігіт бар жағдайды тәпсірлеп берді.
– Осы жылдың 19 қаңтарында Төтенше жағдайлар министрлігі, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, аудан әкімдігі, Р.Қошқарбаев ауылынан арызданушы Е.Муфа т.б. қызмет өкілдері комиссия құрып, өзен арнасына барды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жобалық-зерттеу жұмысын ЖЗЖ жасауға тапсырма берілді. Экология министрлігіне осыдан екі жыл бұрын 2020 жылы Нұра өзенінің жағасын нығайтуға табиғатты пайдалануды реттеу облыстық басқармасымен 269 миллион теңге сомасындағы жобалық-сметалық құжаттама жасалып, оны қаржыландыру үшін Экология министрлігіне өтінім жолданған. Өткен жылдың қыркүйегінде облыс әкімдігі мен Экология министрлігіне өтінім қайта жолданды. Бірақ бүгінге дейін қаржы бөлінген жоқ. Экология министрлігінің су комитетінің мәліметінше, осы жылдың бірінші тоқсанында жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 269 миллион теңге бөлу жоспарланған. Ал бейіт маңына өзеннің тарамданған арнасын түзу етіп бұру, өзенге кеткен адамдардың сүйегін қайта көму жұмысына жобалық-зерттеу жұмысы жүргізілмек. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жоба конкурсқа беріліп, қаржыландыру сұралмақ, – деді Целиноград ауданы әкімдігінің маманы Асылхан Өмірсерік.Өңірде тасқын судың арыны қатты болатынын Төтенше жағдайлар департаменті де болжап отыр. Ведомтствоның мәліметінше, елді мекендерді су шаюынан қорғау үшін өңірдің 15 ауданында ауылдарды инженерлік қорғау бойынша жоспарлы іс-шаралар өткізілген. Атбасар, Аршалы, Біржан сал және Сандықтау аудандарында өзен арналарының 5 мың метрден астам өзен арналары, Көкшетау, Астрахань, Атбасар және Бурабай аудандарында 15 мың метрден астам су бұру каналдары тазартылып, өзен жағаларында 5 мың метрден астам бөгендер нығайтылған. Сондай-ақ биыл өзендердің бетіндегі мұз жабынын әлсіретіп, судың мұздың арасынан кедергісіз өтуі үшін мұз жаруға да қаржы молайтылып, 63 миллион теңге бөліген. Тұрғын үйлерді су басып кетпеуі үшін облыс аумағындағы елді мекендерден 407 мың тоннадан астам қар шығарылған.
– Су тасқынына әзірлікті бақылауға алу үшін алты елді мекенге 6 рет рейд жүргізілді. 1 700 адам қатысқан 15 жиын өтті. Биыл 65 елді мекенде 5 шақырымнан астам өзен арналары, 24 шақырым су бұру каналдары тазартылды. 6,5 шақырымнан астам бөгендер нығайтылып, 34 су өткізу құрылымдары салынды. Жабай өзенінде 100 метр су арнасы түзетілді. 20 ақпаннан бастап өңірдің барлық аймағында су тасқынына әзірлік айлығы ұйымдастырылмақ. Барлық күш құрылымы мен қажетті техника сақадай сай. Су тасқынымен күреске әзірлік жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылдардағы су тасқыны кезіндегі жағдайлары және қардың мөлшері және күзгі уақытта топырақтың қатып қалу және жібу жайын ескере келе, облыс аймақтарында қауіп-қатер дәрежесінің қаншалықты екені анықталды. Бүгінде облыста Целиноград, Атбасар, Аршалы, Сандықтау, Астрахань және Шортанды аудандарында су тасқыны аса қауіпті аймақ саналып отыр. Ерейментау, Зеренді аудандарында орташа су тасқыны қаупі бар, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев.P.S.
Бір айта кетерлігі, жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, өзен арналары тазартылып, бөгендер нығайтылып, тиісті іс-шаралар жүргізілгенімен, тұтас жолдарды, ауылдарда үйлерге дейін су шайып кететін жайттар жиі кездеседі. Мәселен, бір Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы өзен арнасын нығайту үшін берілген қаржының екі жыл өтсе де бөлінбеуі – осының нақты айғағы. Сылбыр әрекет пен жемқорлыққа жол берілгенінің салдары емес деп кім айта алады? Өзекті мәселе шешімін табу үшін тиісті органдардың тегеурінді әрекетін халық қашанғы күтпек? Тиісті билік органдары мәселеге жауапкершілікпен қарауға қашан көшеді?!