Кампусты көшірудің артықшылығы көп – Әлімжан Игенбаев
Кампусты көшірудің артықшылығы көп – Әлімжан Игенбаев
2,919
оқылды
Жаңа оқу жылында жатақханадан орын жетпеген студенттер туған-туыс­тың үйін паналап, жақыны жоқ­тары пәтер жағалап, одан қалса қожайындарының қас-қабағына қарайлаумен күндерін өткізеді. Биыл да сабақ басталғанымен, сабылған студенттердің аудиторияда емес, түнейтін жер іздеп тентіреп кеткенін көз көрді. Өйткені бұл бір жылда ғана емес, бірнеше жылдан бері қордаланған мәселе. Осыдан үш жыл бұрын алма­тылық тұрғын Әлішер Сағидоллаев ірі ЖОО ғимараттарын қала сыртына шығару туралы ұсыныс тастаған. Сол кездегі қала әкімі ұсынысты тал­қылаған соң тиімділігін қарас­тыруға уәде етті. Бірақ айтылған мәселе айтулы күйінде қалды. Жүзеге аспай қалған ұсынысты биыл Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те алға тартып, алда­ғы уақытта қала ішіндегі жекеменшік универ­ситет­терді қала сыртына көшіру бастама­сын көтерді. Ұзаққа созылған ұсы­ныс­тың артықшылығы мен кемшілігі туралы елдегі әзірге қала сыртында орна­ласқан жалғыз ЖОО – Сулейман Демирель атын­дағы университет ректоры Әлімжан Иген­баевтан сұрап-білдік. – Әлімжан Бекежанұлы, қала сыртында орналасқан кампустың тиімділігі бар ма? Жатақхана – жоғары білім саласын­дағы күрделі мәселелердің бірі. Бұл жағы­нан алғанда министрдің жоғары оқу орындарын қаланың сыртына көшіру туралы ұсынысы өте маңызды. Сондықтан кампустарды қала сыртына көшірудің тиімділігі көп. Негізі, халық көп шоғыр­ланған кез келген қаланың белгілі бір са­нын студенттер құрайды. Олар өз кезегінде міндетті түрде мобильді көлік қолданады. Ал қоғамдық қатынас қаланың тұрмыс-тіршілігіне үлкен әсер етеді. Сондай-ақ олар үшін қажетті оқу орнының ғимараты­нан бастап жатақхана, кітапхана, ойын-сауық орталықтарына дейін қала ішіндегі транспорттық хал-ахуалға ықпал етеді. Қаланың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­да­йына тікелей әсер ететін осындай бір­неше жағдайды есепке алар болсақ, қала сыртында бөлек кампустардың болуы студент үшін де, сол жердің әлеуметтік-экономикалық өсімі үшін де артықшылығы бар. Университеттерді қала сыртындағы елді мекендерге көшіру арқылы мега­полис­тегі автобустардың жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік туады. Қалада тұратын білім алушылардың санын азайтып, студенттік өмірдің өзіндік мәдениетін қалыптастыруға тікелей әсер етуге септігін тигізеді. Бірақ ол үшін кампуста оқу ғимаратының аумағы мен студенттің білім алуына қажетті бар­лық жағдай жасалуы керек. Бұл студент үшін маңызды. Біз осы тәжірибені қол­данып жатқан университет болғандықтан, қала сыртындағы кампустың артықшы­лығын көп айтар едім. Университетімізде студенттердің білім алуына қажетті жағдай толық жасалды деп айта аламыз. Себебі кампустың ішінде жатақхана мен кітапхана, дәрісханаларына дейін бір жерден қамтамасыз етілген. Бұл студенттердің сапалы білім алуы үшін керек. Яғни, олардың ізденісіне қажетті барлық жағдай жасалған. 