Respublica партиясы 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауына қатысады. Партия өкілдері құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына өткізді.
ОСК мүшелері Respublica партиясының өкілдері тапсырған әр құжатты жеке-жеке тексерді.
«Қажетті құжаттар Сайлау туралы заңның 87-бабында көрсетілген тізім бойынша ұсынылады. Ұсынылған құжаттар бойынша ескертулер жоқ», – деді ОСК құжаттарды қабылдау комиссиясының басшысы Әлия Ғалымова.
1nform.kz-тің жазуынша, Respublica партиясынан сайлауға 25 кандидат пен бірмандатты сайлау жүйесі бойынша 4 үміткер түседі.
«ОСК-ға қажетті құжаттарды тапсырдық. Партия атынан сайлауда 25 кандидат және 4 үміткер бірмандатты сайлау жүйесі бойынша бақ сынайды. Оның ішінде, ерлер – 17, әйелдер – 8. Кандидаттардың орта жасы – 38. Үміткерлердің ең кішісі 25-те, үлкені – 51 жаста», – деді Respublica партиясының сайлауалды штабының басшысы Олжас Құспеков.
Айта кетейік, Respublica партиясы биыл 18 қаңтарда ресми түрде тіркелді.