46 мың шаршы метрден асатын кампусымыз, 1 200 студентке арналған жатақханамыз бар. Оның ішінде әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге арналған жаттығу залдары да ойлас­тырылды. Кампустарымыз таудың етегінде, табиғаттың аясында орналасқан. Сондық­тан керемет атмосфера қалыптасқан кампустарда білім алу күнделікті күйбең тіршілікке толы ығы-жығы қалаға қара­ғанда студенттерге көбірек шабыт сый­лайды деп ойлаймын. – Дұрыс екен. Бірақ алдыңғы кезекте жатақханаға әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары мен алыс аймақ­тан келген студенттерге орын беріледі. Ал жатақханаға қол жеткізе алмаған студент­теріңіз қаладан келуге мәжбүр болып жүрген жоқ па екен? – Студенттерді жатақханамен толық­қанды қамту мүмкін емес. Дегенмен біз алдыңғы кезекте 1-2 курс студенттерін жатақ­ханамен қамтамасыз етуге тырыса­мыз. Сосын әрбір курстағы студенттері­міздің жағдайы әртүрлі. Тәжірибеге бара­тын, ғылыми ізденістерге көбірек уақытын арнайтын жоғары курс студенттерінің оқу кестесіне өзгеріс енгізіп, олардың барып-келуін ыңғайлы етіп жасадық. Өздеріңіз білесіздер, кептелістің дені таңертең және кешке болады. Бұл уақытта елді мекен­дер­ден қалаға баратындардың қарасы қалың. Ал студенттер таңертең қаладан қала сыртына шықса, кешкісін керісінше қалаға қатынайды. Кептеліс қарама-қарсы бағыт­та жүретіндіктен, студенттер үшін оқу кес­тесінің ыңғайлы болғаны жағдайды жеңіл­детіп берді. Сол үшін студенттеріміздің Алматы қаласына барып-келу жағдайы біршама шешілген. Бірақ жатақхана жетіспеушілігі жалпы Қазақстанға ортақ. Студенттердің жатақханаға орын іздеп сабылатын екі қаласы – Алматы мен Аста­на. Қазір осы қалалардағы универ­ситет­тердің өзі студенттерін жатақханамен толыққанды қамтамасыз ете алмай жатыр. Кампустардың теориясы сол, универ­ситет жатақханасының да біздің түсінігіміз­дегі қалыптасқан қарапайым жатақхана түріндегі емес, үш жұлдызды қонақүйлердің үлгісінде жасалған. Сондықтан студенттің тұр­мысы үшін қажетті дүниелердің барлы­ғын қамтамасыз етуге тырыстық. Студент тек қажетті киім-кешегімен келеді. Қалған тұрмысқа қажетті заттарының барлығын өзіміз жасап береміз. Тіпті, тазалық жұмыс­тарын да өздері істемейді. Біздің жатақ­ханаларда 24 сағат тазалық қызметі ойлас­тырылған. Таңғы және кешкі астың бағасы нарықтағы бағамен салыстырғанда қол­жетімді. Студенттердің арасында әртүрлі отбасынан келген студенттер бар. Оларға да грант-офис қызметі жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер үшін жасаған қызмет түрі. Онда «қолдау білдіремін», «демеушілік жасаймын» деген өзіміздің түлектер, кәсіпкер азаматтарымыз бар. Сол кісі­лердің қолдауының арқасында көмекке мұқтаж отбасылар өтініш қалдыру арқылы жатақхана, оқу ақысы бойынша арнайы төлемдерді, жеңілдіктерді ала алады. Кір жуатын техникасына дейін қарастырдық. Ал студент бұл уақытта өздерінің бос уақытын тиімді жұмсауы тиіс. Олардың спортпен шұғылданып, денсау­лығына қарауына, тіпті шаштараз қызметін де кампус ішіне алдырттық. Сондай-ақ кофехана, шағын маркет және медицина­лық емхана да жұмыс істейді. Яғни, студенттің басқа нәрсеге мұқтаж болмай, бар зейінін білімге арнағанын қалаймыз. Сол себепті артық уақытын тиімді нәрсеге жұмсауына жағдай жасап бердік. Өзіндік ерекшелігі де осы. Ата-аналар балаларын оқуға жіберген кезде олардың қауіпсіз ортада болғанын қалайды. Әрбір студент өзін қауіпсіз сезінуі керек. Дегенмен әрбір елді мекенді дамыту жағдайына қарасақ, алғашқы 5-10 жылдың көлемінде кампустарды көшірудің өзіндік қиындығы бар. «Көш жүре түзеледі» демекші, барлығы бірден шешіліп кетпейді. Студенттердің аймаққа көптеп келуі елді мекенге де өзгеріс алып келді. Қазір Қаскелең стратегиялық маңызға ие қала болғандықтан, әлеуметтік-экономикалық дамуы көш ілгері дамып келеді. – Жастар жаңа дүниені іздеп тұрады. Олардың бар уақытын білімге жеге алмаймыз ғой. Мүмкін олар уақытын көңілді өткізетін ойын-сауық орындарына, мәдени ошақтарға барғысы келетін шығар... – 2011 жылы кампусымыз жаңадан ашылғанда студенттердің бұл қажеттілігін орындауға қиналғанымыз рас. Одан бері он жылдан астам уақыт өтті. Сол жылдармен салыстырсақ, қазір оқу орнының көшірілуі елді мекенге айтарлықтай серпін берді. Бұрынғыға қарағанда мәдени ошақтар мен ойын-сауық орталықтарының да көптеп ашыла бастағанын байқауға болады. Мәдени ошақтар да салынып жатыр. Сұ­раныс туса, ол міндетті түрде іске асады. Рас, алғашқы жылдары профессорлық оқытушылық құрамды жұмысқа алдыртуда біраз қиындық болды. Студенттің бар­лығын жатақханамен толық қамтамасыз ете алмадық. Кампустың маңайындағы жер үйлерді жерсінген оқытушылар мен студенттер де болды. Бірақ қазір Қаскелең ауылының тұрғындарына студенттеріміз үлкен серпіліс жасап берді. Мәселен, студенттерге арналған арнайы тұрғын үйлер салынып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, осыған дейінгі университеттің де, елді мекеннің де мәселесі өзінен өзі шешіле бастады. Сондықтан бүгін мәселе деп санаған дүниелер 4-5 жылдан кейін «мәселе» деп айтуға да келмей қалады. – Ал студенттердің рухани дамуына қа­жетті кітапхана қоры жеткілікті ме? – Кітапхана қоры – студент үшін мол азық. Кампус ашылғалы бері бұл мәселе біз үшін үлкен маңызға ие. Алдағы стратегия­лық жоспарымыздағы ең үлкен мәселенің бірі деп айтар едім. Себебі кітапхана студенттің ізденуі үшін негізгі білім алатын орын. Бұл орайда кампусымызда қазір студенттердің білім алуы үшін кітапхана қызметі толыққанды қамтамасыз етілген. Үш қабатты кітапхана LCC жүйесі бойынша жұмыс істейді. Ғылыми кітапханамыз да бар. Одан кейін кітапхананы қолдану уақытының тиімділігіне дейін қарастыр­дық. Мысалы, студенттер сабақтан кейін кеш­кі уақыттарда сабаққа дайындалуы мүм­кін. Қазір 400 мыңға дейін кітапхана қоры­мыз бар. Сондай-ақ кітаптарды алу, тарату, оқырмандарға жеткізу қызметінде соңғы заманауи ақпараттық технологиялар қол­да­нысқа енгізілген. Ғылыми кітапханамыз да толығымен автоматтандырылған. Элек­трондық құрал-жабдықтар арқылы жүзеге асырылады. Бізге келіп түскен сұранысқа байланысты кітап қоры жаңартылып, толықтырылып жатыр. Сонымен қатар электронды кітап қоры да толықтырылып, шетелдің ең озық кітапхана қорларымен жұмыс істейтін онлайн жүйесі ойлас­тырыл­ған. Студенттерімізге қажетті ғы­лыми кітаптарды тауып беруге жұмыс істейтін арнайы ғылыми қызметкерлер де бар. Мысалы, ғылым жолына түскен студентімізге оқулықтар қажет болса, бұл кітаптарды онлайн кітапханалар арқылы сұраныс жасап алдыртамыз. Кітапхана қорымызда құнды жазбалар да, қолжетімсіз кітаптар да жеткілікті. – Дұрыс екен. Ал университетке оқы­тушыларды тарту мәселесі қалай шешімін тауып жатыр? – Бағана айтып өткенімдей, алғашқы жылдары оқытушылар құрамын жасақтауда қиындық болды. Алайда қазір бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді. «Болашақ» бағдарламасының түлектері көптеп келіп жатыр. Облыс көлемінде жұмыс істеу олардың өзі үшін де тиімді. Өйткені жұмыс өтеу уақыты қаламен салыстырғанда қысқарақ. Екіншіден, оқытушылардың жалақысы жоғары. Сол үшін оқытушылар бірнеше жұмыс істеп көңілі бөлінбейді, ал студенттер жағдайы жасалса, уақытын тиімді жұмсап, алаңсыз білім алуға барын салады. Кампустың ерекшелігі де сол. – Әңгімеңізге рақмет!